Оқиға Маңғыстау облысында болған.
Менингококк инфекциясын жұқтырған 1 бала қайтыс болды
858
оқылды

Маңғыстау облысында жыл басынан бері (5 айда) менингококк инфекциясының 5 жағдайы тіркелді, барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ауру Ақтау қаласында (3 жағдай), Мұнайлы ауданында (1 жағдай) және Жаңаөзен қаласында (1 жағдай) тіркелді. «Науқастардан бактериологиялық зерттеуге «Жұлын сұйықтығы» сынамасы алынып, «Эталон Мед» ЖШС зертханасына тапсырылып, қорытындысында ПТР қорытындысынан  Neissria meningitidis қоздырғышы анықталды.

Тіркелген жағдайлардың 1 жағдайы өліммен (Мұнайлы ауданында 12 жастағы бала) аяқталды. Басқа 4 науқас ем қабылдап, денсаулығы жақсарып, ауруханадан шығарылды. Ауру ошақтарында қарым-қатынаста болған 198 адамға бактериологиялық зерттеу жүргізілді, нәтижелері теріс, ауру көзі анықталған жоқ», – деді Маңғыстау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гульнар Куркинбаева. Менингококк инфекциясы  – жедел түрде өтетін бактериалды (қоздырғышы – Neisseria meningitidis) ауа тамшыларымен жұғатын ми мен жұлын қабықшасының қабынуымен өтетін жұқпалы ауру.

Инфекцияның басты көздері: ауру адам және бактерия тасымалдаушылар. Инкубациялық кезеңі: 1-10 күн (орташа 2-4 тәулік).

Жұғу жолдары:

1) Ауа тамшылары арқылы;

2) Су арқылы –  ашық су қоймаларында немесе бассейндерде шомылу кезінде. Этиологиясы. Менингококкты инфекцияның қоздырғыштары Neisseria meningitidis Neisseria тегіне, Neisseriacea тұқымдастығына қатысты. Ол – грам теріс диплококк, қозғалыссыз. Ол сыртқы ортаның әртүрлі факторларына, антибиотиктерге өте сезімтал. Менингококктар қайнатқанда бірден, дезинфекциялаушы ерітінділер әсерінен бірнеше минутта жойылады.

Менингококк инфекциясының басты клиникалық белгілері:

– Дене температурасының көтерілуі (39-40°С);

– Жалпы әлсіздік, құсу, сұйық нәжіс;

– Қатты бас ауруы, суық тию, жөтел, тамақтың қабынуы;

– Денеде қызыл жұлдызша тәрізді бөртпелердің пайда болуы;

– Іш пен бұлшық еттердің ауруы, әсіресе мойын бұлшық еттерінің ауруы;

– Жарыққа қарай алмау, құрысу, мазалану;

– Сананың шатасуы.

Менингококк инфекциясының түрлері:

1. Жергілікті : • Менингококк тасымалдаушы • жедел назофарингит

2. Гематогенді – жайылған түрлері • менингококкемия • менингит • менингоэнцефалит • аралас түрі (менингит+менингококкемия)

Басты профилактикалық алдын алу шаралары:

• Ауру белгілері пайда болған жағдайда дер мезгілінде дәрігерлік көмекке жүгіну;

• Қолды сабынмен жуу, жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;

• Көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;

• Қайнатылған және бөтелкедегі суды ішу;

• Ашық су қоймаларында шомылмау;

• Бөлмелерді тұрақты желдету, дезинфекциялық ерітінділермен ылғалды тазалау жұмыстарын күшейту;

• Халықтың көп жиналған жерлерінде (ірі сауда орындары, мешіттер, әуежай, вокзал және т.б) медициналық бетперде кию.