Біз ақшаны көбірек жаратсақ, ол соғұрлым көбірек пайда беретіндей, бақыттырақ қылатындай болып тұрады. Шындығында, шығының артқан сайын қалтаң жұқарады.
«Шығын артқан сайын экономика өсе ме?» –  сарапшы пікірі
1,367
оқылды

Бұл туралы макроэкономист, зерттеуші Аякөз Ханет Aikyn.kz сайтына айтып берді. Ендеше, сөз кезегі сарапшыда:

«Біз ақшаны көбірек жаратсақ, ол соғұрлым көбірек пайда беретіндей, бақыттырақ қылатындай болып тұрады. Шындығында, шығының артқан сайын қалтаң жұқарады. Маңыздысы дұрыс мақсатқа дұрыс мөлшерде жұмсау. Бұл жеке бюджетке қатысты тұжырым. Осы тұжырымды мемлекеттік бюджетке қатысты қолдансақ, бюджет шығыны артқан сайын экономикамыз тиісті деңгейде өсе ме? Осы сұрақты әріптесім екеуміз эмпирикалық тұрғыдан (яғни, нақты сандарға сүйене отырып, кейбір гипотезаларды тексеру арқылы) талдап көрдік», –  дейді ол.

Біз мемлекеттік бюджеттің 2005-2023 жылдар аралығындағы көрсеткіштерін алып, шығынды арттырса, оның экономиканы өсіруге мультипликативті әсері қандай боларын ретроспектива тұрғысынан қарап көрдік.  

Негізгі тезистер:

1) Мемлекеттік бюджет шығындарының өсуі экономикаға оң әсер еткенімен, әрқашан біз күткен нәтижені бермейді; 

2) Жұмсалған әр теңгенің экономика өсуіне дұрыс мультипликатив ықпалын қарау үшін құрылымдық және конъюнктуралық факторларды да есепке алған жөн;

3) Мемлекеттік шығындарды 100 теңгеге арттырсақ, ол 1 жылдан кейін экономиканы 40-50 теңгеге өсіреді  екен (қайталаймын, бұл эмпирикалық зерттеу, табылған сандарға қатып қалудың қажеті жоқ, ары қарай құрылымдық талдау қажет, бірақ бұл зерттеу негізгі трендтерді түсінуге жол ашады); 

4) Біз базалық модель жасадық. Ол модельге сай мұнай секторын алып тастап қарастырсақ, онда экономикаға бюджет арқылы салынған қаражат, мұнайдан тыс секторлар арқылы көбірек пайда әкеледі; 

5) Біздің экономика үшін әлеуметтік трансферттердің маңызы өте зор;

6) Жалпы, біз тапқан «фискалдық мультипликатор» көрсеткіші көп те, аз да емес, бірақ көп зат импорттайтын елдердің экономикасына құйған ақшасының бір бөлігінің сыртқа кетіп қалу қаупі басым.

Қорытынды:

Мемлекеттік шығындарды үздіксіз арттыру экономикаға әрдайым пайдалы бола бермейді. Шығынның артуы қордың азаюы деген сөз. Сондықтан шығынды жоспарлап, әр теңгені тиімді жұмсау маңызды. Шикізат экспортына тәуелді елдер, әдетте фискалдық саясатын жақсарту және мұнайға тәуелділікті азайту арқылы экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізе алады. 

Зерттеу туралы толығырақ: мына сілтемеде