Бұл туралы Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен жиында айтылды.
Қарағанды облысындағы 167 ауылдық округте 159 ауыл әкімі сайланды
880
оқылды

Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өңірдегі ауыл әкімдерінің форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

130 ауыл әкімдері қатысқан ауқымды іс-шараның басты мақсаты – еліміздегі саяси реформаларды жүйелі жүзеге асыру, ауыл халқын толғандыратын өзекті мәселелерді ашық талқылау және оны шешу жолдарын қарастыру.

Алқалы жиында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында еліміздегі саяси реформаларды жаңғырту мақсатында ауыл әкімдері сайлауын өткізу жөнінде тапсырма бергенін және бұл шешім ел тарихындағы маңызды оқиғаға айналған атап өтті.

«Тұрғындар тұңғыш рет жергілікті атқарушы билік басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, Қарағанды облысындағы 167 ауылдық округте 159 ауыл әкімдері сайланды. Оның ішінде, партиямыздан ұсынылған 139 (87%) кандидат жеңіске жетті. Сондықтан, бүгінгі форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деген сенімдемін», – деді ол.

Форум барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді талқылады. Тұрғындармен кері байланысты тиімді ұйымдастыруға да назар аударды.

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған Форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын жүзеге асыру жолдарының бірі болып табылады. Кездесу жемісті болатынына сенімдімін, қатысушылар өздерінің күнделікті жұмысында табысты пайдалана алатын жаңа білім мен дағдыларға ие болады», – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков ауылдық елді мекендерді дамытудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалар да, осында отырған көпшілік азаматтар да ауылдан түлеп ұшты. Ауылдың жай-күйі – бәрімізге ортақ. Оның алдағы күндері қай бағытта дамитыны сіздер мен бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек. Сондықтан ауыл әкіміне артылатын жауапкершілік жүгі – әркез ауыр. Ауыл азаматтары сіздерге айрықша үміт артады», – деді ол.

Осылайша, форум жұмысы пленарлық сессия форматында өтіп, 2 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде – партияның облыстық филиалы, Орталық аппараты басшылығының, Қарағанды облысы әкімі аппаратының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының, Мәжілісі депутаттарының, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының, қалалар мен аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен пленарлық отырыс ұйымдастырылды.

Келесі бөлімде оқыту семинары өткізілді. Онда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алды. Мемлекеттік қызмет істері саласындағы тренерлер менеджмент процесін жетілдіру, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар берді. Жалпы, жиын барысында билік тармақтарының өзара байланысын нығайып, сындарлы шешімдер қабылдау қатысты түрлі кеңес берілді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына өмір сүруге қолайлы тұрмыс деңгейі мен еңбек жағдайын жасап, ауыл азаматтарының сапалы инфрақұрылымға, білімге, медицинаға қол жеткізуін қамтамасыз ету көзделуде. Осы мақсатта – тез салынатын спорт ғимараттарының құрылысын қамтамасыз ету, ауылдағы жас медицина маманына көтерме жәрдемақыны 100 ЖТМ-ге дейін арттыру, ауылдағы санитариялық автокөліктерді жабдықтау, ауыл тұрғындарының скрининг тізімін он бір түрге дейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.