Тараптар саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін қысқаша талқылады. 
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Түркия жандармериясының делегациясымен кездесті
673
оқылды

Астанада ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов Ішкі бақылау басқармасының бастығы Мехмет Караман бастаған Түркия Республикасы жандармериясының делегациясымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Екі елдің ведомстволары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық аясында елімізге жұмыс сапарымен Түркиядан келген әскерилер әріптестерімен әскерді қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау және бюджетті іске асыру салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті. 

– Біз Түркия Республикасының жандармериясымен әріптестік пен өзара іс-қимылды дамытуға үлкен мән береміз. 2009 жылдан бастап түрік елі тарапымен қызметтік-жауынгерлік әрекет, оқыту және кадрларды даярлау мәселелері бойынша бірқатар келіссөз жүргізілді. Осы жылдың мамыр айында біздің делегацияның сапары болды, оның шеңберінде Түркия жандармериясының кадрлар даярлаудағы, әскери оқу орындары мен оқу орталықтарын материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі тәжірибесі зерделенді. Біз сіздер үшін әрқашан ашықпыз және қызметтік-жауынгерлік қызметтің түрлі салаларында тәжірибе алмасуға дайынбыз. Біз үшін Түркиядан келген әскери қаржыгерлердің сапары – біздің өзара іс-қимылымыздың жаңа бағыты, бұл біздің ведомстволар арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді, – деді Еркін Ботақанов.

Бұдан әрі делегация мүшелері мен қабылдаушы тарап офицерлері таныстырылғаннан кейін қонақтарға ”ҚР Ұлттық ұланының қызметтік-жауынгерлік қызметі туралы“ және ”ҚР Ұлттық ұланын қаржылай қамтамасыз ету туралы” баяндамалар жеткізілді. Содан кейін тараптар осы салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін қысқаша талқылады. 

Кездесу Түркиядан келген қонақтарды ведомстволық наградалармен марапаттаумен аяқталды. Осылайша, екі елдің ведомстволары арасындағы қызметтік-жауынгерлік әрекет мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өзара іс-қимылға қосқан үлесі үшін делегация басшысы Мехмет Караман, Жандармерия штабының бюджетті атқару бөлімінің бастығы Онур Шоленташ, бюджетті қолдауға арналған шығыстарды атқару жөніндегі қызметкер Садык Айкун және қаржы басқармасының қызметкері Айхан Чаглыоглу “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.