Тіпті, ол жердің тұрғындары ішімдік ішуден бас тартқан.
Елімізде бірде-бір қылмыс жасалмаған жер бар екен
5,573
оқылды

Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округі ең үлгілі ауыл атағына үміткер. Мұнда соңғы 4 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауылдық округке Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдары кіреді, онда 1700-ге жуық адам тұрады, - деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Округтегі үш дүкенде алкоголь мен темекі сатылмайды. Жақында төртінші дүкен ашылады, бірақ ол кәсіпкер де ауыл тұрғындарының бастамасын бірден қолдаған. Мұндай шешімді тұрғындар ұрпақты азғырмау үшін ақылдаса отырып қабылдаған.

Нәтиже бірден байқала бастады. Бұл бастама қылмыс пен құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ отбасылық жанжалдардың алдын алады. Бірақ бұл жерде учаскелік полиция инспекторының құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысы да маңызды рөл атқарады. Учаскелік инспектор Сағынғали Саламатов 5 жылдан бері Сыздықбаев ауылында тұрады. Ол өз аумағындағы ахуалды толық меңгеру үшін жүйелі шаралар қолданады: рейдтер жүргізіп, полицияда есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді, азаматтық қару иелерінің ережелерді сақтауына тексерулер жүргізеді.

Жамбыл облысында осындай үлгілі басқа да ауылдар бар. Бес ауданда 12 ауылдық округ алкогольден бас тартқан. Нәтиже барлық жерде бірдей: олар ең қауіпсіз ауылдар деп танылды. Бұл жұмыста ауыл тұрғындарының даулы мәселелерін шешуге көмектесіп, барлығын бейбітшілік пен келісімге шақыратын ауыл ақсақалдарына үлкен рөл беріледі.