«Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын әртүрлі аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізіп келеді.
«AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жалғастырып жатыр
997
оқылды

Бар болғаны үш апта ішінде «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері елдің әртүрлі аймағынан 3500 тоннадан астам қоқыс жинады. Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Таза бейсенбі» акциясына 30 мыңнан астам адам қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты республикалық «Таза Қазақстан» акциясын жариялады. Президент атап өткендей, Қазақстан әрқашан таза әрі көз сүйсіндіретін ел болуы керек және бұл өмір салтына айналуға тиіс. Осылайша, 6 маусымнан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын әртүрлі аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мысалы, бүгін Астанада партия мүшелері қала сыртындағы қоқыстан тазарту үшін Қостанай тасжолының маңындағы аумақты белгіледі. Ұқсас іс-шаралар басқа аймақтарда да өткізіледі.

«Біз бүкіл ел бойынша шамамен 400 учаскедегі осындай заңсыз қоқыс орындарын талдадық. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Жақында «Жастар рухы» Жастар қанатының road-эстафетасы аяқталды, шамамен 2 мың белсенді бір аптадан аз уақыт ішінде «Астана – Алматы» тасжолын тазартып, 100 тоннаға жуық қоқысты қайта өңдеуге жіберді. Біз экологиялық сананы және мәдениетті қазірден бастап қалыптастыруымыз керек. Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана акция емес, бұл – өмір салты», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.

Еске сала кетейік, су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін «AMANAT» партиясының 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді тазалап жатыр. Сондай-ақ сенбілікке шығып, ағаш егеді және өзге де іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, 27 сәуірде, яғни небәрі бір күнде ел аумағында партиялықтар 55 мың түп ағаш екті.

Сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш егілді. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.

2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын тұрғызу жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.