WhatsApp-та тараған аудио хабарламада Қырғызстаннан құтыру ауруымен ауырған малдың еті Қазақстанға әкелінгенін айтады. Одан бәліш пісіріп, жол үстінде сатады екен. Бұл – ескі фейк.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«2011 жылғы 19 қазанда ауыл шаруашылығы жануарларының аусыл ауруы бойынша енгізілген қолданыстағы шектеуге байланысты Қырғыз Республикасы аумағынан ауыл шаруашылығы жануарлары, сондай-ақ сиыр, қой және шошқа еті әкелінбейді. Егер етті контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеті расталса, шекарада бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданады», – делінген ведомство хабарламасында.
Дәл осындай аудио хабарлама танымал мессенджерде 2021 жылы таралған.
Айта кеткен жөн, Жамбыл облысында Қырғыз Республикасымен шекарада төрт ветеринариялық-бақылау бекеті жұмыс істейді: Қарасу, Қордай, Сыпатай Батыр және Айша-Бибі. Онда ветеринариялық инспекторлар бақылауға жататын тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу кезінде құжаттамалық, физикалық және зертханалық тексеру жүргізеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.