Ханбибі Есенқараева жолдасының көңілдесі бар екенін қалай білгенін "Менің өмірім" бағдарламасында айтты.
"50 жасында басқа әйелмен көңіл қосты": белгілі ақын күйеуімен қалай  айырылысып кеткенін айтты
Видеодан кадр: Youtube/Hit TV
8,169
оқылды

Белгілі ақын Ханбибі Есенқараева отбасылық өмірі жайлы сыр шертіп, күйеуі Тұрдықылыш Ізтаевпен қандай жағдайда айырылысып кеткенін айтып берді. Өнер иесі жолдасымен ұрыспай, оған үй мен көліктің кілтін табыстап кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ханбибі Есенқараева жолдасының көңілдесі бар екенін қалай білгенін "Менің өмірім" бағдарламасында айтты. Ол отағасының таңдауына еш қарсылық білдірмей, оған бақыт тілеген.

"50 жасында бір әйелмен көңіл қосыпты. Ол кезде филармонияның директорымын. Жолдасымды сол жерге бас дирижер және көркемдік жетекші етіп қызметке алғанмын. Министрдің бұйрығымен заң жүзінде жұмысқа алдым. Мен іссапарда жүргенде денсаулығым сыр беріп, ауруханаға жатып қаламын. Әртістердің барлығына топырақ шашқым келмейді. Бірақ көбісі жаны жарамсыз адамдар ғой. Отырыстар ұйымдастырады. Сол жерге бір әйел келеді, танысады. Сондай сөздер маған жетті. Бір күні шақырып алып, "жел тұрмаса  шөптің басы қимылдамайды, жөніңді айт" дедім. Ол "өзі келе береді" деп қысқа қайырды. Біз тек ерлі-зайыпты емес, доспыз, туыспыз. Ол "мұндайды қой" деп айтады деп ойлады. Мен "қой" дегеніммен, бір құлаған көңіл қоя ма?! Оның бәрін біліп тұрмын ғой. Сосын айттым "егер бір-біріңді ұнатсаңдар, мен не дейін, бақытты бол. Екеуміз де өнер адамдарымыз, біреуіміз бақытты болуымыз керек қой. Сен-ақ бақытты бол" дедім. Ешқандай ұрыс-керіссіз, үй мен көліктің кілтін беріп кеттім.  Содан үн-түнсіз кабинеттен шығып жүре береді. Көз жасын алақанымен сүрткенін көрдім. Шығармашылықтың адамы ғой, жүрегі жұмсақ. Шалыс қадамы үшін өзін кешірмей өтті", – деді Есенқараева. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.