Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Айсұлтанның ерлігін жоғары бағалап, оған алғыс білдірді.
Қызылордада 4-сынып оқушысы бассейнге құлап кеткен сәбиді құтқарып қалды
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
887
оқылды

Қызылорда қаласында бассейнге құлап кеткен екі жастағы інісін құтқарып қалған 4-сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайынға облыстық Төтенше жағдайлар департаменті алғыс білдірді. Aikyn.kz бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айсұлтанның отбасы ағайындардың қатысуымен саяжайда ас береді. Сол жерде ересектерге арналған суға түсетін орында 2 жастағы Хантөре байқаусызда суға түсіп кетеді.

Оқиғаның барысы жөнінде Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев баяндап берді. 

«Ата-анасының бақылап отырғанына қарамастан 2 жастағы Хантөре абайсызда ересектерге арналған хауызға құлап кетті. Ол су түбіне кете бастаған кезде сол жерде тұрған 1-сынып оқушысы Жансұлтан айқайлап, үлкендерді көмекке шақырады. Сол сәтте Айсұлтан дереу суға секіріп, Хантөрені құтқарып қалды. Балаларға арналған үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығып, сол жерге келген ата-анасының қолына табыстады. Уақтылы, дәл, сапалы көрсетілген көмектің арқасында кішкентай Хантөреге медициналық көмектің қажеті болмады», - дейді Х. Қоразбаев.

Айсұлтан – тоғыз жаста, егіздің сыңары, Ерсұлтан есімді бауыры бар. Олар – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің 4-сыныбында оқиды. Екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешенінің жүзу секциясына, шахмат клубына барады. 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Айсұлтанның ерлігін жоғары бағалап, оған алғыс білдірді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.