Беделді Ұйымға бір жыл бойы төрағалық еткен Қазақстан ШЫҰ кеңістігіндегі достық-ынтымақтастық, қауіпсіздік, экологиялық және тарихи-мәдени мәселелерге қатысты нақты бастамаларға ұйытқы болды. Қазақстан төрағалығы мен саммитке сарапшылардың берген бағасы қандай?
Жаһандық диалог алаңы
487
оқылды

Мирас ЖИЕНБАЕВ,

Сыртқы саясат және зерттеулер бағдарламасының ғылыми қызметкері:

ҚЫЗМЕТ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙДІ

«ШЫҰ+» фор­­ма­тының тұжыры­м­дамалық маңыз­дылығы неде? Қазақ­стан ұйымға төрағалық еткен мерзім ішінде серіктес мемлекеттердің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, сыртқы әлеммен өзара қарым-қатынас орнатудың жаңа формуласын ұсынды. Нәтижесінде қазір көптеген мемлекеттер тарапынан ұйымға кіруге деген ұмтылыс бар екенін көреміз. Ұйымға мүше болып кіру – ұзақ процедура. Айталық, кеше Беларуссия үш жылды артқа тастап барып, ресми түрде мүшелікке қабылданды. Бірақ ұйымға мүше елдердің саны артса, бұл шешім қабылдауға, ведомствоаралық, мемлекетаралық келіс­сөздер жылдамдығына және негізі­нен,ынтымақтастық тетіктеріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан «ШЫҰ+» бұл икемді көпжақтылық формат дер едім.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы не үшін құрылды? Ең алдымен, зұлымдықтың үш күшіне қарсы тұру үшін: терроризм, экстремизм және сепаратизм. Яғни, күн тәртібіндегі қауіпсіздік мәселелерін кең ауқымда талқылауға негізделген. Дегенмен бұл қандай да бір әскери одақ құруды көздемейді. Сонымен бірге ШЫҰ қауіпсіздік саласындағы мемлекеттер ын­тымақтастығының ережелері мен нор­маларын, құндылықтарын талқылауға мүмкіндік береді. Қазір ұйым қызметінің ауқымы кеңейіп, экономикалық ынты­мақтастық, мәдени-гуманитарлық бағыт­тағы өзара іс-қимылға және өркениетті диалогқа бет бұрып келеді. «ШЫҰ+» фор­­­маты – ұйымның географиялық шекарасын кеңейту факторының бірі. Қазірдің өзінде оған Еуразия аумағынан қатысушы мемлекеттер пулы ұлғайып келеді. Болашақта ШЫҰ-ға төрағалық еткен әрбір мемлекет осы диалогқа қатысу үшін өзінің стратегиялық серіктестерін шақырады деп сенеміз. 

Айталық, биыл Қатар саммитке алғаш рет қатысуда, ал біз бұл мемлекет қазақ сыртқы саясатының жарқын бағыттарының бірі екенін білеміз. Әзербайжан секілді бауырлас ел де бізді қолдап келіп отыр. Бұл да қазақ дипломатиясының коалиция ауқы­мын үлкейтуге қабілетті екенін дәлелдеді. Осылайша, Қазақстан икемді формат арқылы мемлекеттерді ұйымға мүше болуға тартуда. Самитте кең ауқымда талқыланған терроризм, экстремизм, ынтымақтастық, қарама-қайшылық, қауіп-қатер мәселелері мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа ережелерін, нормалары мен құнды­лықтарын құруға итермелейді. Мұның барлығы – Еуразия кеңістігінде бірыңғай ойын ережелерін қалыптастырып, мемле­кеттердің толыққанды қауіпсіздікті сезініп, бір-біріне деген өзара сенімін нығайту үшін жасалатын қадамдар. 

Өз басым, Астана декларациясы ШЫҰ даму тарихында бетбұрыс жасайтын кезең болуы мүмкін деп есептеймін. Ең алдымен, ұлы державалардың геосаяси қарсыластығы мен дипломатия мен халықаралық ынтымақтастық қағидаттары дағдарысқа ұшыраған бүгінгідей уақытта декларацияға қол қойылғанын түсіну маңызды. Себебі саммитке қатысушы мемлекеттер кең көлемде қамтылды. Бұл қазақ дипломатиясының әлеуетін көрсетеді. Сондықтан Астана Декларациясын қабыл­дау – бүкіл институционалдық әлемдік тәр­тіп үшін тарихи маңызды факты. Егер ШЫҰ шеңберінде ынтымақтастық тетіктерін дұрыс реттейтін болсақ, онда бұл халықаралық қатынастар жүйесінің негізгі элементі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегенін көрсетеді.

Ерік БАТЫРХАНОВ,

тәуелсіз сарапшы:

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖЕЛІСІ ҚАЛЫПТАСТЫ 

Беларуссияның ШЫҰ-ға кіруі – ел­дің еуразиялық өңір­­­дегі саяси және экономика-

лық интеграциясын тереңдетудегі маңызды қадам. Сонымен 

қатар Беларуссияның халықаралық бай­ланыстарын тексеруге және көпжақты ынтымақтастық арқылы қауіпсіздікті нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Тұтастай алған­да, бұл – тығыз қарым-қа­тынас орнату бағытындағы оң­тайлы шешім. Нәтижесінде, Ұйымға экономикалық және мәдени тұрғыда ынтымақтастық құруға болатын жаңа мүше қосылды. Оның географиялық тұрғыда Шығыс Еуропаға жақын ор­наласуын да ескерген жөн. ШЫҰ-ның кеңеюі ұйымның халықаралық ықпалын және оның жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетін күшейтуге ықпал етеді. 

Астана саммитіне мүше мемлекет басшыларынан басқа серіктес бақы­лаушы елдер де қатысты. Бұл геосаяси қамтуды кеңейтуде шешуші рөл атқарады және ынтымақтастық үшін жаңа аймақ­тарды тартуға жол ашады, өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың кең желісін қа­лыптастырады.

ШЫҰ саммиті аясында Мемлекет бас­шысы ұсынған «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастамасын атап өткен жөн. Бұл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қарама-қайшылықтарды болдырмай, саяси және дипломатиялық шаралар арқылы халықаралық қауіпсіздік күштерін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл бастама ШЫҰ-ның қақтығыстарды реттеудің және жаңа қауіптердің алдын алудың тиімді құралы ретіндегі халықаралық аренадағы рөлін нығайтады. 

Әмина 

ҚОСБАЕВА,

Еуразиялық интеграция сараптамалық институты сарапшысы:

ӘлЕМДІК ТӘРТІПКЕ НЕГІЗ БОЛМАҚ

Тұтастай ал­ғанда, биыл Қазақ­стан тө­ра­ға ретінде ұйым­дастыратын ШЫҰ шеңберіндегі барлық іс-шаралар бұрын-соңды болмаған айрықша сипатқа ие. Көптеген сарапшылар қатысушы елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерінің саны бойынша бұл құрам барынша ауқымды әрі жан-жақты екенін айтуда. Дәл осы «ШЫҰ+» форматы ұйымдар үшін де, Қазақстан үшін де стратегиялық сипат береді. Өйткені  «ШЫҰ+» шарасына қатысатын елдердің барлығы қазіргі уақытта тікелей ұйымға мүше емес. Бірақ бұл ШЫҰ-ның халықаларық аренадағы әлеуетін көр­сетеді. Яғни, өзара диалог жүргізуге балама алаңдарының бірі ретінде ШЫҰ саммитінің тартымдылығын дәлелдейді. 

Экономикалық тұрғыдан саммит осындай кездесулердің нәтижелілігін ай­­қын­­дайтын түрлі келісімдер мен уағ­­даластықтар жасасуға байланысты үмітті толық ақтады. Саммитте Көлік және жүк тасымалы мәселелері басты тақырыптың бірі болғаны орынды дер едім. Өйткені көлік және логистика – қазір аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін факторлардың бірі.

Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделі, жаһандық сенім дағдарысы айқын көрініп отырғанын мойындауымыз керек. Елдер өзара іс-қимылдың жаңа тиімді жолдарын іздеуге мәжбүр. ШЫҰ мемлекеттерге өз мүдделерін еркін білдіре алатын ашық алаң ұсынады. ШЫҰ-ға кіретін немесе онымен ынтымақтасатын әрбір ел өзара іс-қимыл және ынтымақтастық құндылықтарына адал. Ұлттық мүдделерді қорғаумен қатар, бұл құндылықтар әлемдік тәртіпке негіз болып табылады.