Дағыстандықтың жанқиярлық әрекетін Атырау облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның азаматтары ықыласпен қабылдады.
Атырауға тасқын кезінде қап әкелген Дағыстан азаматы ҚР Журналистер одағының Алтын медалімен марапатталды 
3,460
оқылды

Атырауға тасқын кезінде қап әкелген Дағыстан азаматы ҚР Журналистер одағының Алтын медалімен марапатталды. Омарасхаб Ахмедов қазақстандықтарға бейнеүндеу жазып, Атырау облысындағы су тасқыны кезіндегі еңбегін жоғары бағалаған бауырлас халыққа алғысын білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ахмедов Омарасхаб - Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасы Хасавюрт ауданы Муцалаул ауылының тұрғыны. Атырау облысындағы су тасқыны жағдайы туралы естіген ол досынан түнгі сағат 2-де құрылыс дүкенінің қоймасын ашуды өтінген. Газельге 50 мың қап тиеп, ер адам Атырауға Астрахан облысы арқылы жетіп, түні бойы көлік жүргізген. 

Келесі күні Омарасхаб Ахмедов қаптарды Атырау облысына жеткізді. Дағыстандық азамат әкелген қап Жайық өзенінің жағалауын нығайту үшін пайдаланылды.

Дағыстандықтың жанқиярлық әрекетін Атырау облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның азаматтары ықыласпен қабылдады.

Ал ҚР Журналистер одағы Ресей азаматын алтын медальмен марапаттауға шешім қабылдады. 

Өкінішке қарай, Омарасхаб Ахмедов марапаттау рәсіміне келе алмады, өйткені ол Меккеге қажылық жасауға аттанып кеткен.

Алайда, ер адам қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдады.

- Біз, дағыстандықтар, кавказдықтар мен қазақтар тарихи тұрғыдан бір-бірімен өте тығыз байланысты халықпыз деп есептеймін. Қуғын-сүргін кезінде, қиын күндерде біздің аталарымыз бен арғы аталарымыз аштық кезінде қазақ даласында жүріп, жан сақтады. Бұл туралы көптеген әңгіме бар. Ал ағайынды қазақтар ата-бабамыздың жат жерде өлуіне жол бермеді. Менің ойымша, азаматтық борышымды өтедім. Бауырлас қазақ халқына алғысым шексіз. Еңбегімді жоғары бағалаған бауырлас халыққа алғыс айтамын, - деді Омарасхаб Ахмедов қазақстандықтарға. 

Қазақстан Журналистер одағының алтын медалі саяси, қоғам қайраткерлеріне, журналистерге және басқа да азаматтарға экология саласындағы қоғамдық-пайдалы қызметі үшін, балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету бойынша қайырымдылық жұмысы үшін беріледі.

 Баян Жанұзақова