Париж Олимпиадасына толық құрамда баратын бокстан Қазақстан ерлер құрамасында жолдамаға ең қиын жолмен қол жеткізген бір спортшы бар. Ол – Мұхаммедсабыр Базарбайұлы. Алдымен ол Италиядағы іріктеу сынында сүрінді. Кейін ел ішінде өткен спаррингтік турнирде бақ сынады. Олимпиадаға жолдама беретін ең соңғы жарыста ол 63,5 келідегі ең соңғы лицензияны иеленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Боксшыны Парижде де оңай жол күтіп тұрған жоқ. Осы орайда Olympic.kz оның қарсыластары туралы ақпарат ұсынды.
Базарбайұлы 63,5 келіде сынға түседі. Ол Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу турнирінде күтпеген жерден екінші айналымда сүрінді. Осылайша, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Сол сында Қазақстан командасы бір салмақтан басқасының бәрінде жолдама мәселесін шешіп алды. Кейін бапкерлер кеңесі соңғы әлемдік жарысқа қатысатын боксшыны анықтау үшін тағы бір турнир өткізді.
Қазақстанда өткен іріктеу сынында Базарбайұлы қарсылас шыдатпай, өз мүмкіндігін сынап көретін тағы бір мүмкіндік алды. Таиландта өткен ең соңғы іріктеу сынында Мұхаммедсабыр көптен күткен жолдаманы қоржынға салып, Парижге толық құраммен бару мүмкіндігін сыйлады.
Бір қызығы, Таиландта да бәрі сәтті бола қойған жоқ. Турнирдің ширек финалында ол кубалық боксшыға жол берді. Десе де, 63,5 келіде бес жолдама сарапқа салынғандықтан, қазақстандық боксшы ең соңғы жекпе-жекте жолдаманы жұлып алды.
Франция астанасында оған тұғыр биігіне көтерілу әсте қиын болатыны анық. Қарсыластардың барлығы да қарымды боксшылар.
Әрине, бұл салмақтағы сөзсіз көшбасшылардың бірі – Софьян Умиа. Францияның Олимпиададағы басты үміттерінің бірі. Өз еліндегі Олимпиада Софьянның мансабындағы соңғы ойындар болуы мүмкін. Ол әлемнің үш дүркін чемпионы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.
Грузия құрамасының сапында сынға түсетін Лаша Гурули де қауіпті қарсыластар қатарында. Оның еншісінде әлем чемпионатының екі қоласы бар. Екі ретте де ол 67 келі салмақта көзге түскен. Биыл сол салмақта Еуропа чемпионатының күмісін иеленіп, Олимпиада жақындаған тұста салмақ ауыстырды. Бұл кезең оған айтарлықтай әсер еткен жоқ. Ол екі салмақта да өзін жақсы сезінеді.
2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Баходур Усмонов (Тәжікстан) саптан шыққан жоқ. Өз мансабында ол Азия чемпионатының бір алтын, екі қоласын иеленді. Усмонов бірінші әлемдік іріктеу сынында жолдама алып қойған. Ол алдағы Олимпиадада күтпеген тосынсый жасайтын боксшылардың бірі.
Австралиялық Гарри Гарсайдты да ұмытуға болмайды. Ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Оның жаттығу әдісі де өзгеше. Аяғындағы күшті арттырып, психологиялық көрсеткіштерін жақсарту үшін Гарсайд бокспен бірге балетке де барады. Кез келген спортшыны жарыс жолынан шығара алатын қарымды боксшы.
Олимпиадада Болгария намысын Радослав Росенов қорғайды. Ол бірінші іріктеу сынында Базарбайұлын жолдамасыз қалдырғанымен танылды. Еуропа чемпионы. Олимпиада жұлдызы жарқырауы мүмкін спортшылардың бірі.
Парижге қазіргі әлем және Азия чемпионы ретінде аттанатын Руслан Абдуллаев басты фавориттердің бірі. 2022 жылғы Аммандағы Азия чемпионатында ол қазақстандық Санатәлі Төлтаевтан алтынды тартып алған болатын. 21 жастағы боксшыдан үміт күтіп отырғандар көп.
Кубалық Эрисланди Альварес те қазақстандық боксшыға қиындық тудыратын спортшылардың бірі. Ол Таиландтағы турнирдің ширек финалында Базарбайұлын тоқтатты. Соңғы рет биылғы наурызды жоғарыда аталған Усмоновтан ұтылған.
Бұлардан бөлек, ӘЧ күміс жүлдегері Обада Мохаммад Мустафа әл-Касбех (Иордания), соңғы Азиаданың күміс жүлдегері Лай Чжуэнь (Қытайлық Тайпей), әзербайжандық Малик Хасанов.
Бірінші іріктеу сынында Базарбайұлына тәжірибе жетпеді. Таиландтағы турнирге ол жақсы дайындықпен келгені байқалды. Енді ол Олимпиада жүлдесі үшін барын салмақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.