Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жасанды интеллект саласы бойынша әлемдік деңгейдегі сарапшы, Сингулярлық университетінің негізін қалаушы және атқарушы директоры, Exponential Organizations бестселлерінің авторы, елімізге Алматыда өтетін «New Vision: Бизнес күші» атты жаһандық бизнес-форумға қатысу үшін арнайы келген Салим Исмаилмен кездесті.
Сенат Төрағасы Салим Исмаилмен кездесті
558
оқылды

Кездесу барысында тараптар жаһандық үрдіс­тер мен ЖИ технологияларының елдің экономика­лық дамуына тигізетін әсерін талқылады. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда инновацияларға негізделген жаңа экономикалық модель құру жолында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың бастамасымен ел экономика­сын әртараптандыру жолында нақты шаралар қолға алынды. Өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, мұнай химиясы, көлік және логистика, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты секторларға баса мән беріліп отыр. Біздің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайту және оны 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Қазақстан іскерлік ахуалды жақсарту бағытында айтарлықтай ілгеріледі. Бұған салық заңнамасын тұрақтандыру және инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау сияқты маңызды қадамдардың арқасында қол жеткізілгенін атап өткен жөн», – деп палата Спи­кері Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформа­лардың негізгі нәти­желеріне тоқталды.

Са­рапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ-дің әлем экономикасына қоса­тын үлесі 16 трлн долларға жетпек. Осыған байла­нысты кездесуде жасанды интеллект экожүйесін қалыптас­тыру және Қазақстанда осы салада ма­мандар даярлау барысы сөз болды.

Өз кезегінде Салим Исмаил Мәулен Әшім­баевқа ЖИ технологияларына қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанның аталған саладағы тәжірибесін зерделегісі келетінін айтып, негізгі бағыттар бо­йынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Салим Исмаил – жасанды интел­лектіні қолдану бойынша ірі әлемдік ком­панияларға арналған стратегиялар әзірлеу және бірқатар Үкімет пен Мемлекет басшыларына осы бағытта кеңес беру ісінде тәжірибесі мол, білікті сарапшы.