Талғат Сырбаз ұзақ жыл бойы еркін күрестен 70 келі салмақта сынға түсті. Ол өз мансабындағы ең ірі жетістігі – Азия чемпионы атағына да осы салмақта қол жеткізген болатын. Көп ұзамай атыраулық балуан 74 келіге ауысты, себебі бұрынғы салмағы Олимпиада бағдарламасына енбейтін. Ал үлкен спорттағы ең биік жеңіс Олимпиада жүлдесімен өлшенетіндіктен, әрбір спортшының төртжылдық додасына қатысу амалын жасайтыны анық.
Сырбаз 74 келіге ауысқанымен, бұл салмақтың көшбасшысына айналған Нұрғожа Қайпановтан өте алмады. Биылғы Қазақстан біріншілігінің финалында әккі қарсыласына тағы да есе жіберді. Осыдан соң сәуір айында Бішкекте (Қырғызстан) өткен Олимпиадаға іріктеу турниріне Қайпанов қатысты да, Талғат Азия біріншілігінде бақ сынады. Қырғыз кілемінде екі балуанымыз да жүлдеге қол жеткізе алмады. Сырбаз қола медаль үшін ұтылса, Қайпанов лицензиядан құр қалды.
Күрес түрлерінен Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін ең соңғы лицензиялық жарысқа Талғат Сырбаз баруы керек-тін. Себебі Нұрғожа екі іріктеуде де алысқа шаппады, сондықтан келесі мүмкіндік екінші нөмірлі балуанға берілуі тиіс еді. Бапкерлер Талғатқа мүмкіндік берді де... Бірақ жарыстың басталуына аз уақыт қалғанда Сырбаздың белінен жарақат алып, іріктеу турниріне қатыспайтыны мәлім болды. Оның орнына тағы да Қайпанов кетті...
Міне, допинг туралы әңгіменің шеті осы кезде шыққан. Бас бапкер Мадияр Құрамысов бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты, допингке қарсы агенттік пікір беруге асыққан жоқ. Тек барлық тексеру аяқталған соң ғана Ұлттық допингке қарсы орталық Талғат Сырбаздың тыйым салынған «дростанолон» препаратын қолданғанын мәлімдеді. Бүгінде балуан ресми түрде үш жылға кілемнен шеттетілді. Ол 2027 жылдың 30 сәуіріне дейін үлкен спортқа маңайлай алмады.
Дростанолон – спортшылардың қолдануына тыйым салынған қауіпті анаболикалық стероидтардың бірі. Бұл дәрмек бұлшық етті өсіруге, физикалық күшті арттыруға және жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ медицинада дростанолонды обыр ауруын емдеуге қолданады. Аталған препарат Ұлттық допингке қарсы орталықтың ты-йым салынған дәрі-дәрмектер тізімінде бұрыннан бар.
Жақында дәл осы стериодты қолданған америкалық ММА шебері, UFC жауынгері Уолт Харрис төрт жылға спорттан шеттетілді. Осы орайда Сырбаз неліктен үш жылға ғана жарыстан алшақтайды деген сұрақ туындайды. Бізге сенімді дереккөздің айтуынша, спортшы өз кінәсін толық мойындағанда ғана допинг қолданушылар жазасы бір жылға азаяды. Яғни, Талғат өзінің тыйым салынған препарат қолданғанын толық мойындап отыр. Одан бөлек, біздің дереккөз Талғат Сырбаздың екі сынамасы – А және В сынамасы да оң нәтиже бергенін айтады. Балуан биылғы Қазақстан чемпионатынан кейін күдікке ілінген.
Еркін күрестегі ең беделді салмақ саналатын 74 келіде қазақ балуандары Олимпиада жолдамасын алған жоқ. Ең мықты деген спортшымыз Нұрғожа Қайпанов үш мүмкіндіктің үшеуінде де лицензияға жақындай алмады. Ал Қайпановтан кейін сенім артқан серкеміз Талғат Сырбаздың жағдайы – осы. Олимпиада жолдамасына таласады деген балуанымыз әлемдегі ең қауіпті анаболикалық стероидты қабылдап жүр. Ақпарат алу жеңілдеген біздің заманымызда спортшының допинг қабылдағаны расында қынжылтады. Бүгінде ұлттық құрама спортшыларына допингтің зияны жайлы түрлі курс, семинар өткізіліп жатыр. Команда дәрігерлері де тыйым салынған дәрі-дәрмектер тізімімен ұдайы таныстырып отырады. Бұл жерде басты күдік спортшы мен оның жеке бапкеріне түседі. Себебі олимпиадаға лицензия алуы мүмкін деп үкілеген балуанның дәл бұлай шалыс басуын құраманың бас бапкері әсте құптамайтыны рас.
Дростанолонға еліккен тағы бір спортшымыз үш жылға ірі жарыстардан шеттетілді. Ол – дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Айболат Ыстыбай. Айболат 2015 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы атанған, Азия кубогінің иегері. Дзюдошы былтыр тамыз айында Загребте өткен әлемдік Гран-при турнирінде қола медаль жеңіп алған болатын. Сол бәсекеден соң әлемдік допингке қарсы ұйым мамандары Ыстыбайдың сынамасынан анаболикалық стериодты тапты. Айболат 2026 жылдың 4 қыркүйегіне дейін татамиге шыға алмайды. Бір қызығы, дәл осы препаратпен ұсталған Айболат Ыстыбай да Атырау облысының тумасы. Шамасы, атыраулықтарға анаболикалық стериодтарды жақсы жарнамалаған секілді...
Айтпақшы, жақында кениялық легионер, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы Нора Джеруто допинг мәселесінен құтылып кетті. Спорттық арбитражды сот Нораны түгел ақтап алды. 2022 жылы World Athletics қазақстандық желаяқтың жеңісіне күмән келтіріп, зерттеу бастаған болатын. Бірақ CAS Джерутоны судан ақ, сүттен таза қылып шығарды. Бұл тұрғыдан біздің спортшының адвокаттары үлкен жұмыс атқарғаны анық. Ал адвокаттардың тегін істемейтінін, Нора Джерутоның федерация президенті Даниал Ахметовке тынбай алғыс айтқанын ескерсек, бұл мәселенің арғы жағында кім тұрғанын да сезу қиын емес. Былтыр үшінші баласын босанған Нора енді Париж Олимпиадасына қатысуға дайындалып жатыр.
Есесіне Нораның жерлес құрбысы, сонау Кенияны көк Туға алмастырған Каролина Кипкируи екі жылға спорттан шеттетілді. Ұлттық допингке қарсы орталықтың мәліметінше, Каролина допинг сынама тапсырудан бас тартып, өзінің нақты қай мекенжайда жүргенін айтпаған. Ары таза спортшы допинг сынамасынан қашпайды. Соған қарағанда, Каролина да көп күмән туғызады...
Арда КЕМЕЛ