Жыл сайын жазылу маусымы басталған тұста БАҚ басылым­дарының кездесетін проблема­сы – осы. Газетке жазылған оқ­ыр­­­­­­­­­ман уақытымен газетін ала алмайды. Қызметі үшін ақша ал­­ып отырған «Қазпошта» мәсе­л­ені көрсе де, білсе де көрмеген кейіп танытады.
Оқырман бар, газет жоқ
коллаж: Елдар ҚАБА
588
оқылды

Аз болсын, мейлі көп болсын, баспасөзге жазылған оқырман бәрібір қолы­на газет-журналын алуға тиіс. Бірақ көп жағдайда олай бола бермейді. Неге?

Оқырман қолына жетпей отырған қалың баспасөздің қатарында Aiqyn газеті де бар. Былтыр Aiqyn демеушілік көмекпен бір ғана Атырау бойынша 20 ардагерді газетке жаздырған болатын. Бір ай, үш ай емес, бірден бір жылға! Бірақ үйінің ме­кенжайы толық көрсетіліп, ақысы 100 пайыз төленгеніне қарамастан, бірде-бір ардагеріміз былтыр  газетті ала алмады. Олардың қатарында белгілі ғалым Шахман Нағымов, ардагер журналистер Меңдібай Сүмесінов, Төлеген Жаңабаев, Бағзай Супьянова бар. 

Атайман Тасымұлы – газетке шын берілген оқырманның бірі. Ол 50 жылға жуық уақыттан бері газетке жазылып, оқып келеді. Бірақ соңғы жылдары жазылған газетінің қолына тимеуі байырғы оқырманға оңай болып тұрған жоқ. 

«Өзімнің туып-өскен жерім –  Қызыл­қоға ауданына қарасты Сағыз селосы. Ауылда жүргенімде  «Қызылқоға», «Атырау», Egemen Qazaqstan, Ana tili газеттері­не жазылатынмын. Сол кездің өзінде ау­ылға бір аптаның газеті жинақталып, бір келетін. Алты жылға жуық уақыттан бері Атырау қаласында тұрып жатырмын. Қала маңындағы Қайыршақты селолық округіне қарасты Ақсай 2 ауыл­ында тұрамын. Қалаға келгелі тұрақты түрде «Атырау» және Aiqyn газеттеріне жазыл­ып отырмын. Бірақ бірде-бір рет қолыма га­з­ет тиген емес.

Осы уақытқа дейін ауылдағы «Қазпошта» бөлімшесіне өзім барып, газеттердің нөмірлерін алып кетіп жүрмін. Газеттің неге үйге жетпейтінін сұрасам, тасымалдаушы пошташылар жетпейтінін айтады. Өз басым газет оқығанды жақсы көремін. Қазір интернеттің заманы дегенімізбен, жаңалықтарды теледидардан тыңдаймын. Газеттен сараптамалық мақалалар оқығанды жақсы көремін. Әсіресе, жол жүрген уа­қытта газетті оқығанның ерекше сезімін жеткізе алмаймын. Сондықтан елдің бәрі газетті ысырып, оқымай, жинап қойды дегенге келіспеймін», – дейді еңбек арда­гері, газеттің байырғы оқырманы Атайман Тасымұлы. 

Ардагер журналист Нұрлан Қабыловтың айтуынша, газеттің ақылы электронды таралымын ұйымдастыруды қолға алу қажет. 

– Бұл амал газет үшін тиімді болса, оқырманға пайдалы. Қазір тіпті аға буынның арасында күнделікті газетті те­­л­е­­фонынан оқығанды жөн көретіндері бар. Сондықтан қалай болғанда да газет таралымының кемуіне интернетті кінəлап отыра беруге болмайды, уақытпен бірге, оның қойып отырған талаптарымен бір­ге алға басу керек, – дейді ардагер жур­­налист.

Газет неліктен бар оқырманға жетпейді? Оқырмандардың апталап емес, жылдап газет ала алмауына не себеп? Біз бұл сұрақты  «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орын­басары Гүлмира Аюповаға қойдық. Алайда филиал өкілі «газет жетпей жатыр» дегенге келіспеді. 

«Бір ғана Атырау қаласы бойынша газет-журнал таратуға 56 адам жұмыс істейді. Олардың жұмыс уақыты – дүйсенбі-жұма аралығында. Сенбі күні жарты күн жұмыс істейді. Қазір пошташы позициясы  5 учаске бойынша ашық тұр. Бірақ бұл бос орындарды қысқа мерзімде жабамыз деген үміттеміз» деп қысқа қайырды «Қазпошта» АҚ Атырау облыс­тық филиалы директорының орынбасары Гүлмира Аюпова. 

Бірақ басылымды күтіп отырған оқ­ыр­­­­­­­­­манға газет-журнал жеткізудің бала­­ма жолын таппасақ, «Қазпошта» жыры біт­­­пеуі мүмкін. 

Айтпақшы, осы тақырыпты зерттей отырып, «Қазпошта» үшін газет-журналдарды оқырман қолына жеткізу құнының қымбатқа түсетінін біліп алдық.  Осы тақырыпта БАҚ саласындағы әріптестерімізге түсінік берген «Қазпоштаның» баспасөз қызметі ашық мәлімдеме жасағанын көрдік. 

«Қазпошта» қызметкерлері газет-журналдарды жеткізу кезінде домофондарды орнату салдарынан кіреберістер мен үй маңындағы аумақтарға кіре алмайды, аталған жерлерде пошта жәшіктерінің бол­мауы да қиындық туғызады. Газет-журналдарды жеткізу қызметі тиімсіз, ол баспа басылымдарын тасымалдау, жеткізу шығындарын жаппайды. Қоғамның отандық мерзімді басылымдарды таратуға тарифтері 2017 жылдан бастап көтерілген жоқ, себебі тарифтердің өсуі оқырмандар үшін газет-журналдар құнының өсуіне алып келеді. Бұл өз кезегiнде тарифтердiң қолданыстағы деңгейiнде де терiс динамикадағы отандық баспасөз басылымдарының таралымын төмендетеді», – делінген «Қазпоштаның» баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

Соңғы деректерге сенсек,  «Қазпошта»  қала және ауылдық жерлерде 1 300-ден астам газет-журнал таратып отыр. Алайда «Қазпошта» цифрлы заманда газет-журналдарды жеткізу құны тіптен қымбаттай түсетінін алға тартудан жалықпай отыр.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, газет таралымы мәселесінің артына үңілсек, үлкен мән жатыр.  «Оқу мәдениетін сақтап қалу үшін де газет таралымына назар аударуымыз керек», – дейді депутат. 

«Негізі, құстың қос қанатындай – дәстүрлі басылымдар да, әлеуметтік желі де қатар дамыса, жамандығы қайсы? Адамдарға таңдау мүмкіндігін беру керек. Газет оқып үйренген газет оқысын. Интернетке арқа сүйейтіндер интернетімен бола берсін. Заман, уақыт бәрін реттейді. Ал газет оқыту үшін балалар басылымдарына мемлекеттік қолдау керек. Көп­теген Еуропа елінде 18-ге дейінгі жас­­­өспір­імдерді қалаған басылымдарға жаздыртып береді. Біздің елде де сондай үрдісті қолға алу керек. Жас кезінен өздеріне арналған басылымды оқып үйренген жеткіншектер есейгенде қажет газет-журналдарды оқитын болады. Тек әлеуметтік желідегі ақпаратқа арқа сүйеу – ұлттың өрісін тарылтады. Сондықтан 100 жылдан бері қалыптасқан оқу мәдениетін сақтау керек», – дейді депутат.  

Қалай десек те, газет-журналға раритет, көненің көзі деп қарауға болмайды. Біздің елімізден дамуы айтарлықтай алға кеткен Америка, Жапонияның өзінде әйгілі газеттер үлкен таралыммен әлі күнге дейін шығып жатыр. Баланы мектеп жасынан оқу мәдениетіне баулып отырған Америка, Жапон халқының ғылым-технологиялық даму саласында айтарлықтай алда тұруының бір себебі – оқу мәдениетінің қалыптасуында жатуы да мүмкін. Сондықтан газет-журналға «ескінің сарқыншағы» деп қарауды қойып, оның таралымын реттеудің тиімді тетіктерін Үкімет деңгейінде қарағанымыз дұрыс. Сұраныс бар жерде оқырман саны артады. Ал қалың оқырманның газет-журналды уақытылы қолына алуы туралы тілегі – мемлекет тарапынан ес­керусіз қалмайды деп сенеміз. Қазақ ба­с­­­пасөзінің тынысы кеңейіп, таралуына «Қазпоштадан» бұрын мемлекеттің кө­мегі керек!

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы