Алматы облысында ауыл шаруа­шылығына арналған жерлердің тиім­ді пайдаланылуына қатысты тек­серістер әлі жүргізілуде.
Мыңдаған гектар жер мемлекетке қайтарылуда
802
оқылды

Былтыр  игерілмей, тусырап жатқан мыңдаған гектар жер телімі мемлекетке қай­тарылып,  конкурстар бойынша қолы­нан іс келетін, нағыз жерге мұқтаж жан­дарға берілген және мемлекеттің  қа­жет­тілігіне қарай қайта реттелген болатын. Дегенмен кезінде қолынан келіп, қоны­шы­нан басқандар жерді нысаналы мақсатына қарамай, тамыр-таныстарына емін-еркін таратып қана қоймай, өздері мен туған-туыстарының меншігіне қарата берген сыңайлы. Ондай жерлер арасында ауыл шаруашылығына арналғандарды айтпа­ғанда, мемлекетпен қорғалатын қорықты жерлер де бар болып шыққан. Әсіресе, Алматы қаласы маңындағы аудандардың аумағына қарасты Алатаудың қойын-қолаттары мен шатқалдарында, сай-сала­ларында меншікке өтіп кеткен немесе жал­ға беріліп кеткен жерлер жетіп-арты­лады екен. 

Биылдың алғашқы тоқсанында  ғана облыстағы аудандық әкімдіктер нысаналы мақсаты бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлерге кезекті рет аса ауқымды тексеріс жүргізіп, соның нәтижісенде 68 мың гектардан астам кәдеге аспай жатқан немесе басқа бағытта пайдаланылып отыр­ған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін анықтапты. Нақтырақ айтқанда, үш айда жалпы аумағы 68 167,54 гектар болатын 191 жер телімі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай отырғаны  бел­гілі болған. 

Өкінішке қарай, нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері көлемі бойынша кейінгі кездері  ақ күрішінің алқабы жылдар жылжыған сайын қысқарып бара жатқан, Балқаш ауданы басқалардың алдында екен. Бақанастың байтағында 15 807,5 гектар жер пайдаға аспай, қаңырап қалған. Шыбық шаншысаң тал болып өсетін, топырағы аса құнарлы, ылғалы да мол Еңбекшіқазақ ауданында 7 590,54 гектар, Талғар ауданында 15 452,0 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды арамшөп басқан. Сондай-ақ нысаналы мақсатынан басқа істерге пайда­ланылып отырған жер телімдері де жет­кілік­ті көрінеді. 

Қазір нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған ауыл шаруашылығына арналған жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты нақты шаралар қолға алы­нуда. Атап айтқанда, аудандық әкім­діктер жалпы аумағы 33 685,53 гектар жер телімдері бойынша 98 жер пайдаланушыға жалдау жөніндегі  келісімшарттардың талаптарын орындау қажеттігі туралы мәлімдеме тапсырыпты. Жалпы, алаңы 15 025,37 гектар болатын 25 жер телімі бойынша жалдау жөніндегі келісім­шарт­тарды бұзу туралы сотқа талапарыздар түсірілген. Сонымен бірге 9 481, 61 гектар жердің иелері нысаналы мақсатына сай  игере алмаған жер телімдерін мемлекетке өз еріктерімен қайтарыпты.  

Бірқатар аудандық әкімдікте ауыл ша­р­уашылығы мақсатына арналған жер­лерді пайдалану мәселелерін қарас­тырған жер комиссиясының отырыстары өткізіл­ген. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында осын­дай 216 материал қаралып, олардың 101-і кері қайтарылған. 

«Алматы облысындағы ауыл шаруа­шылы­ғына арналған жерлердің пайда­ланылмауына қатысты проблема аса өзекті. Біз осындай жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын жолға қою үшін үлкен жұ­мыстар жүргізудеміз. Барлығы заң талабына сай, рет-ретімен жүзеге асырылуда», – дейді облыстық әкімдіктегі жауапты тұл­ғалар. 

                                                                                                                    

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы