Ұлт рухының жаршысы әрі адам жанына рухани азық болар театр өнері жыл өткен сайын шетелдік шығармаларды қазақ тіліне тәржімалап, театрсүйер қауымның әлем әдебиетін ана тілінде тануына мүмкіндік берді.
Ғасыр жасына жақындаған театр
881
оқылды

Бүгінде еліміздің әр аймағында өнердің төресі саналатын театр ордалары көп деуге келмейді. Дегенмен санының аздығына қарамастан театр қойылым­дар­ының репертуары жаңа шығар­малармен толықса, ал сол туын­дыны тамашалауға ас­ыға­тын тұр­ақты көрермен саны да ұл­ғай­ды. Әсіресе, мәдени орын­дар­ға бай Алматы қаласында ор­наласқан театрларға қала тұрғындарынан өзге алыс-жақ­ын аймақтан, тіпті шет мемле­кеттерден арнайы ат басын бұр­атындар аз емес. Шаһардың мәдени дамуына ықпал еткен театр ордаларының бірі кезінде «әкемтеатр» атанып кеткен  Мұх­тар Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры екені дау­сыз.

Шымылдығын 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашқан театр ғимараты таяуда ғана екі жылдық күрделі жөндеуге жабылды. Театр ұжымы Абай даңғылының бойында орын тепкен қазіргі ғимаратқа 1982 жылы көшіп келді. Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында театр ғимаратының күрделі жөндеуден өтетінін атап өткен еді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шығармашылық қызмет басшысы Елік Нұрсұлтан театрдың күрделі жөндеуге жабылуының маңызды себебі бар екенін негізге алды. Оның сөзінше, театр ұжымы өзінің 100 жылдық мерейтойын күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратта қарсы алуды жоспарлаған. Қара шаңырақ 2026 жылы ғасыр жасты бағындырады. 

– Біз бүгін театрымыздың 98 маусымын ресми түрде қорытындыладық. Екі жылдан кей­ін қазақ театры өзінің ғасыр тойын той­лайды. Негізінен, театр тарихы 1926 жылы емес, одан әрірек басталған. Себебі Қа­зақ­станда театр элементтерінің пайда болғанына біршама уақыт өтті. Қарап отырсақ, қазақ театрының тарихы бір ға­сырдан асты. Театр басшысы екі жылдан кей­­ін әкемтеатрдың теңдесі жоқ мәдени орынға айналатынын айтып отыр, – дейді Е.Нұрсұлтан.

Күрделі жөндеу барысында сахнаның жарық-дыбыстық қондырғылары, акустикасы, реквизит сақтайтын қоймалар мен арнайы цехтар толыққанды жаңартылады. Дегенмен әкемтеатр екі жыл уақыт ішінде қарап отырмай, бірнеше іссапарды жоспарға енгізіп қойған. Қазірдің өзінде театр басшылығы қалалық театрлармен келісімшарт орнатып, көрерменмен байланысын үзген емес.

– Күрделі жөндеуге жабылғанымызға бір ай өтті. Соңғы бір айдың ішінде Алма­ты қаласында орналасқан театрларда, соның ішінде Алматы театры, «Жас сахна» теа­тры, Қуыршақ театры, Ұйғыр театры, Корей театрында қойылымдарымызды сах­наладық. Театрды күрделі жөндеуге жап­қан уақыттан бері шамамен 15-16 қой­ылымды қойдық. Ғимараты жоқ ұжым үшін бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Келесі маусымда негізінен іссапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Алматы қаласынан өзге шет аймақта орналасқан аудандарға, сондай-ақ республика деңгейінде Қостанай, Ақтөбе қалаларына және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда қойылымдарымызды сахналауды жоспарлап отырмыз. «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» демекші, екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Театр дирек­торының сөзінше, келесі жылы 100 жылдық мерейтой қарсаңында дайындық жұ­­мыстарын бастаймыз. Екі жыл бойы күр­делі жөндеуден өткен ғимарат шымылды­ғы қойылыммен ашыла ма, әлде театрлан­дырылған кеш өте ме, әзірге белгісіз,  – деп сөз­ін түйіндеді театрдың шығармашылық қызмет басшысы Е. Нұрсұлтан.

Биыл қара шаңырақта болған ерекше жаңалықтардың бірі де бірегейі – әдебиетіміздегі шоқтығы биік туынды «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» қойылымының араға жыл­дар салып көрермен назарына жол тартуы еді. Түркі жұртына ортақ қазына болып саналатын шығарма осыдан 80 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1940 жылдың 29 сәуірінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылды. Сол уақыттан бері әр режиссер аталған шығарманы әртүрлі трактовкада сахналап келді. Осы ретте театр сахнасына қайта оралған қойылымның ерекше тұсы – ұлттық театр мен ұлттық өнімнің ерекше коллаборациясы екенін атап өткен жөн. Кезінде Еуропаны аралап, ел арасында үздік қойылым ретінде танылып үлгерген жауһар туынды заманға сай қайта жаңғырды.

Театр жанашыры Айсұлу Жәнібекқызы да тарихи туындының жарыққа шығу сәтін жіберіп алмауға тырысқан. Айсұлу биыл үш мектептің 100-ге жуық оқушысын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымының премьерасына алып барғанын, бұл  театрға деген қимастық пен ерекше сезім екенін айтады.

– Әрине, әкемтеатрдың қойылымдарын өзге театрлардан емес, қара шаңырақ сахнасынан тамашалағанға не жетсін?! Әуезов театрының өзіндік қайталанбас эстетикалық әлемі бар. Тіпті, мен театрдың екі жылға жөндеуге жабылатынын естіген соң бір қойылымға қайта-қайта баратын «ауруға» шалдықтым. Өзім ғана емес, өз­ге­лерге де «театрға барыңыздар, екі жылға күрделі жөндеуге жабылмай тұрған уақытта қойылымды театрдың өз сахнасынан тамашалап үлгеріңіздер» деп достарымды да шақыратынмын, – дейді ол.

Айсұлу Жәнібекқызы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қойылымдарын шаһардағы өзге театрларда сахналаудың тиімді тұстары да бар екенін алға тартты:  

– Театр ұжымы өзге театрлардың сах­насында жұмыс істеп, жаңаша техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек деп ойлаймын. Сан алуан театрлармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеу – Әуезов театры үшін үлкен жетістік. Екіншіден, бұл көрерменмен байланысты одан әрмен нығайтуға ықпал етеді. Қаланың бір бөлігінен екінші бөлігіне реквизиттерді тасу оңай шаруа емес. Дегенмен театрды шын сағынған көрермен ғимарат қайда ауысса да барады. Енді күрделі жөндеуден кейін театр тарихи діңгегін жоғалтып алмай, шамадан тыс өзгеріске ұшырамай, ең бастысы, негізгі сұлбасын жоймаса екен деймін.  Өйткені қара шаңырақ Әуезов театры біз үшін сол күйінде ыстық, – деп сөзін қорытындылады А.Жәнібекқызы.

Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы әр кезеңдері көрермен сұранысына сай астары мазмұн мен мағынаға бай туындыларды өмірге әкелді. Өміршең өнерді жарыққа шығаруға атсалысқан С. Қожам­құлов, Ж. Шанин, Қ. Қуанышбаев сынды театр саңлақтары еді. Әкемтеатр сахнасында тұңғыш рет жарыққа шыққан қойылымдар М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» шығармасы мен Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасынан бастау алса, қазір театр тынысы жаңа өмірге бейімделіп, замана сұранысына сай қазақстандық және әлемдік авторлардың шығармаларын жиі сахналауға көшкен.

Бір ғасырға жуық уақыт аралығында театр ұжымы көптің көкейіне ой салатын, күлдіріп тұрып жылататын талай тың әрі мазмұнды қойылымдарды жарыққа шығарды. Көрерменнің рухани тұрғыда жетілуіне, еліміздің мәдени салада өз орнын қалыптастыруына әсер етті. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы