Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 300-ден астам үй зардап шекті.
Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылыс барысымен танысты
860
оқылды

Бүгінде аталған елді мекенде оларды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода, сондай-ақ Сенат депутаты Әсем Рахметова жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, тұрғындарының сұрақтарына жауап беру үшін ауылға арнайы келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Большая Малышка ауылында 321 үйдің 66-сы апатты жағдайда деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі осы аудандағы іргелес ауылдарда және Петропавлда жаңа тұрғын үй алуға тиіс. Ал енді бір бөлігі үй жөндеуге қажет материалдық көмек алды. Павел Вожжовтың үйі бір айға жуық уақыт 1,5 метр су астында қалды. Қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

– Үйді қалпына келтіруге 5 млн 700 мың теңге бөлінді. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Материалдар сатып алынып, жөндеу жұмысы басталып кетті. Оны мерзімінде аяқтау – аса маңызды. Қазірдің өзінде бөренелер ауыстырылып, еден төселді. Жөндеу жұмысы шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Құрылысшылардың атқарып жатқан жұмысына дән ризамын, – деді Павел Вожжов.

Алайда, тұрғындардың бәрі бірдей сарапшы бағалаушылардың пікірімен келісе бермейді. Мәжіліс депутаттары бұл Солтүстік Қазақстан облысы азаматтарын толғандырған ең өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар сметаны қайта қарауды, қосалқы құрылыс нысандарын заңдастыруға қол ұшын созуды, сондай-ақ меншік құқығының болмауына байланысты мәселелерді шешуге көмек көрсетуді сұрап отыр. Депутаттар әр жағдайға терең үңіліп, тұрғындарға өтемақы алу тәртібін түсіндіруде.

– Облыста зардап шеккен азаматтардың 90%-ы – Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының тұрғындары. Бұған дейін біз өтемақы төлеу ережелеріне назар аудардық. Өтемақы тек адам сол тұрғын үйде тіркелген жағдайда ғана төленеді деген норма болды. Мұны дұрыс емес деп санап, депутаттық сауал жолдадым. Бейінді министрлік бұл тармақты алып тастап жатыр, – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.