Соңғы уақытта лудо­мания, құмар ойындарға қатысты жаға ұстатарлық деректер көбейіп кеткені рас.
Елнұр Бейсенбаев: Лудомания рухани тұрғыда азғындауға әкеледі
1,003
оқылды

Соңғы уақытта лудо­мания, құмар ойындарға қатысты жаға ұстатарлық деректер көбейіп кеткені рас. Мәселен, еліміздегі ажырасулардың 40 пайы­зына лудомания ті­ке­лей себеп болып отыр. Себебі Қазақстанда әрбір бесінші адам – құмар ойынның құрбаны. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақ­тау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекет­тік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңына қол қойды. Осы рет­те біз құмар ойындар нарығын ретке келтіріп, лудомандарға тұсау болатын заңға қатысты Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Елнұр мырза, аталған заң қандай қажеттіктен туды?

– Лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және от­басы­лық құндылықтардың тө­мендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Құмар ойындар адамдарды тек материалдық шы­ғынға ұшыратып қана қоймай, ру­хани тұрғыда да әбден азғын­датты. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айы­рылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Ажырасу, суицид, қарызға бату секілді мә­селелердің алдында осы лудо­мания тұр. Өздеріңізге белгілі, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жата­тынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Осыған бай­ланысты Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жеке­леген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың нәти­жесі тиісті заңнамалық қосым­шаларды әзірлеу болып табылады. Мемлекет басшысы лудо­мания­мен күресуде тәрбиелік-түсіндіру шараларына баса назар аудару керектігін атап өтіп, лудоманияға қарсы жүйелі жұ­мысты жолға қоюды, кешенді жоспар қа­былдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсыр­ды. Осылай­ша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде Әкім­шілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске түзету­лерді қабылдады.

– Жаңа заңда қандай бағыттар қамтылды?

– Заңдар 6 кодекске, атап өт­сек, азаматтық, кәсіпкерлік, ең­бек, қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, халықтың денсаулығы туралы және 15 заңға оның ішінде ойын бизнесі, лоте­реялар, банктер, жарнама, бай­ланыс, қызметкерлерді жаза­тайым оқиғалардан міндетті сақ­тандыру, құқық қорғау қызметі, мемле­кеттік мүлік, арнайы ор­гандар, әскери қызмет, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл, мем­лекеттік қызмет, төлемдер және төлем жүйелері туралы бағыттар бар. Сонымен қатар 2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мем­лекет басшысының елдегі лудо­манияға қарсы күрес жөніндегі тапсыр­маларын орындауға бағыт­талған­дарды қоса алғанда, 100-ден астам түзетулерді қамтиды. Айта кету керек, Үкімет заңсыз ойын биз­несіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жыл­дарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады, ол ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ереже­лерімен толық үйлес­тірілген.

– Лудоманияға қатысты Мә­жілістегі заңды талқылау ұзаққа созылғаны белгілі. Заңды талқылау барысында неге көз жеткіздіңіздер? Бұл заңға қарсы қандай да бір мүдделі топтар болды ма?

– Иә, заңды талқылау бары­сында лобби топтың қысымы өте жоғары болды. Жан-жақтан ақ­параттық шабуылдар жасалды. Біздің қарастырып жатқан заң нормаларын терістеп бақты. Жеке басқа өтуге тырысты. Осындай форматтағы жағдайлар жиі болды. Әрине, артында букмекерлер мен казино иелері тұрды. Өйткені жаңа заң бойынша жарнамалар шектелді. Бір ғана мысал, заңмен сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салу қосымша анықталады, олар­дың саны шамамен 3,5 миллион адам. Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жал­пы саны 300 мыңға жуық адам­ды құрайтын әскери қызмет­керлер, мемлекеттік мекеме қыз­меткерлері, бюджеттік ұйымдар­дың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Енді қазірдің өзінде өзін-өзі құмар ойыннан шектейтін азаматтардың саны 130 мыңнан асып кетті. Біз Egov сайты арқылы анықтадық. Сонда жалпы саны 4 миллионға жуық тұтыну­шыларынан айырылып отыр ғой, шамалап айтқанда. Бұл қазіргі есеп қана. Алдағы уақытта жаңа заңның ықпалымен бұл көрсеткіш жақсы жағынан өзгере береді. Міне, осыншама тұтыну­шы­ларынан айырылар алдында олар қолдарынан келгендерін жасап бақты. Лудоманияға тәуел­ділікпен күресуде ең бастысы – мемлекеттік органдардың, үкі­меттік емес ұйымдардың, сондай-ақ халық­тың шоғырландырылған, бірізді және жүйелі жұмысы.

– Заңның өзге де қандай жаңа­лықтары бар?

– Сондай-ақ өзін-өзі шектей­тін тұлғаларға арналған заң құмар ойындарға қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтты. Тыйым салуды ертерек тоқтату мүмкін болмайды. Заңның ма­ңыз­­­ды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энер­гетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Осылайша, бұл норма балаларды энергетикалық сусын­дардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жар­наманы қамтитын хабарлама­ларды жіберуге тыйым салады. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналас­тырыл­ғандарды қоспағанда, ғимарат­тарда, көлік құралдарында букме­керлік кеңселер мен тотали­заторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады. БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарна­лардың халықаралық спорт жа­рыс­тарын тікелей трансля­циясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тота­лизаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызмет­терде жар­намалауға тыйым салы­нады. Бук­мекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айып­пұлдар қарас­тырылған.

– Арнайы уақыт бөліп, сұх­бат­тасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз!

 

Сұхбаттасқан Наурызбек САРША