Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем Ұлттық парктердің есебінде қалады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төленетін төлем қайда жұмсалады?
530
оқылды

2024 жылы 8 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заңнамада қандай басты өзгерістер қамтылды?

Салық кодексінен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) пайдаланғаны үшін алынатын төлем республикалық бюджетке түсетіні туралы нормалар алынып тасталды. Сәйкесінше, ҚР Бюджет кодексінің республикалық және жергілікті маңызы бар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін бюджет түсімдері қарастырылған нормалары өзгерді. Табиғат қорғау мекемелері көрсететін қызметтер үшін тарифтердің мөлшерін бекіту құзіреті ЕҚТА-ны бақылайтын мемлекеттік органдарға беріліп отыр.

Яғни, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін көрсетілетін қызметтердің төлемі бұрынғысынша алынады, бірақ ол бірден Ұлттық парктердің арнайы шотында қалып, олардың қажеттіліктеріне жұмсалады (қызметкерлердің жалақысына, табиғатты қорғау іс-шараларына, сондай-ақ  бақылау-өткізу бекеттерін автоматтандыру, туристік маршурттарды және соқпақтарды жақсарту, қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, т.б. сияқты ерекше қорғалатын аумақты дамытуға).

ЕҚТА қызметтері үшін төлем алу жөніндегі норма «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР заңының 38-бабы арқылы, сондай-ақ Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №27-5-6/253 бұйығымен («Өзінің қарауындағы заңды тұлға мәртебесі бар республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтердің мөлшерін бекіту туралы») бекітілген.

Тариф мөлшерімен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сайтында танысуға болады.