Астананың төрінде, Тәуелсіздік сарайында 3-4 шілде күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.
ШЫҰ: Ынтымақтастықтың жарқын белесі
1,457
оқылды

Қазір бұл ұйымға 9 мемлекет мүше және 3 мемлекет – бақылаушы. 

Ұйым мүшелерінің саны 10-ға жетеді

Өткен ғасырдың соңында іргелес қонған бес мемлекет көшбас­шы­ларының «Шанхай бестігі» аталған тұрақты кездесулері тетігі ақыры Шан­хай ын­тымақтастық ұйымының (ШЫҰ) құ­рылуына ұласты. Әу баста 1996-1997 жылдары Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстан қол қойған Әскери саладағы сенімді нығайту туралы, сондай-ақ Шекара аудандарында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдердің негізінде осы ұйым қалыптасты. Яғни, ШЫҰ шекаралас осы елдер арасында қарулы шиеленістердің алдын алу, олардың кең ауқымды шапқын­шылыққа, терри­ториялық тұтастықты бұзуға дейін ушығуына жол бермеу міндетін атқарды.  

Азия кеңістігі үшін аталған ке­лісімдердің теңдесі жоқ сипатқа ие екенін ескере отырып, «Шанхай бестігі» елдері сол уағда­лас­тықтардың орындалуын бірге үйлестіріп, жүзеге асуына жоғары деңгейде бірлесе бақылау жүргізу туралы шешім қа­былдады. 

«Шанхай бестігін» жеке ұйымға – әртүрлі саладағы көпжақты ын­ты­мақтастықты ілгерілететін өңірлік құ­рылымға айналдыру 2000 жылғы 4 шіл­деде бекітілген Душанбе дек­лара­циясында мәлімделді. Оған Қазақ­стан, Қырғыз Республикасы, ҚХР, РФ, Тә­жік­стан қосылды.  

Қазір ШЫҰ-ға барлығы 9 мемлекет – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, ҚХР, РФ, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан Ислам Республикасы, Үндістан, Иран Ислам Республикасы кіреді. 

Тағы 3 ел – Ауғанстан (2021 жылдан бергі қазіргі ресми атауы – Ауғанстан Ислам Әмірлігі) Моңғолия және Бе­ларусь бақылаушы мемлекет мәр­те­бесіне ие. 2022 жылғы Самарқан сам­митінде Беларусь статусын мүше-мем­лекет деңгейіне дейін көтеру процесі басталды. Ал дәл Астана саммитінде ШЫҰ мүшелерінің саны 10-ға дейін жетеді. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымының астаналық саммитінің басты жиыны алдағы бейсенбіде, 4 шілдеде Тәуелсіздік сарайында ашылады. Саммитке Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Себебі 2023 жылдың шілдесінен бері ұйымға Қазақ­стан төраға болып келді. Астана сам­митінен кейін ШЫҰ-ның төрағалық тізгінін Қытай ұстайды.

Осының алдында Қ.Тоқаев ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген тақырыппен өтетінін жеткізді.

– Шанхай ұйымының негізгі мақ­сат­тарының бірі – аймақтағы бей­бітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты да­муды қамта­масыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Бұл саммит әлем­дік архи­тектоникада өте маңызды орын алатын ортақ ұйымымыздың тарихына жаңа парақ болып енеді. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тікті. Қызметімізге басқа дер­жавалар қызы­ғушылық танытады, көп­теген сұрақ қояды. Мен 1996 жылы сәуірде ШЫҰ құруға қатыстым. Ол кезде бұл ұйым «Шанхай бестігі» аталатын. Содан бері Шанхай ын­тымақтастық ұйымының рухы қалып­тасты. Біз Азия­дағы, Еуразия құрлы­ғындағы, жал­пы әлемдегі бейбіт­шілікті, қауіпсіздікті сақтау жолындағы ықпал­дастығымыздың негізгі қағи­даттарын дәйекті түрде нығайтып келе­міз. Бұл – өте дұрыс қа­дам! – деді Президент.

Еліміздің Сыртқы істер ми­нистр­лігінің мәліметінше, Астана саммитіне бірден 16 елден мемлекет лидерлері мен үкіметтер басшылары келеді деп жоспарланған. Яғни, Қазақ­стандағы ұлы құрылтайға мүше және бақылаушы елдер сыртында, «ШЫҰ диалогі бойынша серіктес» елдер де қатысады. Олардың арасында Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, РФ, Өз­бекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түр­кия, Беларусь, Моңғолия, Әзер­байжан, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан бар. Басқаша айтқанда, жаһан жұртшылығының шамамен жартысының мүддесін ұсынатын көшбасшылар Қазақстанға жиылмақ. 

Айтқандай, әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі екен.

Саммитке сондай-ақ БҰҰ Бас хат­шысы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы (АҚИҰ), Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері құрған Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД, Еур­азиялық экономикалық комиссия бас­шылары қатысады деп күтілуде. Оларға шақыртулар жіберілген.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемле­кеттердің басшылары күн тәртібіне енгізілетін және өзара мүд­делерге сай келетін өзекті мәсе­лелердің кең ауқымын қарастырады. Соның ішінде саяси, сауда-эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық ық­палдастық және халықаралық геосаяси мәселелер талқыға салынбақ. 

«Саммит отырысы барысында Шан­хай ынтымақтастық ұйымының халық­аралық және өңірлік өзекті проб­ле­маларды шешудегі рөлін әрі қарай нығайтуға септесетін көкейкесті мә­селелердің кең спектрін қарау жос­пар­ланып отыр», – деген түсініктеме берді қазақстандық сыртқы саясат ве­домствосы.

Жоғарыда айтылғандай, Астана саммитінде Беларусь республикасын ШЫҰ-ға толыққанды мүше ретінде қа­былдау туралы шешім қабылданады. Биылғы мамырда, мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің сам­митінде Қ.Тоқаев Беларустің «Шанхай рухын» одан ары күшейтуге және ШЫҰ ая­­сындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға айтар­лықтай үлес қосаты­нына» сенім білдірген болатын.

Қауіпсіздік шаралары күрт күшейтіледі

Алдағы саммит аса мәртебелі бол­­ғандықтан, Қазақстан қауіпсіздіктің күшейтілген шараларын енгізіп жатыр. Бұл туралы шетелдік беделді ақпарат құралдары да хабарлады. Жарты әлемді билеген тұлғалардың қауіпсіздігі – мемлекеттік маңызды мәселе екені мәлім.

Мысалы, саммит өткізу кезеңінде астаналық балабақшалар жабылады. Мемлекеттік қызметшілердің 70 пайыздайы қашықтан жұмысқа көшеді. Басқаша айтқанда, қаланың тіршілігіне жауаптылары және саммитке қызмет етуге жұмылдырылғандар ғана жұмыс орнында қалмақ. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың ұжымдары да жұмыс күні үйлерінде отырады.

«Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болуы, сондай-ақ жолдарда кептелістердің туындауын болдырмау үшін мемлекеттік мекемелер мен квази­мемлекеттік секторға 2-ші шілдеден бас­тап, 4 шілде күндері аралығында, қызметкерлерінің 70 пайызға дейінгісін жұмысты қашықтан істеу форматына ауыстыруға кеңес берілді. Бұған қоса, 3-4 шілде күндері мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейтін болады», – деп хабарлады Астана әкімдігі. 

Бұл ақпаратты елордалық Білім басқармасы растады.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары, балабақшалар екі күн бойын, яғни 3-4 шілде күндері жұмыс істе­мейді, жабылады. Бұл Астанада Шан­хай ын­тымақтастық ұйымы саммитінің өт­кізілумен байланысты. Бізге Оқу-ағарту және Ішкі істер министр­ліктерінен осыны сұраған хаттар түсті», – деді бас­қарма мамандары.

Әкімдіктің түсіндіруінше, бұл – әлемдік тәжірибе: көп елден лидер жиналатын ірі халықаралық іс-шара өткізілген кезде қауіпсіздіктің кү­шей­тілген шаралары қабылданады. Қаланың белгілі бір аудандары жабылады. Жұ­мыскерлер ішінара қашықтан жұмысқа көшіріледі. 

Халықаралық сарапшылардың бай­ламынша, терроризммен және экстре­мизммен күрес – саммиттің күн тәрті­біндегі басты тақырыптардың бірі бо­л­мақ. Өйткені дәл соның қарсаңында Ресейде, соның ішінде Мәскеудегі Крокус-Сити холда лаңкестік акті болды. Күні кеше Дағыстанда да белгісіз біреулер ел астанасы Махачкала мен тарихи шаһар Дербентте атыс ашып, кейбір деректер бойынша, 25-тей құқық қорғау қыз­меткері қаза тапқан. Екі шіркеу, екі синагога өртеліп, православ діни қыз­меткері қастан­дықпен бауыздап өлті­рілген. Биылғы 16 маусымда Ростов-на-Дону қаласында «ИГИЛ-Даиш» лаң­кестік ұйымы атынан әрекет еткен жат діни ағымның өкілдері тергеу изоля­торындағы қызметкерлерді кепілге алды. 

Қазақстанның төрағалығы қандай жеміс берді?

Биылғы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  та таяуда ШЫҰ елдерінің қауіпсіздік кеңестері хат­­шыларымен кездесуде әлемде халық­аралық терроризм қайтадан күшейе бастағанына екпін түсіргені белгілі. Оның айтуынша, бүгінде барынша жүйелі және батыл жауап қажет. Өрше­лене түскен терроризмге мемлекеттердің жауабы қандай болатыны да ШЫҰ саммитінде талқыға салынып, нақты шешімдерге негіз болуы мүмкін.

2024 жылғы 21 мамырда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығының алдын ала қорытын­дысына тоқталды және жетекші ретінде Қазақстанның ұйым әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмса­ғанын нықтады. Оның айтуынша, өткен бір жыл ішінде ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда, жалпы саны 100-ден астам іс-шара өткізілді.

Мысалы, біраз жыл бұрын Қазақстан «Киелі орындар» жобасын жүзеге асыр­ған болатын. Соның үлгісінде Астана Шанхай ынтымақтастық ұйымы елде­рінің «Киелі орындары» жобасын қолға алды. Оның аясында жүргізілген жұ­мыстар аяқталып келеді. 

Қазақстанның бастамасымен 2024 жыл ШЫҰ-да «Экология жылы» болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет са­лаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғас­тырып жатыр. Олардың эстафетасы ҚХР-ға табысталады. 

Атап өтер жайт, төраға ретінде Қазақ­стан Астана саммитінде қабыл­дануға тиіс ортақ шешімдердің, көп­жақты құжат­тардың жобаларын әзір­леді. Олар­дың мәтіндерін барлық мүше мем­лекеттің келісімінен өткізді, олар­дың талап-тілектерін, ұсыныс-ескерт­пелерін қа­был­дап, пысықтады. Тоғыз елдің СІМ басшыларының, басқа­ларының жиын­дарын өткізді. Дайын­дық жұмыс­тарын толыққанды, қызу жүргізді.

Нәтижесінде, ШЫҰ-ның келесі аптадағы Астана саммитінің күн тәртібіне 20-дан астам құжат шығарылып, мемлекеттер басшылары кеңесінің қа­рауына ұсынылады. Олар­дың сам­миттен кейін тиімді іске асырылуы ШЫҰ ая­сындағы жан-жақты серіктес­тіктің ны­ғаюына елеулі серпін беруге тиіс. Бұл енді жаңа төраға – шығыс көршінің жауап­кершілігіндегі іс. 

Президенттің пікірінше, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді. Мемлекет басшы­сы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құнды­лықтарын ұжым болып ілгері­лететін уақыт келді деп са­найды.

Сондықтан Қазақстанның бастама­сымен Астана саммитінде қабылданады деп күтіліп отырған басты бір құжат – ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы болмақ. Сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның «Астана декларациясы» қабылданады. Онда әлемнің түрлі өңіріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге мән берілмек.

Мұның сыртында Қазақстан ШЫҰ-ны реформалау баста­масын көтерді. Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты ше­шім­дерді дайындауға мүше мем­лекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақ­тастықтың тиімді және көпжақты теті­гіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсы­ныс жасады. Мем­лекетіміз алдағы уақытта да осы бас­тамалар қолдау таба­ды деген үмітте.

Айхан ШӘРІП