Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, велосипед маусымы басталғалы бері «Жасыл белдеу» аумағында төртінші мәрте бұқаралық велошеру өткізіліп жатыр. Жаз мезгілі мектеп оқушылары мен көптеген қызметкерлердің демалыс уақытына сәйкес келгендіктен, үлкен қалаларға ағылатыны белгілі. Кезекті велошеруге осы маусымдағы ең көп 605 әуесқой спортшы бас қосты.
Дәстүрлі 25 шақырымдық қашықтықты бағындыруға қатысушылар Үркер елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейінгі аралықты жүріп өтті. Бүгінгі велошеруге Астана қаласының тұрғындарынан бөлек, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Павлодар облыстары және Шымкент қаласынан да қатысты.
«Атырау облысынан келдім. Қазіргі уақытта Астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Алдағы күндері велошосседен чемпионатқа қатысамыз. Бүгін демалыс болғандықтан, жаттығудан бөлек, «Жасыл белдеуді» де көрдім. Жап-жасыл. Ауасы таза, тып-тыныш. Жол бойы керемет суреттерге түсіп келдік. Қала күні уақытына тұспа-тұс келгенімізге қуаныштымын!» – деді Жантілек Жолдас.
Сондай-ақ қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, нәтижесінде 10 адам велосипед ұтып алды.
«Астана қаласы жыл сайын кеңейіп, спорт орталығына айналып келеді. Әр апта сайын бұқаралық жүгіру, велоспорт, т.б жарыстар жиі өтеді. Ал «Жасыл белдеудің» орны бөлек. Кәдімгідей сергіп қаласың. Ауа райы да өте қолайлы болды. Іс-шара соңында лотереядан велосипед те ұтып алдым. Бұл да мен үшін қосымша қуаныш. Баршаңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын!», – деп қала тұрғыны Серік Халелов өз қуанышымен бөлісті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.