Шекті балды 78% талапкер жинады. Орташа балл – 70.
ҰБТ-дан ең жоғары ұпайды ауыл мектебінің түлектері жинады
5,171
оқылды

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 315 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 77%-ы қазақ тілінде, 23%-ы орыс тілінде, 200-ден астам адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.    

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 78% талапкер жинады. Орташа балл – 70. 

Ең жоғары балл – 140. Оны ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебек жинады. 139 балды 2 оқушы Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Атап өтсек, аталған үш талапкер – ауыл мектептерінің түлегі. 6 бала 138 балл, 20 бала 137 балл жинаған. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға жеті аптаның ішінде 639 талапкер қатысты. 

Бүгінгі таңда 596 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 375 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 179 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 42 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ. 

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижеcі жойылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.