Журналистердің кәсіби мерекесіне орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдары саласының бірқатар қызметкеріне пәтер кілті табысталды.
Мемлекет басшысының атынан бірқатар БАҚ қызметкеріне баспана берілді
622
оқылды

Dara Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада масс-медиа саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын Қазақстан  Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Dara қорының президенті Әсел Шілдебаева салтанатты түрде табыстады. 

Қазақстан  Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының БАҚ саласын дамытуға айрықша мән беретінін айта келіп, қуаныш иелерін жаңа қонысымен құттықтады. 

«Журналистер арасында «біз не мемлекеттік қызметшілердің, не бюджеттік мекеме қызметкерлерінің санатында жоқпыз, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмаймыз» деген мәселе жиі көтерілетін. Президенттің тапсырмасымен сол олқылықтың орны толып, жыл сайын журналистерге баспана беру дәстүрге айналды. Ең бастысы, пәтер кілттері еліміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды халыққа жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдеріне табыс етіледі. Соның ішінде баспана шын мәнінде мұқтаж жандарға беріліп отыр. Атап айтқанда, 21 пәтер көпбалалы отбасына, 5 пәтер жалғызбасты аналарға берілді. Сонымен қатар отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы немесе жұбайы бар 11 азамат баспаналы болды. Пәтер алған БАҚ саласы қызметкерлерінің арасында 6 отбасы осы уақытқа дейін жатақханада тұрып келген. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Бір отбасы баспаналы болса, қуанып, халықтан сүйінші сұрайтын журналистердің үйлі болуы – өте қуанышты жағдай», – деді Берік Уәли.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет әлеуметтік жобаларды толығымен қолдайтынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесіне көп көңіл бөледі. Қолжетімді баспана бойынша түрлі әлеуметтік жобалардан басқа, Қазақстанның 1 миллион 300  мыңнан астам азаматы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, жалпы 3 триллион теңгеден астам зейнетақы жинағын пайдаланғанын да атап өткен жөн. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жердем беруінің теңдессіз тетігі», - деді министр Аида Балаева.

Былтыр Мемлекет басшысының атынан БАҚ қызметкерлеріне 1 және 2 бөлмелі 65 пәтер, ал биыл 67 пәтер берілді. Нақты айтқанда, 13-і – 3 бөлмелі, 45-і – екі бөлмелі, 9-ы – бір бөлмелі пәтер.