Савельев анасын кездестіруге әлі де үмітті екенін айтты.
«Менің анам қатты ауырып жатыр»: Жәнібек Савельев қазақстандықтардан көмек сұрады
Фото: видеодан алынды
19,751
оқылды

Туған шешесін іздеген бельгиялық қазақ Жәнібек Савельев анасы жайлы жан тебірентерлік видео жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Құрметті әкелер, аналар, аға-әпкелер! Мен 2023 жылдың соңында Қазақстанға туған анамды іздеп бардым. Соңғы айларда біз анамды табуға көмектесетін көптеген мәліметке қол жеткіздік. Мысалы, «Бармысың, бауырым?» редакциясы ДНҚ зерттеулері арқылы мен туған кезде басқа баламен ауысып кетуім мүмкін екенін анықтады», – деп жазды ол. 

Савельев анасын кездестіруге әлі де үмітті екенін айтты.

«Менің туған шешем менің оның туған ұлы екенімді білмейтін шығар, менің оқиғамды естімей жүрген шығар... мүмкін оның 2002 жылдың қаңтарында дүниеге келген баласы мен шығармын. Ол қазір менің орныма ауысып кеткен баланы туған ұлым деп ойлап жүруі де мүмкін  ғой», – дейді Савельев. 

Ол өгей анасы дертке шалдыққанын айтты.

«Анашым, сен маған керексің. Мені асырап алған анам қатты ауырып жатыр. Ес білгелі сіз туралы ойламаған сәтім жоқ. Құрметті қазақстандық әкелер, аналар, бауырлар! Өтінемін, осы видеоны барынша таратыңыздаршы.  Өтінішім туған анама немесе туыстарыма жетеді деп үміттенемін», – деп жазды ол. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.