Қазіргі Астана – жаңа, азат Қазақстан тұрғызған заманауи тұңғыш елорда.
Бас қаланың қос қанаты
937
оқылды

Астананың бой көтеруі Қазақстан деген тәуелсіз елдің, қазақ деген тұтас ұлттың ұйысып, алға ұмтылуына серпін берді. Ал «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жас астананың құрылысына қуат берді. Оның арқасында бас қаланың мәртебелі меймандарға ұялмай көрсетер заманауи сәулеті мен көрікті келбеті қалыптасты, Астана шағын және орта бизнесті дамыту жөнінен өңірлер арасында көшбасшыға айналды.

Қала ажарын Астанаға лайықты етті

2002 жылғы қаңтардан бастап, 25 жылға іске қосылған «Астана – жаңа қала» АЭА-сы аясында ұсынылған салықтық жеңілдіктер, өзге де артықшылықтар арқасын­да елорданың Есілдің сол жаға­лауын­дағы жаңа әкімшілік-іскер­лік орталығында аспанға мойын­сұнған зәулім ғимараттар, қаптаған қымбат, бесжұлдызды қонақүйлер, стадиондар және басқа да кешендер бой көтерді.

Олардың арасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сының 40 және 37 қабаттық алып қос ғимараты, ел «зажигалка» атап кеткен «Транспорт Тауэр», Abu Dhabi Plaza және оның 75 қабат­тық Qazaqstan мұнарасы, Talan Towers секілді көпфункционалды кешендер, «Хан Шатыр», MEGA Silk Way, океанариум және Аста­наға әр берген басқа да нысандар жетерлік. Өйткені «Астана – жаңа қала» Есілдің сол жағалауын тегіс дерлік қамтиды.  

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) 2027 жылға дейінгі кезеңге құрылды. Бұл АЭА-ның басты мақсаты – инвестициялар тарту, құрылыста озық техно­логияларды пайдалану, сондай-ақ заманауи инфрақұрылым құру арқылы Астана қаласын жедел дамыту. Осы тарихи миссиясын абы­роймен атқарып келеді.

Бүгінде елордада екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, бұлар: «Астана – жаңа қала» және «Астана–Технополис». Қала әкімдігінің мәліметінше, олар инвестициялар тарту және экономиканың басымдықты сала­ларында бәсекеге қабілетті өндірістер құру арқылы қаланың экономикалық дамуын ынталан­дыру мақсатында құрылған.

Осы мақсатта АЭА өз рези­дент­теріне бизнес жүргізуі және перспективті жобаларын іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, бірегей жеңілдік­тер мен преференциялар ұсынады.

– Төл қызметін арнайы эко­номикалық аймақтың қатысу­шысы ретінде жүзеге асыруы үшін инвесторға талаптар қойылады. Негізгі талаптардың бірі – заңды тұлға Қазақстан Республикасында тіркеуге тұруы және экономика­лық қызметтің басым түрлерінің бірін жүзеге асыруға тиіс. Қазіргі уақытта «Астана – жаңа қала» және «Астана–Технополис» ар­найы экономикалық аймақтары қатысушыларының саны 346 компанияға жетті. Оның 110-ы «№1 Индустриялық паркте» орна­ласқан, – деді Astana Invest ЖШС Инвестициялық жобалар департа­менті директорының орынбасары Руслан Чилиманов.

Оның дерегінше, өз қызметін бастағалы бұл компаниялардың ішкі нарықта өткізгенін қоспа­ғанның өзінде, шетелге шығарған экспорт көлемі 140 миллиард теңгені құраған. Олардың бюд­жетке төлеген салық аударым­дарының көлемі 341 миллиард теңгеге жетті. 

Қос аймақтың жетістігі қандай?

Жалпы, арнайы экономика­лық аймақтардың мақсаты жаңа қала тұрғызуға септесумен бітпей­тіні мәлім. Ол елордада бизнестің өркендеуіне ықпал етеді. Соның арқасында Астана электровоз, локомотивтер, құрылыс мате­риалдарын, тұтас панелді үйлерді және басқасын өндіреді.

Астаналық АЭА «өнеркәсіптік инкубатор» қызметін атқарады. Оның қамқорлығымен жаңа кә­сіпорындар мен тұтас салалар дамып жатыр. Теміржол көлігін шығаратын кластер құрылды. Отандық медицина бұйымдарын, швейцариялық минералды тыңайтқыштарды, телекоммуни­кациялық жабдықтарды өндіретін зауыттар табысты жұмыс істейді. Алда басқа жобалар қолға алын­бақ.

Astana Invest мәліметінше, «Ас­тана – жаңа қала» АЭА бастап­қыда 1 052,6 гектарды қамтыды. Бертінде оның территориясы 7 634,71 гектарға дейін кеңейтілген.

Астана – жаңа қала» АЭА аумағы 15 мың 421,72 гек­тарды құрайды. Бұл – 350 Ватикан сыйып кететін ұлан-ғайыр аумақ! 

Осы бірінші АЭА аумағының құрамы: ауданы 5 134 гектарлық «Реновациялау аймағынан», ауданы 3 269 гектарлық «Игеру аймағынан», ауданы 1,9 гектарлық «Жергілікті атқарушы органның аумағынан» және жаңа «Өнер­кәсіптік аймақтан» тұрады. 

Соңғысы 598,1 гектар болатын «№1 Индустриалдық парктен» және 433,1 гектарлық «№2 Индус­триалдық парктен» құралған.   

Айтқандай, дәл осы АЭА аясын­да, яғни соның салықтық жеңілдіктері мен өзге де пре­ферен­цияларын пайдалана оты­рып, қытайлық компания LRT эстакададағы жеңілрельсті қала­лық көлік желісін салып жатыр. LRT-ға 72,41 гектар жер берілген. 

Astana Invest мамандарының айтуынша, «Астана – жаңа қала» аймағының өндіріс көлемі соңғы жылдары 7,434 миллиард теңгеге жетті. Экспортының көлемі – 140,15 млрд теңге. Кейінгі 8 жылда негізгі капиталға салынған инвес­тициялар 9,9 триллион теңге бол­ды.

Соның нәтижесінде, елорда­ның алыстан көз тартар ажары қалыптасты, жаңа әлеуметтік, іскерлік, инфрақұрылымдық, ойын-сауық және басқа объек­тілері іске қосылды, жүздеген мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Мәселен, қалаға келген қонақтар таңмен Есілдің оң жағалауындағы ескі қала тұрғындары сол жаға­лауға жұмысқа ағылатынын, кеш­ке көлік легі кері бағыт алатынын байқайды. 

«Астананың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы территория­сында 200-ден аса объектінің құрылысы жүргізілу үстінде. Оның ішінде 184-і – тұрғын үй кешендері, 16-сы – мектеп, аурухана, балабақша, Оқушылар үйі, спорт кешені және басқа да әлеуметтік нысандар. Қалғаны – бизнес орталықтар», – деп мәлім етті инвестицияларды дамытудың қалалық орталығы.

Аумағы барынша көп игеріл­ген №1 Индустриалдық парк аумағында инвестицияларының жалпы көлемі 322 миллиард тең­гені құрайтын 100-ден аса жоба қолға алынған. Жоспар бойынша кәсіпорындары жобалық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі жылына 175,7 миллиард теңгені құрайтын болады.

Astana Invest басқарма төра­ғасы Асхат Бекеевтің айтуынша, парк өндіріс көлемі жөнінен республикада бірінші орынды алады: парк ашылғалы бергі кезең­нен санағанда, бұл көрсет­кіш 6,7 триллион теңгеге жетті. 

«Астана–Технополис» – 2017 жылы құрылған жаңа АЭА. Оған 688,6 гектар жер бөлінген. Бұл енді 15 Ватикан сиятын терри­тория. 

Оның аумағында жалпы құны 163 миллиард теңгеге бағаланатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде 3 жоба – бағдарламалық қамты­лым саласындағы екі жоба мен ДНҚ-лаборатория іске қосылды (иелері – «Егістік» ЖШС, «Граж­данин» ЖШС және Microread Technologies ЖШС).

«Астана–Технополистің» негізгі миссия-міндеті – инвес­тициялар тарту, қолда бар және жаңадан тартылған озық техно­логияларды, ноу-хауды пайдалану, заманауи инфрақұрылым құру арқылы Астана қаласын инно­вация­лық дамыту. Мұның сыр­тында әлеуметтік салаға, денсау­лық сақтау саласына ин­­­вес­­­ти­ция­-

лар тарту арқылы Астананы жедел өркендету.

Елордада алып өнеркәсіптік кешендер, шаңы бұрқыраған ірі кеніштер, телегей-теңіз мұнай кен орындары жоқ. Соған қарамастан, шағын және орта бизнесті екпінді дамыту арқылы ол елімізде ин­вестиция тарту жөнінен жетекші орындарда. 

Бұл енді жай ғана «шенеуніктер шаһары» емес. Астана – ел эко­номикасының драйверлерінің бірі. Республиканың бүкіл жалпы ішкі өнімінің 10%-дан астамын сол береді. Қазақстанның әкім­шілік орталығы мәртебесіне қа­рамастан, елдің өнеркәсіптік өн­дірісінің 4%-ы осында шы­­­ға­рылады. 

Қазақстанда қазіргі кезде республикалық бюджеттің үш-ақ доноры қалды: Атырау облысымен және Алматы қаласымен қатар Астана да өзге өңірлерді дотация­сымен асырап отыр: 2024 жылы бас қаланың бюджетінен респуб­ликалық бюджетке 74,6 миллиард теңге табысы алып қойылады. 

Бұл табыс одан ары артуы үшін мемлекет инфрақұрылым құрып, ерекше салық және кеден режимдерін енгізіп, елордада шағын және орта бизнестің тоқтаусыз өркендеуіне жағдай жасап жатыр. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерге үздіксіз ізденіс, тынбай талпыныс танытып, өзіне де, елге де пайда келтіріп, жақсы жұмыс істеу қалады. 

Айхан ШӘРІП