Заң­сыз­дықтар анықталған жағдайда нысандар қиратылып қана қоймай, құрылысқа тапсырыс беруші аз­а­мат­тар да әкімшілік жауапкер­шілікке тартылып, айыппұл сал­ы­на­ды.
Заңсыз құрылысқа жол берілмейді
1,023
оқылды

Алматы облысында  елді мекен­дер мен жолдардың бойында және тағы да басқа көпшілік жерлерге салынған құрылыс нысандарына қатысты ауқымды тексерістер жүр­гізіліп, заңсыз, рұқсатсыз тұрғыз­ылған ғимараттар бұзылуда. 

Жақында Еңбекшіқазақ аудандық соты аудандағы ірі елді мекеннің бірі – Бәйтерек ауылында заңсыз салынған дүкенді бұзу туралы шешім шығарды. Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, құрылысқа тапсырыс беруші осы аудандағы Бәйтерек ауылына қарасты  «Есік-2» саяжай серіктестігіндегі  16-линия көшесі, №482 мекенжай бойынша тұрғызылған дүкенді тиісті рұқсат құжаттарынсыз салған.

Тапсырыс берушінің дүкен құрылысы түскен  жер теліміне құқығы болмаған,  нысанның өзі жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ құрылыс-құрастыру  жұмыстарын жүргізу  туралы хабарламасыз жүзеге асырылған. Заңды белден басқан тапсырыс беруші осы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Еңбекшіқазақ аудандық сотына жолданып,  2024 жылдың 5 маусымында сот тапсырыс берушіні ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған  қатысты 55 380 теңге көлемінде айыппұл салу және заңсыз құрылысты мәжбүрлеп бұзуға үкім етті. 28 маусым күні нысан тапсырыс берушінің еркімен бұзылды.

Соңғы кездері облыс аумағында осындай заңсыздықтар көбейіп кеткен. Әсіресе, өңірдегі халық тығыз қоныстанған Алматы қаласы маңындағы ірі аудандардағы елді мекендер мен жолдардың бой­ында  мұндай жағдайлар алдан жиі шы­ғады. Осыған орай мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады:

«Бәйтерек ауылында болған заңсыз нысанды бұзуға қатысты жағдайдан байқап отырғанымыздай, кез келген құрылыс, оның ішінде жекеменшік аумақта салынған нысанда қоса алғандағы нысандардың барлық  жұмысы заңмен қарастырылған тәртіпте жүргізілуге және жүзеге асырылуға  тиісті. Осыған байланысты облыс тұрғындарының есіне  құрылыс жұмыстарын ойға алғаннан соң, бірінші кезекте тиісті орындармен хабарласып, қажетті құжаттарды түгендеп, барлық істі заң аясында атқару қажеттігін салғым келеді. Құрылыс нормалары мен ережелерін сақтамау арқылы заңды бұзып қана қоймайсыздар, өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіресіз. Сонымен бірге заңсыздық анықталған соң нысанды бұзуға мәжбүр болып, қосымша шығынға ұшырайсыз. Осыны әдайым назарда ұстаған абзал. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы облыс аумағындағы құрылыстардың заңдылығына бақылау мен  тексеруді алдағы кезде де жалғастыра береді», – дейді Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қ.Жақсыметов. 

Биылдың өзінде облыстық мемлекет­тік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы про­цессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік және аудандық соттарына 10 әкімшілік істі қа­рауға жол­дады. Олардың ішіндегі 8 ма­териал бой­ынша заңсыз салынған құрылыс насындары бұзылатын болса, тағы 2 іс соттың қарауында. Сонымен бірге Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қажетті рұқ­сат құжаттарынсыз салынған 5 нысанды бұзу туралы талап-арыз берілген. Экономикалық сот­тың шешімімен аталған нысандардың 4-іне қатысты бұзу туралы шешім шыға-

р­ылып, бір іс бойынша сот өндірісі әлі  жүргізілуде. Атап айтқанда, Қарасай ауданындағы Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы OrdaTown көпқабатты тұрғын үй кешені (орындау парағы көрсетілмеген), Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы «Алтын-Бөбек» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС (бассейн) спорт кешені (уақытша тоқтатылған), Талғар ауданының Алатау ауылдық округіне қарас­ты  Байбұлақ ауылындағы көппәтерлі тұр­ғын үй кешені (шешім заңды күшіне енді, сот орындаушысына жіберілді), Талғар ауданындағы тағы бір көппәтерлі тұрғын үй кешені (мұнда да шешім заңды күшіне енді және сот орындаушысына жіберілді) бұзылатын болыпты. Ал Кеген ауданындағы Саты ауыл­дық округі аумағындағы Көлсай көлі жа­ға­лауындағы мейрамхана және қонақүй кешенінің құрылысы бойынша іс сотта қаралуда. Кеген аудандық сотының талап-арызды қанағаттандырудан бас тар­ту туралы шешіміне апелляциялық ша­ғым беріліпті. 

 

Алматы облысы,

Болат Абаған