Әншінің анасы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жайт өзіне ауыр тигенін, ұлын қатты уайымдағанын жазған.
«Бауырым деп жүрген досы жауына айналды»: Қайрат Нұртастың анасы қазіргі жағдайы туралы айтты
Фото: instagram.com/ gulziraaidarbekova
31,605
оқылды

Продюсер Гүлзира Айдарбекова ұшақтағы жанжалға қатысты 15 тәулікке қамауға алынған ұлы Қайрат Нұртасқа қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Әншінің анасы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жайт өзіне ауыр тигенін, ұлын қатты уайымдағанын жазған.  

"Түске дейін, «Анасы қандай күйде?» деп мазалауға ыңғайсыздық танытып, сіздердің де жүректеріңіз тыным бермей, түс ауа қоңыраулар мен хабарламалар еш тоқтаған жоқ. Иә, бәріне хайп табылып, бірі "сауап болды" деп күлкіге қарық болып, жандары рахаттанып ойларына келгенін жазса, 90 пайыз халық жанашырлықпен жүректері жылап жатты. Алғашында "Түннен аман шығамын ба, жоқ па?" дедім, рас. Құр сүлдерім қалғандай, жанарым бір нүктеге қадалып, ұзақ отырдым. Ішім өртенді, күйдім-жандым, рас. Жолдасымның, бала-шаға, ағайын, достарымның уайымы ұлымнан бұрын мен болғанымды да сезіндім. Болмаған соң Нұрекең телефон соғып, ұрыса бастады. "Елдің балаларында одан да ауыр сынақ болып жатқандары бар, ер-азамат болған соң басынан бәрі өтеді, еңсеңді көтер, сен мықты болуың керек" деді. Қазір бәрін ойлап, ойым жан-жаққа шашыраңқы болып тұрғаны рас. Сонда да болса, ұлымның сот процесі басталысымен көмекшісіне қарап, мамам жыламасыншы деп ымдап түсіндіріп жатқанын көріп, көзімнің жасына ерік бердім, бірақ ұлыма көрсетпедім", - деп ағынан жарылды Айдарбекова. 

Продюсер ұлының бауырым деп жүрген досы бір сәтте жауына айналғанын атап өтті. 

"Жанына жақын ұстап, үстіндегі киімдеріне дейін шешіп беріп, қимас дүниесі мен ақшасына дейін бөлісіп, бауырым деп жақын тұтып жүрген досы, бір сәтте жауына айналады деп кім ойлаған?! "Менің де көргенім көп балам, бәріне ақ жүрегіңмен сенім артып, жаныңа жинап, үйге алып келе бермеші" деп айтқан кездерім де жоқ емес. Оның үстіне көп нәрсенің құрбаны болуға ел алдында жүргенінің де әсері тиерін ана жүрегім сезбейді емес. Ұлыма бар тілерім "Сағы сынбай, жүзінде мұң болмай, Алла амандық пен сабыр берсін!" Ал сіздерге тілерім: ешбір ананы Құдай баласымен сынамасын", - деп жазды ол. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.