«Алтын Орда» базарында салынып жатқан 3 павильон салымшылары Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
«Алтын орда» дауы: кім кімді алдап-арбап жүр?
1,516
оқылды

Данияр Әлпиев 300-ден астам салымшының ақшасын алғаны рас па?

«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшысы Данияр Әлпиевке алдандық» деген саудагерлер оған сенер емес. Оларға күдік ұялатып отырғаны – Әлпиевтің әйелі мен адвокаты әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық манипуляция жасап, тергеуге әсер ету үшін түрлі айла-шарғы жасауы.

Естеріңізде болса, бұған дейін Әлпиевтің әйелі Алма Әлпиева «әлеуметтік желіде «Алтын Орда» базарында жұмыс істемейтін және жалған салымшылар сұхбат беріп жатыр» деген болатын. Алайда бүгін құрылыс басына жиналған үлескерлер Алмагүл Әлпиеваның сөзін жоққа шығарды.

– Біз «Алтын Ордадағы» құрылысқа салымшымыз. Салымшы ретінде Тоқаевқа үндеу жасаймыз. Біріншіден, Данияр Әлпиевтің әйелі бізге жала жабуды тоқтатсын. Біз жалған адам емеспіз, бәріміз салымшымыз. Екіншіден, бүкіл құжатты жинап алып кеткен Маржан Есжанова табылсын. Үшіншіден, Данияр Әлпиев 300-ден астам салымшыдан жинаған ақшаны қайтарсын, – дейді Президенттен араша сұраған салымшылар.

Әр салымшы 1 миллиард 600 теңге көлемінде қаражат құйған

Әлпиевтің әйелі «жалған салымшы» деп атаған жанның бірі – Гүлайым Мақашева. Ол павильон құрылысына 4 миллион теңге салған. Оның сөзінше, «жалған салымшы» деп айыптаған Әлпиевтің әйелі жала жауып отыр.

– «Алтын Орда» базарында 2004 жылдан бері жұмыс істеймін. Құрылысқа 2024 жылдың қазан айынан бастап қаражат құйыла бастады. Әлпиевтің әйелі мені «жалған салымшы» деп бүкіл әлеуметтік желілерде айтып жатыр. Кезінде сұхбат бергенде тегімді Гүлайым Сиязбай деп қазақша айтқанмын. Негізінде тегім Гүлайым Мақашева. Ал олар «сіз салымшы емессіз» деп жала жауып жатыр. Әлпиев кезіндегі қолыма берілген чекте Гүлайым Мақашева деп жазылған. Енді олар қазір мені белсенділік танытқаным үшін сотқа беріп жатыр. Олар тек бізге чек беріп келді, келісімшарт жасалмады. Бес-алты ай бойы келісімшарт сұрағанда бермей келді. Ақырында басшылық ауысты. Содан кейін Даниярды екі ай күттік. Келмеді. Сосын осы 300 салымшының салған қаражатын мойындату үшін құзырлы орындарға арыз жаздық, – дейді Гүлайым Мақашева.

Салымшылардың айтуынша, Данияр Әлпиев базар басшылығында тұрған кезде әрқайсысы түрлі көлемде жаңа павильонның құрысылына ақша салған. Жалпы саны 300 салымшы 1 миллиард 600 теңге көлемінде қаражат құйған.

Әлпиевтің сөзіне сенген саудагер далада қалған

Тағы бір салымшы Жадыра Қайшаеваның Әлпиевтің кесірінен әлі күнге дейін даладағы сауда нүктесінде жүргенін айтады. Ал «шындықты айтқанымыз үшін кінәліміз» деген салымшылардың бәрі Алмагүл Әлпиеваның жапқан жаласын түсінбей әлек.

«Қыздардың үстінен жала жауып жатыр. Олар «2024 жылдың аяғында құрылысты бітіреміз деп айтқанбыз» дейді. Негізінде Әлпиев 10 айда бітіріп береміз деген. Ал қазір Әлпиевтің әйелі басқалай сайрап жатыр. Бірақ айтылған уақытта құрылыс бітпеді. Екі жылға созылып кетті. Олар құрылыстың төрттен бірін ғана жасады. Құдайға шүкір, қазір жаңа басшылық келіп, құрылыс жақсы жүріп жатыр», – дейді Жадыра Қайшаева.

Естеріңізге салайық, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенін жалға алған Данияр Әлпиевтің басшылығындағы «Altyn Orda New Company» ЖШС үшінші павильонды салу үшін 300-ден астам үлескерден заңсыз қаражат жинаған. Базардың басқарушы компаниясы «Компания номер один» ЖШС директоры Александр Недогарко өз сөзінде үлескерлерге сауда кешенінің құрылыс жұмысымен айналысатын жаңа «Прайм Строй XXI» ЖШС құрылыс компаниясымен таныстырды. Тіпті, кәсіпкерлердің сауда орындарынсыз қалмауын қамтамасыз етуді аталған құрылыс компаниясымен бірге жауапкершілікке алатынын да жеткізді. Қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ал бұрынғы басшы Данияр Әлпиев қазір тергеу абақтысына қамалған.

Жартылай шындық түкке тұрмайды

Айта кетейік, бүгінгі жиында Данияр Әлпиевтің адвокаты төбе көрсеткен еді. Алайда ол салымшылардың сандаған сұрақтарына мардымды жауап бере алмады. Ал базардың басқарушы компаниясы «Big City Market» ЖШС заңгері Ізбасар Өтеулин болса, Әлпиевтің адвокатының сөзінде қарама-қайшылық көп екенін айтады.

«Қазір Данияр Әлпиевтен жапа шеккен 300-ден астам үлескердің шағымы Алматы облысының ПД тіркеліп тұр. Бүгін сөйлеген Данияр Әлпиевтің адвокатының көп сөзін жалған деп танимыз, себебі Әлпиев базарды жалға алушы директор болса да, оған салымшылардан алдын-ала ақша жинау құқығы берілмеген. Әлпиевтің компаниясы ақшаны аудардық дейді, бірақ артынан анықталғандай, ол аударылған ақша зардап шеккен үлескерлерге емес, сол тұста үшінші павильонның құрылысымен айналысқан өзінің досына аударған. Түптеп келгенде, досы ол ақшаны қайта Әлпиевтің өзіне аударған. Бұл мәселе – бос сөз емес, сараптама жасалып, дәлелденген дүние. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысын базардың жаңа басқарушы компаниясы жалғастыруда», – деді Ізбасар Өтеулин.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.