Бір тонна сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы 45 158 теңгені (бұрынғы бағасы — 40 320 теңге) құрады.
Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өсті
2,674
оқылды

Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы өңірге қарай литріне 5-8 теңгеге дейін шамалы өсті,- дейді  Aikyn.kz сайты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астана және Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында – сұйытылған газ литрі 76 теңгеден 84 теңгеге өсті. Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облысы және Шымкент — 64 теңгеден 79 теңгеге, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 54 теңгеден 59 теңгеге қымбаттады. Алматы қаласында, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 81 теңгеден 89 теңгеге өзгерген.

Жамбыл облысында – литріне 78 теңге (71 теңге), Павлодар облысында  81 теңге (74 теңге) болып өзгерген.

Министрлік бұл шараны қабылдауға бірнеше себеп бар екенін түсіндірді:

* сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндіру құнынан әлдеқайда төмен;

* ТМД-да тұтыну күрт өскен;

* ТМД-да зауыттар өндіріске деген қызығушылығын жоғалтуда;

* Қазақстанда 54-86 теңгеге дейін ТМД-дағы ең төмен бағалардың бірі байқалған.

«Салыстырмалы түрде Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге, Әзербайжанда — 171 теңге, Тәжікстанда — 273 теңге. Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 млн тоннаға жетеді. Бұл ретте газ тапшылығы 30-40% құрауы мүмкін», - дейді министрлік.