Депутаттарға өңірлерге шығу барысында азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың ақпаратын тыңдау ұсынылады.
Бюро мүшелері сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясында Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата қызметінің қорытындысын талқылады. Бұл туралы Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым баяндама жасады.
Сонымен қатар бюро отырысында Мәжіліс депутаттарының биылғы 1 шілдеден басталатын сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге шығуы туралы мәселе қаралды.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар халықпен кездесу барысында өңірлердегі жұмыстардың маңыздылығына назар аударып, парламенттік сессияда қабылданған жаңа заңдар туралы ақпарат берудің қажеттілігіне тоқталды. Осыған байланысты Мәжіліс Спикері депутаттарға үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, сайлаушылармен ашық форматта кездесулер өткізіп, бұл туралы халықты әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ арқылы белсенді түрде хабардар етуді тапсырды.
Өңірлерде депутаттар шалғай елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, еңбек ұжымдарында, өндірістік алаңдарда болып, әлеуметтік нысандарға барады, сондай-ақ азаматтарды қабылдайды.