Түркі әлемі: ортақ кеден дәлізі

Түркітілдес елдер бір-біріне біртабан жақындай түсті. Қазір бауырлас мемлекеттер ара­сында ортақ кеден дәлізі құры­лып жатыр.

Осылайша, анағұр­л­­ым ауқымды одақтастық қаты­нас­тардың іргетасы қаланады. Түркия Қаржы министрлігінің бағалауынша, 2024 жылы түркі мемлекеттерінің экономи­каларының жалпы көлемі 1,9 триллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш жөнінен Түркі әлемі дүниежүзінде сегізінші орынға шығып отыр. 

Алпауыттармен түркінің терезесі теңесті

Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша экономикасының көлемі жөнінен жаһандық жетілікке АҚШ (20,94 трлн доллар), Қытай (14,72 трлн), Жапония (5,064 трлн), Германия (3,806 трлн), Ұлыбритания (2,708 трлн), Үндістан (2,623 трлн) және Франция (2,63 трлн доллар) кіреді. Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше республикалар экономикаларының жиынтықты ауқымы осыдан кейінгі, сегізінші тұғырды иеленуге жетеді. Осының өзі біріксе, түркітілдес елдердің қандай күш екенін паш етеді. 

Соның өзінде бұл көрсеткіште тек Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстанның ғана экономикасы есепке алынды. Өйткені түркі әлеміне жалпы саны 30 шақты ел кіреді екен. Бірақ олардың кейбірі, мысалы, Түрікменстан мен Венгрия – түркітілдес мемлекеттердің бірқатар ұйымына тек бақылаушы ретінде қатысады, қалған елдер – Сақа-Якутия, Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Хакасия, Гагаузия және басқасы өзге мемлекеттердің құрамындағы республика, автономия мәртебесіне ғана ие. Иранда 23 миллионға дейін, Ресейде – 15 миллионға жуық, Қытайда – 13,5 млн, Германияда – 5 млн, Ирак пен Сирияда – 3 миллиондай, Тәжікстанда  –  2 млн, сондай-ақ Молдова, Моңғолия, Грузия, Еуропа елдерінде және басқасында түркітілдес ұлыстар шоғырланған. 

Биылғы жылы тек Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) кіретін елдер арасындағы тауарайналым елу миллиард долларға жуықтайды деген болжам бар. 2023 жылы ол 42 миллиард доллар белесін бағындырды. 2022 жылы 33 миллиард қана болған. Осыдан-ақ Түркі әлеміндегі алыс-берістің серпінді түрде өсіп бара жатқанын байқауға болады. 

ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, мұндай ғаламат қарқынға мемлекеттер мен олардың лидерлерінің арасындағы келісім, түсіністік пен татулық, экономикалық өзара интеграцияның күш алуы, президенттер ілгерілеткен бірлескен бастамалардың табысты жүзеге асырылуы сияқты ізгі факторлар игі ықпал етті.

Қазақстан Мәжілісі ратификациялаған «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісім» де осы ынтымақтастық екпінін үдете түспек. Мұны тіпті түркі елдері интеграциясындағы тарихи бетбұрыс деуге де болады. Себебі бұл болашақтағы ортақ Кеден одағының бастауына айналуы мүмкін. 

Бұл көпжақты келісімге 2022 жылы штаб-пәтері Түркияның Ыстанбұл қаласында орналасқан Түркі мемлекеттерінің ұйымы бастамашы болды. Содан ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімге Самарқандта, 2022 жылғы 11 қарашада қол қойылды. Яғни, бастама онжылдықтарға ұзамай, барынша жылдам жүзеге аспақ.

Кеден дәлізі мәні бойынша Кеден одағына барынша жақын. Қаржы министрі Мәди Такиевтің түсіндіруінше, соның арқасында түркі елдерінің тауарлары – экспорты мен импорты түркі мемлекеттерінің территорияларында кедендік бақылаудан барынша жылдам өтеді. Сөйтіп, транзит мерзімдері де күрт қысқарады. Шығыны да азаяды. Бұл үшін түркітілдес мемлекеттер өз аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен оны тасушы көлік түрлері туралы мәліметтерді өзара электронды күйде, әрі алдын ала алмасып отырады.

– Бұл келісімнің зор жеңілдіктері бар: біріншіден, мемлекеттеріміз арасында кедендік операцияларды іске асыру жеделдетіледі. Екіншіден, кедендік операциялар мен кедендік рәсімдерді жасау үшін қажетті құжаттар саны қысқартылады. Үшіншіден, тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде кедендік бақылау нысандары мен әдістерін қолдану сияқты кедергілер барынша азайтылады. Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптардың кеден органдары алдын ала мәліметтер алмасуды жолға қояды, – деді Мәди Төкешұлы.

Оның айтуынша, кеден дәлізін құрудың алгоритмі келесідей. Тараптар толық ратификациялаған соң аталған келісімді орындауға жауапты және өзара тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті лауазымды тұлғалардың тізімін айқындайды. Екіншіден, 6 ай ішінде осы келісім бойынша техникалық шарттар әзірленіп, ол Қазақстан қол қойғаннан кейін бекітіледі. 

Үшіншіден, дәлізді құру бойынша пилоттық жоба қолға алынады. Ол аяқталғаннан кейін тараптардың кеден органдары тұрақты негізде мәліметтермен алмасуға кіріседі. Нәтижесінде, түркітілдес мемлекеттер арасындағы кедендік ықпалдастық, яғни «оңайлатылған кеден дәлізі» үйреншікті қалыпқа, күнделікті жұмысқа айналады. 

Бұдан тараптардың бәрі ұтады. Түркі әлемі елдері арасында жүк атаулы еш кедергісіз, кеденде тоқыраусыз, тоқтаусыз тез өтетінін, тиісінше, көздеген жеріне тез жететінін түсінген өзге елдер тауарларын осы елдердің арасындағы халықаралық дәліздермен тасуға көшпек. Ресей және Беларусь сияқты шешуші ойыншылары соғыс пен санкция кесірінен оқшауланған жағдайда Еуразиялық одақ біраз тосқауылға ұшырағаны, тұйыққа тірелгені жасырын емес. Демек, түркі әлемінің «оңайлатылған кеден дәлізі» оған жақсы балама болып, Қазақстанның сыртқы әлеммен қарым-қатынасын жақсартары, сауда-саттығын үдемелі түрде арттырары сөзсіз.

Жақын елдердің жүгіне «жасыл дәліз»

Сөз болып отырған көпжақты келісімде «жүктер бойынша ақпарат алмасуды оңайлатылған кеден дәлізін ерікті негізде пайдаланатын сауда операторлары жүзеге асыруға тиіс» деп бекітілген. Осыған қарап, бірқатар сарапшы «сыртқы сауданы монополияландыратын әлдебір оператор бекітіледі екен» деген ойға келген. 

Шынында олай емес екен: сыртқы экономикалық қызметке, яғни экспорт пен импорт операцияларына қатысатын кез келген кәсіпкер енді түркі әлемінің кеден дәлізінің операторы бола алады. Тек контрабандамен айналыспай, әрбір операциясы туралы айқын ақпаратты уақытылы ұсынса, адал істеп, анық басса жеткілікті. Мұндай операторларға қойылатын басты талап екеу ғана: шын ақпарат беру және электрондық жүйеде жұмыс істеу.

– Мұнда барлық қазақстандық компания сауда операторы бола алады. Ешқандай шектеу жоқ. Тек тауарлар мен жүк көліктері туралы тиісті ақпаратты беруі керек, әрі қарай жұмыстарын істей береді. Келісім бойынша бұл сауда операторларына бірталай жеңілдіктер беріледі. Біріншіден, олар түркітілдес елдерде кедендік рәсімдеуде басымдыққа ие болады. Екіншіден, кедендік процестерден оңайлатылған түрде өтеді. Үшіншіден, кедендік тексеру болмайды, – деді Қаржы министрі.

Бизнес тарапынан: «Мұндай жеңілдіктерді нақты қандай шекаралық өткізу бекеттерінде алуға болады?» деген сұрақ қойылды.

«Түркі мемлекеттері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізі барлық кеден пункттерін қамтиды, барлық бекет соған жұмылады. Қолданыстағы инфрақұрылым оған мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан 9 кеден бекетін және 1 теміржол өткізу бекетін реконструкциядан өткізіп, кеңейтіп жатыр. Ол жұмыстар биылғы жылдың соңында аяқталады. Тиісінше, келісімде талап етілетін барлық шартты Қазақстан сақтай алады», – деді Мәди Такиев. 

Министрдің түсіндіруінше, бұл келісімнің басты айырмашылығы сол, осы бір ғана шарт аясында елдердің барлық кедендік рәсімі біріктіріледі. Соның аясында деректер алмасу жүреді. Бұл тараптарға серіктес елдің өзіне келе жатқан жүктері мен көліктері туралы барлық ақпаратты алдын ала, ерте сатысында алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында бауырлас елдің жүктері «жасыл» дәлізбен, шекарадан тексерусіз тез өтіп кетеді. 

М.Такиев ТМҰ-ға кіретін түркітілдес республикалармен арада бұрын бекітілген екіжақты кедендік келісімдерді қайта қарап, өзгеріс енгізу қажет емес деп отыр: жаңа келісім барлығын реттейді екен. 

Сонымен, келісім аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан (болашақта, бәлкім, Венгрия мен Түрікменстан) арасында жаңа кедендік дәліз құрылады. Ортақ дәлізде жүктерді, көлік түрлерін кедендік рәсімдерден өткізу жеңілдейді. 

Бұл бизнеске түсетін ауыртпалықты жеңілдетеді, өзара тауарайналымды еселеп арттыруы ықтимал. Осы арқылы ел бюджетіне түсетін кедендік төлемдер мен салық түсімдері артады. Бюджет толады, бұл мемлекеттің әлеуметтік, инфрақұрылымдық және басқа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Мұның бәрі елдің ауқатының артуына септеседі. 

Ортақ валюта туралы ой бар

Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарымның айтуынша, бұл келісім ғасыр ортасына дейін түркі әлемін тұтастандырып, өзара еш керіс, кедергі, келіспеушілік болмайтындай, уыздай ұйытуға бағытталған уағдаластықты жүзеге асырудағы басты бір қадам.

«Түркі мемлекеттері ұйымының 2021 жылғы 12 қарашада, Ыстанбұлда өткен сегізінші саммитінде «Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы» атты стратегиялық құжат қабылданған болатын. Осы тарихи құжаттың негізгі мақсаттарының бірі – сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және бауырлас елдер арасындағы ықпалдастық әлеуеттерін толыққанды жүзеге асыру. Рухани-гуманитарлық саланы айтпағанның өзінде, экономикалық интеграция мәселелері – сол тұжырымдаманың салмақты бөлігін құрайды. Түркі мемлекеттерінің халқы бүгінде 180 миллионға жуықтап қалды. Бірақ елдеріміз арасындағы өзара сауда жалпы тауарайналымның небәрі 4%-ын құрайды. Бұл – дамытуды қажет ететін орасан зор әлеуеттің барын көрсетеді», – деді депутат. 

А.Сарым жаңа, оңайлатылған кеден дәлізін құрумен іс бітпейтінін қаперге салды. Түркі мемлекеттері «Шығыс–Батыс», «Солтүстік–Оңтүстік» жаһандық сауда дәліздерін біріктіретін қуатты өңірлік экономикалық топ құратын болады. Сол арқылы заманауи керуен жолдарының қауіпсіздігін күшейтеді, өңірлік және жаһандық экономикалық тұрақтылықты арттырады. Жаһандық жүк айналымы үшін тартылыс орталығына айналады.

Бұл үшін экономикалық кедергілер мен бюрократияны жою қажет. Әсіресе, бұл жұмысқа көлік, кеден салаларында серпін берілгені жөн. Өйткені кез келген жақсы дәліздің өзі жүктерді, ілеспе құжаттарын айлап, апталап тексеретін, экспорттаушыларды әбден сергелдеңге, сарсаңға салатын кедендік бюрократия мен жемқорлыққа тірелсе, тоқырауы мүмкін. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Мұның сыртында осы жолда енді елдер көлік, транзит және кедендік рәсімдер саласындағы ұлттық заңнамаларын қайта қарауы, жетілдіріп, жеңілдетуі қажет. 

Ресей тарихшысы, саясаткер, «Түркі әлемі бірлігінің» қызу жақтаушысы Дмитрий Чернышевскийдің пікірінше, мұндай келісімдер түркітілдес мемлекеттердің әлемдік экономикаға бірлесе интеграциялануына және жаһандық төрде лайықты орын алуына септігін тигізеді. Әйтпесе, қазіргі кезең – бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді деген заман.

«Түркі әлемін біріктіру – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі. Түркітілдес мемлекеттерді топтастырудың саяси ғана емес, мәдени, білім беру, гуманитарлық, әлеуметтік, экономикалық қырлары бар. Бұл ретте Түркітілдес халықтардың достастығы – Еуразия байтағын ен жайлағысы келетін империяшыл күштерге тоспа болатын ең ірі балама. Бұл жоба ұзақ жылдарға, тіпті ғасырларға есептелген. Сондықтан ол әзірге дамуының бастапқы сатысында тұр. Әрине, бұл одақта барлық ел тең болады және бір-бірінен тәуелсіз саясат жүргізе алады. Қалай болғанда, топтасу үшін қан мен тектің бір болуы аздық етеді, түркі әлемі мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз экономикалық ынтымақтасқаны маңызды. Түркінің бірлігін бүгінде экономикалық байланыстар бекем етеді. Астана мен Анкара арасында қазір қалыптасып жатқан Ұлы түркі көлік бағыты да соның мығым бір ұстыны», – деді ресейлік тарихшы Д.Чернышевский. 

Айтқандай, таяуда Түркия Президенті жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат кеңесінің мүшесі, профессор Айгүн Аттар болашақта түркі мемлекеттері арасында ортақ валюта енгізу тақырыбын қазірден талқылай бастауды ұсынды. Оның байламынша, елдеріміздің экономикалық кооперациясы бағытында бірнеше маңызды қадам жасалды: ортақ кеден дәлізінің негізі қаланып жатыр, биыл Түркі инвестициялық қоры құрылды. Соңғысы – Түркі әлемінің тұңғыш бірлескен қаржы институтына айналды. 

Сондай-ақ ТМҰ барлық елдеріндегі түрлі қызметтерді біріктіретін Turan атты ортақ, халықаралық қаржылық қосымша жобасы қолға алынды. Осы және болашақтағы басқа да жобалар ортақ валюта енгізуге жол ашуы мүмкін. Ең бастысы, ағайын елдердің ынтымақтастығы әрқайсысына ырыс-береке әкелсе, жан-жақты құптауға лайық.

Айхан ШӘРІП