Қазақстанда сот аудармашыларының жалақысы өседі. Сот әкімшілігі әзірлеген қаулы жобасы келісіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Бұған дейін бір топ мәжілісмен сот процесіне қатысатын аудармашылардың өтемақысына қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Ал егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын құрайды, яғни, 180 теңге.
Осыған байланысты депутаттар нарықтық заманның деңгейіне сәйкес аудармашылардың өтемақысын қайта қарауды ұсынған болатын.
Үкімет депутаттардың ұсынысын ескеріп, сот аудармашыларының сыйақы мөлшері көтерілетінін мәлімдеді.
Тамара Дүйсенова депутаттық сауалға берген жауабында аудармашылардың айлығы аз екенін мойындады.
«Азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға жазбаша (1 парақ үшін) және ауызша (1 сағат жұмыс үшін) аударымдары үшін сыйақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің оннан бір бөлігі есебінен жүргізіледі. Сот аудармашылары жұмысының ерекшелігіне қарамастан, сот талқылауы аясындағы аудармалардың құны аударма қызметтерінің нарықтық құнынан едәуір төмен. Осыған байланысты бүгінгі күні Қазақстанның Сот әкімшілігі қалыптасқан жағдайды реттеу үшін сот процесіне қатысатын аудармашыларға сыйақы мөлшерін ұлғайтуды көздейтін қаулы жобасын дайындады, ол қазіргі уақытта заңнамада белгіленген тәртіппен келісуден өтіп жатыр», – делінген жауапта.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.