«Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгеге бағаланады.
24 халықаралық, 17 аймақтық есірткі жеткізу арнасы жойылды – ҰҚК
574
оқылды

Биыл жыл басынан бері 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арнасы, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

1987 жылы 26 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні деп жариялады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа мемлекеттік органдармен қатар осы қатерлерге қарсы іс-қимылға белсенді қатысады. 

2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізді.

Нәтижесінде 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арнасы, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылды.

Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4,6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер алынды.

«Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгеге бағаланады, ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 млн бір реттік дозаны құрайды.

ҰҚК деректері бойынша Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.

Сонымен қатар, ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдаудың 200-ден астам әрекетінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 кг астам есірткі және психотроптық заттар алынды.

Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасуда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.