Бүгін депутаттардың өңірлерде жұмысы басталды.
Мәжіліс депутаттары елордадағы жылу мәселелерін бақылауда ұстап отыр
617
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Татьяна Савельева, Самат Нұртаза, Марат Башимов және Дүйсенбай Тұрғанов Астанадағы «Тұран» газ жылу станциясының құрылысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгінде қуаты сағатына 250 гигакалорий болатын 4 қазандық салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл қадам алдағы жылу беру маусымында елорданың Нұра ауданында орналасқан тұрғын үйлерді бірыңғай жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл нысандар жеке қазандықтарды пайдаланып келген болатын.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жылумен жабдықтау мәселелерін шешу мақсатымен «Тұран» ГЖС құрылысы жалғастырылуда. Алғашқы қазандық былтыр пайдалануға берілді.

– Жуырда біз «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылдадық. Бұл құжат аталған саладағы мемлекеттік қадағалауды күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, жылу желілерін бақылау қызметі жергілікті атқарушы органдардан Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау комитетіне берілді. Сондай-ақ жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспары енгізілуде. Бұл қадам саладағы жұмысты жүйелендіруге және ретке келтіруге мүмкіндік береді. Астанада 2 жыл бұрын жылу тапшылығы болған еді. Алайда өткен жылыту маусымында қала алғаш рет профицитке шықты. Бұған «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасы мен «Тұран» ГЖС-ның 1 кезеңі пайдалануға берілуі ықпал етті, – деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов. 

Депутат Павел Казанцев жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешілгендіктен, «Тұран» ГЖС тұрғын үй құрылысына серпін беретінін атап өтті. Қорғалжын тасжолы бойында қазандықты пайдалануға беру арқылы жылу тапшылығы бар негізгі аумақтарды және Сығанақ көшесінің оңтүстігінде, Тұран даңғылының батысында орналасқан болашағы бар құрылыс аумақтарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Қазақстандық ипотекалық компанияның тұрғын үй кешені салынып жатқан «Эллингтон» көпбейінді отбасылық ойын-сауық туристік аумағына және Қорғалжын тасжолы мен Сейфуллин көшесі арасындағы учаскеге жылу желілерін жеткізуге болады. Бұл жаңа тұрғын үйлерді, оның ішінде әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ коммерциялық ұйымдардың ғимараттарын іске қосуға мүмкіндік береді. 

– 2023 жылдан бері профицит деңгейіне жақындап келеміз. Яғни, жаңа үйлерді жылу желілеріне қосуға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ жылу желілеріне байланысты ақау да жоқ. Жаңадан қосылған 3 станция қажетті гидравликалық режимді сақтауға мүмкіндік береді. Біз Астананы артық шығынсыз жылумен қамтамасыз ете аламыз, – деді Астана қаласы энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов.

Сонымен қатар, депутаттар энергетиктердің ұсыныстарын тыңдады. Оның ішінде электр энергетикасы туралы заңға да қатысты ұсыныстар бар.

Сапар барысында мәжілісмендер өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер, сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізеді. Тұрғындармен жүздесу барысында депутаттар сайлаушыларды қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы хабардар етіп, азаматтардың тарапынан көтерілген аса маңызды мәселелерді зерделейді. Әрі қарай депутаттар Үкіметпен бірге осы мәселелерді шешу жолдарын іздейді. Депутаттардың өңірлердегі сапар қорытындысы күзде Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарының бірінде жинақталады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.