«Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев әр аталым бойынша үздік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Парламент Сенатында журналистер арасындағы «Парасат» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев әр аталым бойынша үздік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.
 
Мәулен Әшімбаев журналистер қауымын құттықтай келе, бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстан құру бағдарын іске асыруға белсенді қатысып келе жатқан маңызды институттардың бірі екенін айтты. Сенат Спикері журналистердің парламенттік пулы заң шығарушы орган мен қоғамды байланыстыратын мәнге ие екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан оқиғалар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар, сенаторлардың жұмысы және заңнамалық өзгерістер мен қабылданған шешімдер жайында ақпарат таратып, олардың маңызын халыққа дәйекті түрде жеткізіп жүрген тілшілер қауымы мемлекетіміздің дамуына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.
 
Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі өңірлердің дамуына ықпал ету, сондай-ақ, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен бірлесіп өзекті проблемаларды шешу екені белгілі. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарының болған оқиғаны жедел және объективті жариялауы, сенаторлардың депутаттық сауалдары бойынша сюжеттері мен мақалалары, тұрақты комитеттердің қызметі мен қабылданып жатқан заңдар туралы талдамалық материалдары аса маңызды екеніне назар аударды. Сондықтан сенаторлар БАҚ өкілдерімен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі.
 
Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына қатысуға телеарналар, радио, газет, ақпарат порталдары және басқа да медиадан еліміз бойынша 120-ға жуық жұмыс келіп түсті. Олардың бәрі жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Нәтижесінде Комиссияның шешімімен әр аталым бойынша үздіктер іріктеліп, жеңімпаздар анықталды.
 
Атап айтқанда, үздік телевизиялық материал аталымы бойынша Айдарбек Балғабеков («24KZ» телеарнасы) пен Фариза Болатбек Fariza Bolatbek («Atameken Business» телеарнасы) жеңімпаз атанды. Үздік радиоматериалға Алмас Байдрахмановтың («Қазақ радиосы») жұмысы лайық деп танылса, мерзімді баспасөздегі мықтылар қатарынан Ескендір Зұлқарнай («Egemen Qazaqstan» газеті), Екатерина Байняшева («Наш Костанай» газеті) және «Aiqyn» газетінің ұжымы көрінді.
 
Интернет-басылымдағы үздік жарияланым аталымында Руслан Ғаббасов («ҚазАқпарат») пен Әйгерім Уммат («Informburo.kz») жеңіске жетті. Ал, әлеуметтік желідегі үздік жазба аталымы Болат Бухарбай («Jaqsy Bolady» Youtube-арнасы), Абай Сейфуллаұлы («Abay Live» Youtube-арнасы) және Ренат Ташкинбаевқа («Другие места» блогы) берілді. Жылдың арнайы сыйлығы – «Үздік аналитикалық материал» номинациясында Амангелді Сейтхан («Qazaqstan» ұлттық телеарнасы), Аружан Дәрібай («Tengrinews.kz») және Лаура Тусупбекова («Казахстанская правда» газеті) топ жарды.
 
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.