Мемлекет басшысы қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды екенін айтты.
AIQYN, «Литер», Turkistan: Президент күнделікті қандай республикалық газеттерді оқитынын айтты
760
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі күнделікті оқитын республикалық басылымдарды атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мемлекет басшысы  Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», AIQYN, «Литер», Turkistan, Ana tili, «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді үзбей оқып отыратынын айтты.

– Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды.

Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек.

Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда»,  AIQYN, «Литер», Turkistan, Ana tili, «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын.

Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев  ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі екенін атап өтті. 

– Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет.

Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл – шешуші дүние.

Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер.

Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр.

Бүгін ортамызда осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарған азаматтар бар. Аймақтағы журналистиканың көшін бастаған тұлғалар да аз емес. Осы жиынға әр облыстың бұқаралық ақпарат өкілдерін арнайы шақырдық. Бір сөзбен, бұл жерде нағыз майталман мамандар отыр. Сондықтан мен ақпарат саласына ерекше еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді Президент.