Судья «аталған іс мотивіне ерлі-зайыптының арасындағы жанжал себеп болған» дейді.
Екі баласын тұншықтырып өлтірген анаға сот үкімі оқылды
1,017
оқылды

Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген анаға сот үкімі шықты. Бұған дейін адвокат бастауыш сынып мұғалімі боп жұмыс істейтін әйелдің психикалық ауытқуы барын айтып, сараптама жүргізуді сұраған, – деп хабарлайды  Aikyn.kz сайты  Almaty.tv сайтындағы  материалға сілтеме жасап.

Соттың соңғы отырысына сотталушының жәбірленуші деп танылған күйеуі келген жоқ. Жарыссөз бен үкімге онлайн қатысқан ол әйеліне еш кінә артпайтынын айтып, жазаны алқабилерге қалдырған. Ал Қызылорда облысынан Түркістан қаласына келіп жалдамалы пәтерде екі перзентін тұншықтырып өлтірген Бота Хамитқызы тілшілерге түр-әлпетін көрсетуге рұқсат берген жоқ.

– Хамитқызы Бота Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған педагог ретінде кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу сияқты лауазымды атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Хамитқызы Бота жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу мен қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын, – деді Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Дәурен Мадалиев.

Жаза мерзімін тағайындау барысында прокурор сотталушының бұрын-соңды сотты болмағанын да ескерген.

– Қылмыстық істі тергеу кезінде сотталушыға қатысты сот-психологиялық сараптама тағайындалды. Сараптаманың қорытындысы бойынша ол аффект жағдайында болмаған, өз іс-әрекетіне жауап бере алады. Сондықтан да қайта сараптама тағайындауға негіз болған жоқ, – деді Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Айгүл Бекмырзаева.

Сот барысында Хамитқызы кінәсін мойындаған. Бірақ кейін есімде ештеңе қалмады деп жауабын өзгертті. Бұл әрекетін сотталушы «көзіме елес көрініп, құлағыма әлдебіреулер сыбырлады» деп түсіндірген. Алайда бір айға созылған психикалық сот сараптамасы әйелдің ақыл-есі дұрыс екенін алға тартады. Бірақ қорғаушыдағы мәлімет басқа.

– Тұқым қуалаушылығы да болуы мүмкін. Ата-анасына оңай емес. Анасы осы мәліметті енді айтып жатыр, – деді сотталушының қорғаушысы Айнагүл Рүстемова.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға 7 ақпанда Түркістан қаласында болған. Шиелі ауданының тұрғыны жалдамалы пәтерде 2 жасар ұлы мен 4 жастағы қызын тұншықтырып өлтірген. Бұл мезетте сотталушының басқа қалада жұмыс істейтін күйеуі 15 күн демалысында үйіне келмей, әйелі ренжіпті. Судья «аталған іс мотивіне ерлі-зайыптының арасындағы жанжал себеп болған» дейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.