Грек орманын өртеп қашқан қазақтардың арасында қалтасы қалың олигархтар бар болып шықты.
Грекияда өртенген арал жанындағы яхтада Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова мен олигарх Данияр Абылғазин болған – OCCRP
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
14,629
оқылды

Грек орманын өртеп қашқан қазақтардың арасында қалтасы қалың олигархтар бар болып шықты. Оның бірі Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай 50-ліктің ішінде 21-орында тұрған Данияр Абылғазин, – деп хабарлайды Aikyn.kz azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

OCCRP (Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) тәуелсіз журналистер ұйымының зерттеуі бойынша «Персефони I» яхтасының ішінде 7 қазақ болған. Соның бірі – олигарх Данияр Абылғазин. Қонақтардың арасында Halyk Bank-тің бас директоры Үміт Шаяхметова, оның күйеуі KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов және олардың қызы болған.

Грек аралы өртенген күннен кейін бизнесменнің жеке ұшағы Афина әуежайынан Алматыға ұшып кеткен. Сот құжаттары көрсеткендей, бортта Абылғазиннің ұлы мен әйелі Айдан Сүлейменова және тағы басқа да лауазымды адамдар болған.

Photo: Screenshot of adsbexchange.com

Гидра аралындағы орман өрті 300 мың шаршы метр жерді шарпыған. 22 маусымда Грекияның Ұлттық өрт сөндіру қызметі оқиғаға қатысы бар 13 гректің ұсталғанын хабарлаған. Ал жалға алу құны 250 мың еуро тұратын қайықты жалға алғандардың ешқайсысы ұсталмаған.

Теңізді бақылау қызметі өрт болған кезде қазақтар отырған яхта Гидраның шеткері ауданының жағасында болды деп көрсетті. Гректің ресми тұлғалары оларды өртке тікелей кінәлаған жоқ. Бірақ аралдың әкімі Гиоргос Кукудакис тергеудің қорытындысы шыққан соң, барлық кінәлілерге шара қолданып, өтемақы талап ететінін жеткізді.

Оның сөзінше, өрт жалғыз қарағай орманын жалмап кете жаздаған, абырой болған жел қарама-қарсы бағытта соғып, құтқарушылар өртті сөндіріп үлгерген.

«Қарағай орманы өртке оранғанда, бұл аралдың түгі қалмас еді», – деді ол журналистерге.

Айта кетейік, ірі кәсіпкер Данияр Абылғазин Қазақстандағы ең бай 50 адамның бірі. Оның байлығы 380 000 000 АҚШ долларына жетеді. Данияр Абылғазин Qazaq Oil, SinoOil және Gas Energy ЖМҚС желілерінде, PTC Operator ЖШС,  Petroleum  ЖШС, «РТИ-АМӨЗ» ЖШС,  SilkwayTransit  ЖШС және басқа да компанияларда үлесі бар.

Олигархтың әйелі AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова  Viled Group  ЖШС,  Viled International  ЖШС,  Viled Fashion  ЖШС,  Group Lux  ЖШС,  Premium Beauty  ЖШС үлестеріне ие. Сондай-ақ  ADD Invest Properties  ЖШС-ға толықтай иелік етеді. Сол арқылы Құлыбаевтармен бірге Keruen city Astana, Keruen, Talan Gallery, Keruen City Aktobe, Атырау қаласындағы Baizaar сауда сауық кешендерін басқарады.

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Грекияда туристер яхтаны жалға алып, отшашу атқан. Сол кезде аралдың бір бөлігі тұтанып, орман өртіне ұласқан. Бірнеше жергілікті БАҚ өртке қазақстандықтардың қатысы барын хабарлады. Туристер алдымен тілсіз жауды өз күшімен ауыздықтауға тырысқан, бірақ сөндіре алмаған соң, өрт күзетіне хабар беріп, өздері кетіп қалған. Кейінірек Грекия билігі қайықтан отшашу атқан 13 адамды ұстады. Гректің кейбір ақпарат құралдары өртке қатысы бар 17 пәкістандықтың да ұсталғанын жариялаған.

Қазақстанның СІМ өкілі Айбек Смадияров Грекия билігінің ресми ақпаратына сәйкес, ұсталғандар арасында қазақстандықтар жоқ деген болатын. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.