Қазақстан посткеңестік кеңістікте «№1 елге» айналды. Бірақ бұл мақтаныш тудыратын жайт емес: республика такси тасымалы тарифінің қымбаттығы жөнінен ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты.
Жүйткіді такси, самғады тариф
коллаж: Елдар ҚАБА
997
оқылды

Әлемдік рейтингте такси қызметінің құны бойынша Қазақстан 73-орынға көтерілді. Оның алдында негізінен дамыған, ауқаттан ықылық атқан бай мемлекеттер тұр. Депутаттар парадоксты жағдайға назар аудартады: ресейлік «Яндекс.Такси» әуежайдан елорда орталығына тасымалдау үшін Ресейдің екі қаласы арасындағы сапарға жетеғабыл көлемде ақы сұратады.

Таксидің құны – аспанда

Такси қызметі елордада да күрт қымбаттады. Әлеу­мет­тік желіні астаналықтар мен қа­ла қонақтарының ашулы пікір­лері кернеп тұр. Яндекс Go такси бағасының көтерілгеніне Астана кө­шелерінің бірінен соң бірі жөн­­деуге жабылып, кепте­ліс­тер­дің көбейгенін айыптады. Так­си­ші­лер көздеген жерге тез жету үшін айналма жолдарды пайда­лан­уға мәжбүр. 

Астана әкімдігінің мәлі­ме­тін­ше, жол салу маусымының қысқа болуына байланысты бас қала­ның бір мезгілде бірнеше көше­сін­­де белсенді жол құрылысы жұ­­мыстары жүргізіліп жатыр. Биыл әкімдік жол инф­ра­құры­лы­мын жаппай жаң­ғыр­тып шығуға екпін түсірген екен. Әйт­кенмен, елордада жолдар құ­рылысы аяқ­талған соң такси та­­­рифтерінің ке­рі оралып, арзан­дайтынына еш кепіл жоқ. 

Тарифтердің қымбаттағанына қарамастан, қазақстандықтарға такси қызметін көп пайдалануға тура келеді. Өйткені азаматтар­дың бәрінде бірдей жеке көлік жоқ, автопарктердің біразының дәр­менсіз жағдайға жетуіне бай­ла­нысты қалаларда автобустар көп кешігіп келеді. 

Ұлттық статистика бюросы­ның дерегінше, 2024 жылғы қаң­тар-сәуірде Қазақстан бойынша так­сишілер 21,2 миллион жолау­шыны тасыпты. Сөйтіп, бір жыл бұрынғыдан 8,6%-ға өсті. 

Ең көп өсім Батыс Қазақстан об­лысында байқалды: былтырғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда бірден 3,5 есе артып, 3,8 миллион адам­ға жетті. Екінші орынға 3 мил­лион жолаушы көрсеткішімен Алматы қаласы шықса, үштікті Астана (2,7 млн) тұйықтады. Ары қарай Қарағанды (1,4 млн) және Қостанай (1,3 млн жолаушы) ор­на­ласқан.

Такси қызметіне сонша зәру емес облыстардың көшін жаңа Же­тісу облысы бастады: 696,8 адам тұратын бұл өңірде биылғы төрт айда таксимен 353,7 мың са­пар ғана жасалған. 707,6 мың ха­лық өмір сүретін Атырау облы­сын­да және 1,5 миллионнан ас­там адам мекен ететін Алматы об­­­­­лысында «таксилету» өзін ақ­та­майтын кәсіпке айналып бара жат­қандай: қаңтар-сәуірде бұл об­лыстардың тұрғындары тиісін­ше 407 мың және 422,2 мың рет қана такси қызметіне жүгініп­ті. 

Қалай болғанда, жолаушылар та­сымалымен айналысатын ком­паниялардың кірісі биылғы қаң­тар-сәуірде 2,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Былтырғы ұқсас ке­зең­де 1,8 млрд теңге болған. Өсім  – 53,8%. Бұған олар та­сы­­мал та­ри­­фін көтеріп те қол жет­­кізсе ке­рек.

Ұлттық статистика бюро­сы­­ның мәліметінше, 2024 жылғы мамырда такси қызметі тағы 11,7%-ға қымбаттаған. Сек­тор­дағы ең ірі қымбатшылықты ал­­матылықтар (31,3%), сондай-ақ ақтөбеліктер (22,1%) және ба­­тыс­қазақстандықтар (21,3%) се­зінді.

Numbeo порталының биылғы 11 маусымда жариялаған дере­гін­ше, Қазақстан такси құнының ар­зандығы рейтингі бойынша ті­зім соңына – 95-ші орынға түс­ті. Қазақстанда 1 шақырым жол үшін орта есеппен 0,67 доллар сұ­ра­лады. Бұл – ТМД елдері ара­сындағы ең жоғарғы баға. 

Сарапшылар мұның кесірі ту­ризм саласына да тиіп тұрға­ны­на назар аудартады: елді қымбат­шы­лық жайлағанын білетін шет­елдіктер көшпелілер әлемімен та­нысу үшін Қазақ елінен гөрі, Өз­бекстан, Қырғызстан мен Моң­­­­ғолияны таңдайды. 

Салыстырсақ, 1 шақырым са­пар үшін такси тарифі Арме­ния­д­а – 0,28 доллар, Өзбекстанда – 0,29 доллар, Украинада – 0,3 дол­лар, Беларусьте – 0,31 доллар, Ре­сейде – 0,34 доллар.

Таксишілер қанша табады?

Жуырда «AMANAT», «Қа­зақ­­стан халық пар­тия­сы», «Ақ жол» фракцияларының бір топ депутаты бассыз кетіп, көліксіз халықтың қалтасын қаға бастаған такси қызметін, әсіресе ресейлік «Яндекс.Таксиді» тәр­тіп­ке шақыруды талап еткен бо­ла­тын. 

– Күрделі жағдай қалыптасты: ре­сейлік агрегатор такси қызметі на­рығында түпкілікті үстемдік ете бастады. Ол тіпті біраз қала мен елді мекенде монополистке ай­налып кетті. «Яндекс.Так­си­дің» қарқынды өскен үлесі қазақ­стан­дық осы нарыққа бақылау жүр­гізуге және бағалардың өсі­мі­не, бүкіл нарықтағы жағдайға ық­пал етуге жетеді. Былтыр осы сұм­дыққа алаңдаған антимо­но­по­лиялық орган ресейлік ком­па­ния­ның қызметін реттеуге талап­та­нып көрді. Алайда «Яндекс. Так­сидің» әр сапардан алатын ко­миссиясы сол бұрынғыдай жо­ғары болып қалды және ол жол­са­пардың ақырғы құнына қатты әсер етеді, – деді Мәжіліс депу­таты Ислам Сұңқар. 

Оның мәліметінше, тарифіне жә­не өңіріне қарай ресейлік сер­вис әрбір жолсапар құнының 11-ден 17%-ына дейін жететін ко­­­­­миссия алады. Мұның сыртын­да таксопарктер де таксишілерден 4% ақы жинайды. 

Ислам Еркінұлы шенеунік­тер­дің жоғарыға және жұртшы­лық­қа жалған, көркем есеп бе­ре­т­ініне назар аудартты: мысалы, ақ­парат құралдары ресми дерек­тер­ге сілтеп, 2023 жыл қорытын­ды­­сында қазақстандық так­сис­тер­дің «Яндекс.Такси» арқылы та­батын айлық кірісі 493 мыңға жеткенін жарыса жазды. 

– Кіріс дегеніміз – таза табыс емес. Бұл сомадан түрлі, қаптаған комиссия ұсталады. Жүргізуші жанар-жағармайға, көлігін жууға, жөндеуге, запастық бөлшектерін ауыстыруға көп шығындалады. Олардың бағасы да өсіп барады. Бұл шығыстарды әрбір 1 мың тең­ге тапсырыстан алып тастаса, жүр­гізушіге шамамен 400 теңге қалады. ТМД кеңістігінде аққұла қа­зақстандықтардың таксиге тым жоғары ақы төлегенін әділетсіздік деп санаймыз. Алайда жүргізу­ші­лердің де бұл сомадан алатын таза та­бысы шамалы болып тұр, – дей­­­­ді Мәжіліс депутаты. 

Сондықтан парламенттік фракциялар Үкіметке «Ян­декс.Такси» және басқа ком­па­ниялардың тарифтерін және ко­­миссияларын төмендетуді ұсын­ды. Мысалы, сервистердің өз электрондық қызметі үшін әр­бір тапсырыстан алатын комис­сия­сын 5-7%-бен шектеу, болма­са, 50-70 теңге бекітілген ақы ор­­­­нату қажет. Десек те, бұл ұсы­ныс­тар қабылданбапты.

Отандық сервис неге дамымады?

Премьер-Министрдің орын­ба­сары–Ұлттық экономика ми­нистрі Нұрлан Байбазаров Бә­се­ке­лестікті қорғау және дамыту агент­тігі 2023 жылғы желтоқсанда «Ян­декс. ТаксиКорп» ЖШС-ға қа­тысты антимонополиялық тер­геу­ді аяқтағанын жеткізді. Оның қорытындысында таксопарк­тер­дің экономикалық қызметін үй­лестір­мегені, таксилердің бақы­лау-кассалық аппараттармен жаб­дықталмағаны және оларға тех­никалық қолдау қызметтері көр­сетілмегені үшін Яндекс әкім­­шілік жауапкершілікке тар­ты­лып, оған айыппұл салынған. 

Сонымен қатар агенттік «Ян­декс.Таксимен» монополияға қар­сы комплаенс туралы келісті. Оның аясында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр. 

– Біріншіден, жүргізушілердің табысын арттыру үшін 2023 жыл­ғы 14 желтоқсаннан бастап, тап­сы­рыс ақысы сапардың базалық құ­нынан екі есе асып кеткенде алатын Яндекстің комиссиялары жойылды. Мұның экономикалық әсері жылына 2 млрд теңгені құ­рай­ды. Бұл ретте осы бастама сал­дарынан компанияның ала ал­маған комиссиясы 2024 жыл­дың бірінші тоқсанында 47 млн тең­гені құрады. Жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдар­лама енгізілді. Сала айналымына және инфляцияға қарай 2024 жылы оның сомасы 7-10 млрд тең­­ге болады. Мұнда жүргізуші­лер­ге берілген бонустардың жал­пы көлемі 2024 жылдың бірінші тоқ­санында 6,2 млрд теңгеге жет­ті, – деді Экономика ми­нистрі. 

Бұдан бөлек, «Яндекс» аста­на­лық және алматылық жүргізу­ші­лер үшін қосымша бонустық бағ­дарлама енгізді: оларға 2023 жыл­дың желтоқсанында – 400 млн, 2024 жылғы қаңтарда 700 млн теңге төленді. 

Бұған қоса, «Яндекс.Такси» такси қызметтеріне ең жо­ғары сұраныс туындаған жағ­дай­да, мысалы, қолайсыз ауа райын­да немесе мереке күндері та­рифті үш еселенген коэф­фи­циент­пен көтеруге шектеу ен­гіз­бек. Яғни, тыйым салынбайды, тек шектеу: бір тоқсанда мұндай қым­баттатылған сапарлардың жал­пы үлесі 5%-дан аспайтын бо­ла­ды. Биылғы жылдың бірінші тоқ­санында үш еселенген коэф­фи­циентпен өсірілген тапсырыс­тар­дың жалпы саны 238 мыңды құрады.

Бірақ бұлардың бәрі – уақыт­ша шаралар, тиісінше, ресейлік аг­регатор кез келген күні олардан бас тарта салуы мүмкін. Демек, са­ла­да қордаланған мәселелер то­лыққанды шешімін тапқан жоқ.

Мысалы, «Яндекс.Такси», Инд­райвер сияқты агрегаторлар ар­қылы таксилетіп табыс тап­қы­сы келетін барлық жүргізушіні бел­гісіз бір таксопарктерге мәж­бүр­лі тіркейді. Ол делдалдар жүр­гізушілерге еш қызмет көрсетпесе де, тапқан табысының 4%-ын жолай ұстап қалады. 

Вице-премьер Нұрлан Бай­ба­заров бұл өнімсіз делдалдарды жою мәселесі пысықталып жат­қа­нын жеткізді. Жолаушылар мен жүргізушілердің мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін Үкімет Мәжіліске заң жобасымен кіреді. Ол заңнамалық түзетулерге Бәсекелестікті қорғау және да­мы­ту агенттігі бастамашылық жа­са­ды. Бұл құжатқа сәйкес, жүр­гізушілерге такси парктеріне тір­келусіз, Яндекспен тікелей жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді.

Сарапшылар ресейлік ком­панияларға балама болар отан­дық такси агрегаторларын дамы­ту­ды ұсынып келеді. Ұлттық эко­­­номика министрінің айтуын­ша, мұны Astana Hub Халықара­лық IT-стартаптар технопаркі жү­зеге асыруы тиіс еді. Бұл те­х­но­парктің қатысушылары үшін отан­дық IT-өнімдерді ілгерілету және танымал ету мақсатында пре­ференциялар, салық жеңіл­дік­тері ұсынылды, мемлекет олар­ды тиісті инфрақұрылыммен, кеңселермен, өндіріс орындары­мен қамтыды, тіпті шетелден ма­­­­мандар алғызуы үшін визалық қолдау көрсетіп, алтын виза та­рата бастады. Бірақ ресейліктерге пәрменді бәсеке құрай алатын өнім пайда болған жоқ.

Сондықтан уәкілетті мемле­кет­тік органдардың өкілдері бұл істі өз қолына алды: тасымал қыз­­меттерін көрсету саласында отан­дық IT-өнімдерді қолдау үшін Relog көлік-тасымал ком­па­ния­сының, «Такси5+», Aparu, «Тө­лем Такси» жолаушылар та­сы­малы сервисінің, Choco Holding, Metanoia такси шақыру сервистерінің өкілдерімен кездесіп, келіссөздер өткізіп жатқан көрінеді. Одан не нәтиже шығатыны белгісіз. Қа­зақстандық такси нарығы болса, күн сайын «Яндекстің» жұтқын­ша­ғына жұтылып барады.

Айхан ШӘРІП