Нашақорлық – қоғамның өзегіне түскен жегіқұрт. Бұл қоғамдық дерт қаншама отбасын қиын жағдайға душар етіп, шаңырағын шайқалтты.
Есірткімен күрес: дәріге де бақылау керек
коллаж: Елдар ҚАБА
787
оқылды

Есірткіге елтіген, кезекті доза іздеген талай адам қарызға батты, наша үшін заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Тығырыққа тіреліп, өмірде басқа қызық-құмар таппай, өзіне қол салғандар жетерлік. Сондықтан Президент биылғы Ұлттық құрылтайда ұлтымызға қауіп төндіретін, жастарды құрдымға құлататын синтетикалық есірткімен күресті күшейтуді тапсырды.

Есірткімен күрес OLX-қа жетті

Үкімет те, Парламент те Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындауға күш салып жатыр. Осы мақсатта Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заңның аясында мысалы, есірткі өндірушілерге елдегі ең жоғарғы жаза – өмір бойға бас бостандығынан айыру енгізілмек. 

Өйткені Президент: «Есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет», – деп міндет жүктеген болатын. Қатаң шараларға бармаса, есірткі өндірісі мен саудасы сияқты қарқынды белең алған кесел бой беретін емес. 

Министрлер кабинетінде бұл бағытқа Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап береді. Ол 2023 жылғы 29 маусымда Үкіметтің «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекіткеніне назар аудартты. 

Мұның сыртында Үкімет нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске тартылған мемлекеттік органдарды техникалық жарақтандыру жағына мән беретін болады. Әйтпесе, бос уағыз-насихатпен бұл кесапатқа тоспа құру мүмкін емес. 

Президент тапсырмасын орындау аясында есірткі айналымының жаңа түрлерімен күреске бағытталған бірқатар заңнамалық бастама іске асырылып жатыр. Есірткіні сатуға, есірткіні жарнамалауға немесе насихаттауға қатысқаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулер қабылданды. 

«2019 жылдан бастап, құзырлы органдардың бақылауындағы препараттар тізімдеріне жаңа психоактивті заттарды енгізу тетігі жеңілдетілді. Содан бері 125 жаңа психоактивті зат пен 29 прекурсор енгізілген. Мемлекеттің бақылауына синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын жабдықтың 19 атауы енгізілді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекс ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдаланып жасалатын қылмыстардың жаңа құрамдарымен толықтырылды. Есірткіні интернет арқылы сатып алу және өткізу тиісінше, ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды», – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова. 

Бұдан бөлек, Қазақстанда қылмыстың жаңа құрамы – есірткіні жарнамалау және насихаттау бабы пайда болды. Оған есірткі жасырылған орынды нұсқайтын немесе есірткі сатылатын сайтты жарнамалайтын «граффити-суреттер» және есірткінің заңсыз айналымы туралы өзге де ақпаратты тарату­шылар жатқызылды. 

Құзырлы органдардың дерегінше, 2024 жыл басталғалы есірткімен байланысты 20 139 қылмыс әшкереленген. Соның ішінде 549-ы – өткізу фактісі. Оның үштен бірінен астамын – 169-ін қылмыскерлер интернет арқылы жүзеге асырды. Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 156 фактісі анықталды. 

Синтетикалық есірткіні жеткізумен және сатумен айналысатын 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Оның ішінде бір трансұлттық ҰҚТ-ны ұйымдастыру және қатысу дерегі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. 

Депутаттар құпия сөздерді пайдалана отырып, есірткінің интернеттегі тегін хабарландырулар сервистері арқылы сатылатынын айтып жүр.

– Былтыр OLX Group өкілдігімен тікелей өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Нәтижесінде, курьерлік жұмыс түріндегі «кепілгерлерді», «закладчиктерді» жалдау бойынша 4 300-ден астам хабарландыру жойылды. Ол үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің, OLX өкілі және еріктілердің қатысуымен арнайы чат құрылды: бұл әшкереленген заңсыз жарнаманы 5 минут ішінде жоюға мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова.

Нашақор дәріден де у табады

Әлгінде айтылғандай, бүгінде Парламентте депутаттардың бастамасымен әзірленген, есірткі және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасы пысықталып жатыр. Күшті әсер ететін заттарға «Трамадол», «Тропикамид», «Тапентадол», «Прегабалин», басқа медициналық мақсаттағы препараттар жатады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев бұл заң қабылданған соң құрамында есірткісі бар немесе есірткі сияқты күшті әсер ететін заттарға бақылау күшейтіледі деген үмітте.

– 2023 жылғы сәуірде «Трамадол» деген дәріні бақылау тізіміне енгізгенбіз. Содан кейін оның заңды айналымы 90%-ға күрт азайды. Бұрын дәріханалар «Трамадолды» еркін сата беретін, енді ондай жоқ. Күшті әсері бар басқа дәрілерді де есірткілі заттар тізіміне енгізсек, дәріханалар заң бұзудан қорқып, оларды сатпайтын болады. Қазіргі тәжірибе бойынша дәріханаларды тексеру үшін рұқсат алуымыз керек. Сонда заңсыз сатқаны анықталса, материалдарды фармбақылау органына жібереміз, олар әкімшілік хаттама ғана толтырады. Жаңа заң жазаны қатайтса, полицияға да жұмыс істеу оңайлайды. Оған дейін қылмыскерлер айыппұл төлеп құтыла береді, – деді А.Рысбаев.

Сарапшылардың түсіндіруінше, «Тропикамид», «Азот тотығы», «Сомнол», «Прегабалин» сияқты медициналық препараттарды, әсіресе нашақор жастар көп пайдаланады. Бұл заттардың көмегімен есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді, нәтижесінде оның медициналық емес айналымдары өсіп кетті. 

Қазір осы дәрілік заттарды рецептісіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауаптылық, айыппұл қарастырылған. Бұл оларды медициналық емес мақсатта сататын қаскөйлерге тосқауыл бола алмай тұр. Мысалы, 2022 жылы республикаға танымал «Король Трамадола» деген лақап атпен белгілі қазақстандық күшті әсер ететін заттардың ірі партиясымен бірнеше рет ұсталғанымен, еш жауапкершілікке тартылмаған: тек заң аясында айыппұл төлеп құтылып кетіп отырды. Оның дәріхана қызметіне қатысты формальды түрде лицензиясы болғандықтан мемлекет әкімшілік жазадан басқа ешқандай шара қолдана алмады. 

Осыны ескере келе, жаңа заң жобасында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жазалар енгізу ұсынылады. Сонымен қатар прекурсорларды, күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымына да қылмыстық жаза қарастырылады. Нашақорлыққа тоқтау салу үшін оның барлық көріністерімен күрескен абзал. 

«Наркобарондар» мәңгілікке түрмеге қамалмақ

Есірткі өндірісі күннен күнге ұлғайып барады. Егер 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, 2023 жылы олардың саны бірден 81-ге жетті және бұл тек табылғаны!

2024 жыл басталғалы 31 жасырын есірткі лабораториясы жойылды. Осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілді, бұл мыңдаған адамды нашақор етуге қауқарлы 3 миллион доза. 

«Елдегі ахуал осындай. Бұл цифрларды не үшін айтып отырмын? Егер жаңадан шыққан синтетикалық есірткімен күресеміз десек, онда бұл күресте прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесуіміз керек. Қазіргі ең тиімді шара осы. Қолданыстағы заңнамада прекурсорлардың тек контрабандасы үшін ғана жаза белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін еш жауапкершілік жоқ. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды», – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Снежана Имашева.

Масқарасы сол, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, құзырлы органдар тәркіленген алапат көлемдегі есірткіні және прекурсорларды сақтайтын орын таба алмайды: көптеген сараптамалық мекемелерде мұндай заттарды көп мөлшерде сақтау үшін жағдай жоқ екен. Мысалы, 2023 жылғы наурызда Алматы қаласында тәркіленген 85 тоннадан астам прекурсор басқа мемлекеттік құрылымдарға сақтауға берілген.

Заңның жобасында есірткі өндіргені үшін 15-20 жылдан бастап, өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы енгізілмек. Заң жоба авторларының түсіндіруінше, мұндай қатаң шараға өмір шындығы итермелеген: бұрынғы жылдары Қазақстанда қылмыскерлер қарасорадан есірткі жасауға ғана күш салатын. Героин және кокаин сияқты есірткілер республикада мүлдем өндірілмейді, олар қылмыстық арналармен басқа елдерден жасырын тасылады. Бірақ 2019 жылдан бері Қазақстанның өзінде синтетикалық есірткілер өте көп көлемде, тіпті өнеркәсіптік ауқымда, сериялық жолмен өндіріле бастады. Бұл жаңа жаза бірінші кезекте солармен күреске бағытталған.

Жаңа заң өмірге жолдама алса, онда психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты, яғни нашақорлығы үшін мәжбүрлеп емделген адамдар содан кейін де мемлекет назарынан тыс қалмауға тиіс: олар арнайы медициналық көмек көрсететін ұйымнан шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда (халық арасында «жындыханада») динамикалық тіркеуге тұруға міндетті.

Қалай болғанда, ұлттың болашағына балта шабатын бұл кеселмен күрес осымен тынбайды. Қылмыс әлемі ойлап тапқан жаңа әділ-тәсілдер ұлттық заңнаманы үнемі жетілдіріп, тосқауыл қоюдың жаңа амалдарын табуды талап етеді.

Елдос СЕНБАЙ