Киевте журналист Садықовқа қастандық жасалған күдікті Жақанбаев Қазақстанда қолға түсті

Бас прокуратура Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 18 маусымда Киев қаласында Садықовты өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлайды.

Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте оқтан жараланған журналист Айдос Садықовтың ісіне қатысты күдіктінің бірі ұсталғаны жөнінде ақпарат таратты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Украинаның құқық қорғау органдары жеделдігі мен кәсібилігін көрсете отырып, қысқа мерзімде осы қылмысты жасаған тұлғаларды анықтады. Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жаканбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатыстылығы туралы қылмыстық істің материалдарын беру туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. Биыл 21 маусымда А.М.Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды, – делінген хабарламада.

Екінші күдікті Қаратаев іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін Украина бас прокуратурасы қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандықтың мән-жайын жариялаған еді. Ондағы мәліметке сүйенсек, шабуыл жасады деген күдіктілер 2 маусымда Польшадан келген. Күдікке ілінген екеу  Қазақстанның Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деген азаматтары. 

Күдіктілер журналист Айдос Садықовты өлтіруді мұқият жоспарлағаны нақтыланды. Олар Украинаға 2 маусымда Польшадан келіп, көлікті жалға алып, журналисті бақылаған. Қастандық жасалған күні олардың бірі журналистің көлігіне барып, оқ жаудырған. Екіншісі аңдып тұрған. Содан кейін екеуі де қылмыс орнынан із жасырып кеткен. Сол күні олар Молдоваға өтіп кеткен. Сот оларды сырттай қамауға алған.