Астанада «Экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы: ШЫҰ шең­берінде тұрақты болашаққа жол салу» тақырыбында Шанхай ын­­ты­мақтастық ұйымы Жастар кеңе­­сінің XVII отырысы өтті. Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.
ШЫҰ Жастар кеңесінің отырысы өтті
1,021
оқылды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше және байқаушы 10 мемлекеттің 150-ден астам делегаты – жас көшбасшылар ұйымның Жастар кеңесінің кезекті оты­­рысына қатысу үшін елордада жи­налды. Іс-шара ШЫҰ мемлекет басшы­ларының Астана Саммиті қарсаңында өтуде. Мә­жіліс Спикері, «AMANAT» пар­­тиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жиынға қа­­тысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды – «Экология жылы» деп жа­рия­лады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілге­рілетпей, қоғамның әл-ауқатын арт­тыру мүмкін емес екенін атап өтті. Кли­маттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін тү­сі­нуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы ше­­шуші рөл атқаруы керек. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қа­тер­­лерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенім­дімін», – деді ол.

Мәжіліс Спикері соңғы уақытта ШЫҰ-ға мүше әрбір ел климаттың өзгеруі салдарымен бетпе-бет келгенін ерекше атап өтті. Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады, Қытайдың кейбір провинцияларында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты, Ресейді алапат су тасқыны әбігерге салды, Қазақстан да соң­ғы 80 жылда болмаған дәл осындай ірі табиғи апатқа тап болды. 

«Бұл – шұғыл шара қабылдау қажет екенін көрсетіп отырған нақты белгі. Сон­­­дықтан біз заңнамалық базаны ны­ғайту және жасыл күн тәртібін ілгерілету ба­ғытында жұмыс істеуіміз керек», – деді Е.Қошанов.

Осы орайда «AMANAT» Төрағасы эко­логия мәселесіне қатысты Қазақстанда қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. Мәселен, су ресурстарын пай­далану тәсілін түбегейлі өзгертетін жаңа Су кодексі әзірленуде. 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш егіледі. Пре­­зидент бастамасы бойынша жаңа эколо­гиялық сана қалыптастыруға және әр аза­матты күн сайын қоршаған ортаның таза­лығын сақтауға, оны өмір салтына айналдыруға шақыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ауқымды акциясы жа­рия­ланды.

«Жастар Рухы» жастар қа­натының төрағасы Ақерке Искандерова қазақ­стан­дық жастардың қоршаған ор­таны қорғау бағытындағы жұмысы туралы айтты. Президенттің «Таза Қазақ­стан» ак­циясына 2,4 млн-нан астам адам қа­тысты, 900 мың тоннадан астам қоқыс жи­­налды, 2,5 млн-ға жуық жасыл желек егілді. 5 мың­нан астам тарихи-мәдени мұ­ра нысандары қайта қалпына келтірілді.

«Жуырда Астана мен Алматы ара­сындағы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын тасжолды қоқыстан тазартуға бағытталған партиялық іс-шара аяқталды. Әр апта сайын партиялықтар еліміздің барлық өңірінде аумақтарды тазалауға арналған «Таза бейсенбі» науқанын өт­кізеді. Небәрі екі аптада шамамен 3 мың тонна қалдық жиналды. Жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі», – деді ол.

Сонымен қатар Ақерке Искандерова «Жастар Рухы» төрағалығы шеңберінде ШЫҰ Жастар кеңесі мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы бірлескен іс-қимылына баса назар аударды. Нашақорлықпен күресу, оған заң аясында қарсы тұру ба­рысында тәжірибе алмасу мәселесіне ерекше мән берілді. Осы жұмыс нәти­жесінде ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйым­дарының есірткі бизнесіне қарсы іс-қи­­мылының ұжымдық жоспары әзірленді.

Қытай Халық Республикасының өкілі, Бүкілқытайлық жастар федерациясы бас хатшысының орынбасары Дун Ся жас­тардың экологиялық білімін арттыру­дың маңызына назар аударды.

«Біз қоршаған ортаны қорғау тұжы­рымдамасын қарапайым әрі түсінікті тіл­мен баяндаймыз. Креативті жастар қорша­ған ортаны қорғау саласында шексіз әлеуе­тке ие. Ол адамзаттың да­­­­муы­на ықпал етеді. Астықты ұқыпты пай­далануға шақыратын жастар акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда», – деді ол.

Ресей Федерациясы Мемлекеттік ду­масының депутаты Денис Кравченко экономика өсімінің драйвері ретіндегі креа­­тивті индустрияның рөлі туралы айтты. Үндістан Республикасы Үкіметінің Жастар ісі жөніндегі департаменті хат­шысының орынбасары Нитеш Кумар Мишра өзендер мен су айдындарын та­зарту және суды үнемді пайдалану бағдар­ламалары туралы тілге тиек етті. Ал Өз­бекстан Республикасы Жастар ісі агенттігі жанындағы Институт директоры Актам Жалилов волонтерлердің Арал теңізінің түбін мелиорациялауға қосқан үлесі ту­ралы баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша қа­тысушылар ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылдады. Құжат эко-волонтерлердің халықаралық штабын құруды, жыл сайын экологиялық жобалар конкурстарын ұйымдастыруды және тағы басқа көздейді.

Сонымен қатар делегаттар бірауыздан шешім қабылдап, Беларусь Республикасы мен Иран, Ислам Республикасының ШЫҰ Жастар кеңесіне кіруге өтінімдері мақұлданды. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жетті. ШЫҰ Жас­тар кеңесіне төрағалық ету кезегі Қытай Халық Республикасына өтті.