Бұл туралы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова мәлімдеді.
Парламент Конституциялық соттың жолдауын назарға алды
770
оқылды

Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында депутаттар Конституциялық соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың 2023 жылғы жай-күйі туралы жолдауын назарға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова мәлімдеді. 

2023 жыл Қазақстан Республикасының Конституциялық соты жұмыс істеген алғашқы жыл болды. Сот төрағасы соңғы жылдары жүргізілген реформалар қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру, құқық қорғау тетіктерін кеңейту және әділдік қағидатын қамтамасыз ету екенін айтты. Осы уақыт ішінде мемлекеттің құқық қорғау тетіктері, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі едәуір нығайған. 

Конституциялық заңдылықты бекіту қабылданған барлық міндеттемені орындау, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін сақтау, сот арқылы қорғалу құқығын іске асыру мүмкіндігін беру, мемлекеттің жеке адам алдындағы конституциялық-құқықтық жауапкершілігі міндеттерін көздейді.

Былтыр конституциялық бақылау органына азаматтардан бес мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның басым бөлігі нақты істер бойынша, жалпы юрисдикция сот шешімдерінің күшін жою немесе оларды қайта қарау, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлерінің өзге де әрекеттерінің заңдылығын тексеру туралы болды. 

2023 жылы конституциялық іс жүргізу аясында қозғалған істер әртүрлі құқық саласы мәселелеріне қатысты болды. Оларды қарау нәтижелері бойынша заңнаманың және оны қолдану тәжірибесінің елеулі кемшіліктері анықталып, олар бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.