Қазба жұмыстары кезінде қыш құмыра мен өзге де әшекейлер табылған.
Қарағанды облысында сақ дәуіріне тиесілі қанжар табылды
763
оқылды

Қарағанды облысындағы Талды археологиялық кешенінен сақ дәуіріне тиесілі қанжар табылды. Мұндағы көне орындарды зерттеу кезінде әшекей бұйымдар мен қыш ыдыстар да көптеп шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Қарағанды облысының Шет ауданындағы қазба жұмыстарына қазір студент жастар да жұмылып жатыр. 

– Қола дәуіріне жататын Талды мен Ақкезең қорымында қазір қазба жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бағзы заман адамдарының тұрақтарын қазу кезінде олардың бірінен сақ дәуіріне жататын темір қанжарды тауып алған. «Шірімей, пішіні де сол күйі сақталған қарудың иесі де осы жерде жерленуі бек мүмкін», – дейді ғалымдар. 

Археологиялық жұмыстарға 120 студент атсалысып жатыр. 

– Сақ дәуіріндегі «акинак» дейді. Темір сол күйі сақталған. Адам жерленген жеріне түскен жоқ әлі. Қазба жұмыстары жасалып жатыр. Табылған бұл қанжар өлкетану музейіне табысталатын болады. Осы арқылы туристерге, қала тұрғындарына ұсынылатын болады. Қазба жұмыстары кезінде қыш құмыра мен өзге де әшекейлер табылған. Ал мына Қыпшақ дәуіріне жататын қорымнан төрт түлік сүйектері көп шыққан, – дейді Ескерткіштерді қорғау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов. 

Жалпы Талды кешенінен 2016 жылы табылған сатылы «Сарыарқа пирамидасы» талай археологиялық жаңалықтың ашылуына себеп болып отыр. Кейін зерттеу нәтижесінде экспедиция мүшелері бұл аумақтан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қала орнын, қос ат пен қыш ыдыстар қоса жерленген көне қорымды анықтаған еді. Тарихи қорымдар бүгінде қалыпқа келтіріліп, туристердің көп келетін орнына айналған.

– Қыпшақ дәуіріне жататын таспен қоршалған аумақты қазудамыз. Қорымдардың салыну ерекшелігі қыпшақ кезеңінің дәстүр-танымдарына сай келеді. Негізгі шаруашылығы мал өсіру болған. Ұсақ мал, жылқы сүйектерінің көптеп табылуы да содан, – дейді «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.