Статистика объективті және сенімді болуы керек.
Сенат Төрағасы: Әкімдіктер статистиканы жақсарту үшін мәліметтерді құбылтуы мүмкін
697
оқылды

Статистика объективті және сенімді болуы керек. Бұл барлық көрсеткішке қатысты мәселе. Оның ішінде адамдардың өмір сүру деңгейіне қатысты мәліметтер үшін аса маңызды. Бұл жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Палата отырысында айтты.

«Тиімді қадамдар жасап, қажетті заңдар қабылдау үшін бізге облыстарда, өңірлерде не болып жатқаны жөнінде объективті әрі нақты деректер қажет. Қазіргі таңда негізгі статистикалық мәліметтер жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен және үйлестіруімен қалыптасатыны белгілі. Олар үшін бұл, бір жағынан, жоғары тұрған құрылымдарға қандай да бір есеп беру екені түсінікті. Осы ретте кей жағдайда манипуляцияға жол берілетінін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын жұмыстар барынша нәтижелі болуы үшін инфляция, халықтың табысы, экономикалық өсу, белгілі бір салалар мен өңірлердегі жағдай бойынша объективті статистика қажет. Сол себепті бұл мәселе өте маңызды және заңға баламалы ақпарат көздері бойынша нормалардың енгізілуі дұрыс тәсіл», – деді Сенат Төрағасы.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев жергілікті жерлерде статистикалық мәліметтер қалай қалыптасатынын және баламалы ақпарат көздері қаншалықты қолданылатынын қадағалау үшін Статистика бюросымен бірлесіп, өңірлерде Сенаттың салалық комитетінің көшпелі отырысын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ қазіргі таңдағы Big Data және басқа да дереккөздерін қолдана отырып, статистикалық массивті тиімді талдау тәсілдерін зерделеудің маңызды екені сөз болды.

Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.