Полиция саласында жүріп, саяхаттауға, кітап оқып, тіпті, тамақ пісіруге уақыт тауып жүрген ерекше кейіпкеріміз ер адам десек, сенер ме едіңіз?
Атырауда жиһанкез, кітапқұмар, мобилограф, аспаз полицей тұрады
2,474
оқылды

Он жылдан астам уақыттан бері полиция саласында қызмет етіп жүрген Дулат Молдақұл осындай ерекше кейіпкер. Жиһанкез полицей туралы оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан білдік. Жылына бір келетін еңбек демалысын Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ерекше табиғат әлемін видеоға  түсіріп, өз алдына блог жүргізіп жүрген Дулаттың полицей екенінен оқырмандары да бейхабар.  ҚР Ішкі істер министрлігі Атырау облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Дулат Молдақұлмен сұхбатымызды назарға ұсынамыз.

Өзіңіз, отбасыңыз, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз.

 Мен Атыраудың тумасымын. 1990 жылы Талғайраң ауылында, қарапайым отбасында өмірге келдім. Әкем мұнайшы, анам біздің тәрбиемізбен айналыса жүріп, түрлі салада еңбек етті. Отбасында төрт бала болып өстік. Мен үйдің үлкенімін. Кітап оқып, үлкендердің өсиетін тыңдап өскен қазақтың қарапайым баласымын. 

 Жалпы, полиция саласына қалай келдіңіз?

 Құқық қорғау саласына қызығушылығым әскери борышымды өтеп келгеннен кейін оянды десем болады. Оның үстіне, әкемнің аманатын орындадым деп те айта аламын. Ол кісі «құқық қорғау саласына барғаның дұрыс» деп,  аманат қылған еді.  Алайда әкем  ант беріп, полиция атанғанымды көре алмай кетті.  

 Полиция саласына қалай келгеніңізді айттыңыз. Ерекше жағдай екен. Десе де, бала күніңіздегі арманыңыз қандай еді?

 Баладан арман-қиял артылмаған ғой. Кішкентай күнімде мұғалім болғым келетін. Соның ішінде, география пәнінен сабақ берсем деп қиялдайтынмын. 

 Басқа емес, неге география? Мүмкін оның да астарында қызықты жайт бар шығар?

  География шыны керек, ешқандай шектеуге бағынбайтын, жер планетасының ғажайып дүние екенін көрсететін ерекше ғылым. Жалпы, осы ғылымға қызығушылығымды оятқан географиядан сабақ берген ұстазым София Рамазанова еді. Олимпиадаға дайындық кезінде мемлекеттердің астаналарын жаттатқызатын. Ұстазымның жетелеуімен географиядан пәндік олимпиадаларға қатысып жүрдім. София апайым мектептен кейін қосымша сабаққа шақыратын.  Ұстазым қазір зейнет жасында. 

Мен оқыған мектеп, сол заманға сай шап-шағын еді. Аядай ғана кіреберіс болды. Сол кіреберістен «құпия» орындар тауып, апайым  әр жерге жемістерді жасыратын. Ұстазымның тапсырмасымен жемістің координатын, яғни, ендік-бойлықты анықтау арқылы, жасырынған тәтті жемістерді тауып, мәз болатынмын. Қарап отырсам, сол кезде апайымыз осындай ерекше әдістермен шәкіртін білімге баули білген екен. Бір қызығы, марқұм әкем де бала күнінде географияны жақсы оқыған екен. Жоғары сыныптың оқушылары елдердің астанасын немесе мемлекет атауын білмей жатса, төменгі сыныпта оқитын менің әкемді шақырып алып, мұғалімдері сұрақ қояды екен. Әкем мүдірмей жауап беретін көрінеді. Әрі глобусты, картаны да жақсы меңгерген екен. Табиғатқа жақындығым, ел-жер көруге деген қызығушылығымның артында әкем тұр деп те ойлаймын. 

 Қазақстанның қандай жерлерін аралап көрдіңіз. Бәріміз бірдей біле бермейтін қандай қызықтар бар екен? 

Өзім туып-өскен Атырау, Батыс Қазақстан өлкесінен бастап, Орталық, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің біраз жерін араладым. Енді Шығыс Қазақстан облысына баруды жоспарлап отырмын. Ең алғаш тауды Шымкенттен әскерге барған уақытта көрдім. Ол әйгілі Қазығұрт тауы болатын. 18 жастамын, таумен алғаш «кездескен» сәттегі  әсерім ерекше болды. Табиғатты жақынырақ танып-білуге деген қызығушылығым сол Қазығұрт тауынан алған әсерімнен басталды. «Табиғатқа ашылсаң, табиғат жақсылығын көрсетеді» деген сөз  тегін айтылмаған.

Атырауда туризм дамымаған деп жатамыз. Шыны керек, туризм десе, алдымен Алматы мен Бурабайды айтып жатамыз. Саяхатшыларға Атыраудан қандай қызықты жерлерді көруді ұсынар едіңіз?

Әлемде жеті керемет болса, Атыраудың да бес кереметі бар. Ақкегершін борлы үстірті, Иманқара үңгірі, Лотос гүлі, Индер тұзды көлі және киелі Сарайшық. Қазақстанның ғана емес, әлемнің туристерін осындай ғажайып локацияларды көруге шақырар едім. Айтылған әр локацияның өзіне тән тарихы, ғажайып оқиғалары бар. 

Сондай-ақ көршілес Маңғыстаудың табиғаты да ерекше. Өзге бір әлемге еніп кеткендей әсер береді. Маңғыстауда жерасты мешіттері, Бозжыра, Шақпақ ата сияқты тарихи жерлер көп. Тараз қаласында Қарахан, Айша бибі кесенелері аңызға бергісіз тарихқа ие. Өзінің ерекше бір энергетикасы, киесі бар деуге болады. Осындай ерекше орындарға барған уақытта, жай ғана аралап қоймай, барымша сол локациялардың тарихы туралы ақпараттар беріп, қызықты видеолар түсіруге тырысамын. 

 Саяхат кезіндегі есте қалған, қызықты оқиғалар туралы айтып берсеңіз.

Автостоппен Қарағандыға барып, Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мектепті көргенім бар. Ол кездегі эмоциямды жеткізе алмаймын. Алаштың маңдайына біткен дара тұлғаның табаны тиген жерді көру мен үшін ерекше ұмытылмас сәт болды.

Қарағандыға Қарқаралы деген жер бар. Сол жерде Мадияр деген жергілікті тұрғынмен таныстым. Мадиярдың донер сататын шағын дәмханасы бар екен. Мадияр сол жерден дәм татып кетуімізді сұрады. Досым екеуміз даяшылардан қызықты локациялар туралы сұрап отырған болатынбыз. Сол кезде көршілес үстелде тамақтанып отырған егде тартқан ерлі-зайыптылар жақын ауылда Ахмет Байтұрсыновтың өзі сабақ берген мектеп бар екенін айтты.  Мектеп Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек деген ауылда орналасқан екен. Қатты қуанып кеттім. Сол күні кеш түсіп кеткендіктен, мектепке келесі күні бардық. Ауыл адамдары бізді алаштанушы-ғалымдар деп ойлаған екен. Мектеп басшылығы күтіп алып, ақпарат беріп, Ахаң сабақ берген кабинетті көрсетті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әдетте, ол жерге кино түсіріп жүргендер немесе зерттеушілер  келеді екен. Жастардың тарихи орындарды арнайы  іздеп келіп, көріп жүргеніне риза болды. 

Демалысын шетелде ғана өткізгісі келетіндерге не айтар едіңіз?

Қазақстанда ішкі туризм енді дамып келе жатыр. Маңғыстауға Бозжыраға арнайы барып, танысып жүргенімде, осы шатқалды көруге Германиядан министр келгелі жатқанын естідім. Білгенімдей, Бозжыра шатқалын көруге Италия, Норвегия, Ресейден туристер көп келеді екен. Сондықтан біз сияқты жастар Қазақстанның ғажайып орындары туралы видеоларды көбірек түсіру арқылы, насихат жасауымыз керек деп ойлаймын.  Шыны керек, шетелдіктер көбіне жиһанкез-блогерлердің видеоларын көріп, арнайы келіп жатады.

Ақсу каньонынан видео түсірген кезімде, Солтүстік Кореядан туристер шығып, ақпарат сұрағаны бар. Сондықтан осындай мобилографияның мүмкіндіктерін пайдаланып, қарапайым видеоларды көбірек түсіріп, тарату арқылы да, Қазақстанға көбірек туристер тартуға болады деп ойлаймын. Яғни, демалысты бір мезгіл өз еліміздің ішінде өткізуге де жоспар құрып, уақыт бөлгеніміз дұрыс. 

Блог түсіру туралы ой қайдан келді?

Шыны керек, блог түсіремін деген ой менде болған жоқ. Осы уақытқа дейін екі ғана телефон ұстаған екенмін. Әдемі жерлерді түсіріп, кейін оны монтаждап үйрендім. Ешқандай мобилография курстарын оқымадым. Адам бір нәрсеге ниеттеніп, зейін қойса, нәтиже шығара алады. Мен соны түсіндім. 

Видеоларымның ішінде, ең көп қаралым жинағаны  Тұздыкөл туралы түсірілген видео болды. Шыны керек, жылына бір рет қана еңбек демалысына шығамыз. Сол кезде барынша саяхаттап, контент жинап алуға тырысамын. 

Тамақ пісіруге қызығушылық қалай оянды?

Табиғатқа шыққан кезде көпшілікте «Не пісіреміз?» деген сұрақ болады. Негізінде адам табиғатқа демалу үшін, қаланың шуынан алыстап, бір сәтке өзімен-өзі қалу үшін шығуы  керек деп ойлаймын. Және табиғатқа шығарда барынша аз тамақ алып шыққан дұрыс. Әйтпесе, көп затпен шығып, кейін оны отырған жерінде тастап кететіндер бар. Соның салдарынан әп-әсем табиғатты қоқыспен ластап жатамыз. Табиғатқа шыққан сайын адамдар соңынан қанша қоқыс тастап кетіп жатқанын сезіне бермейді. Тұздыкөлге барғанымызда бір Камаз қоқыс шығарған болатынбыз. Осы жағдайларды көріп, барынша тез әрі ыңғайлы дайындалатын, көп қалдық қалмайтын тағамдар пісіруім керек деп шештім. Табиғатқа шыққанда көбіне палау, хашлама, стейк, шурпа пісіремін және барлық қалдықтарды жинап алып, өзіммен бірге алып кетемін. Табиғатқа өзімше осылай қалдық тастамай көмектесіп жүрмін. 

Байқаймын, видеоларыңызда,  тіпті қазірдің өзінде қолыңыздан кітап түспейді. Қым-қуыт тірліктің ортасында жүріп, кітап оқуға қалай уақыт тауып жүрсіз?

Атырауда кітапқұмарлардың клубы бар. Мен сол клубтың мүшесімін. Кітапты тез оқып бітіруге, осындай рухани ортаның болғаны да әсер етеді. Бір кітапты бір айда бітіріп, кейін сынақ тапсырып жатамыз. Бірлесіп, оны талқылаймыз.  Күніне кітапқа 1-2  сағат арнауға тырысамын. Сол үшін ерте тұрып, уақыт бөлемін. «Ешкім айтпаған сөзді айтқың келсе, ешкім оқымаған кітапты оқы» деген сөз бар.  Көркем шығарма, психологиялық, тарихи жанрдағы кітаптарды оқимын. Қазір Виктор Франклдың «Өмірден мән іздеген жан» деген кітабын оқып жатырмын. 

Домбыра да шертеді екенсіз...

Иә, мен негізі өнерлі отбасынан шықтым. Атам Нұрпейіс Молдақұлов Атыраудағы Қайыршақты саз мектебінің негізін қалаған кісі. Белгілі композитор, күйші. 24 күй мен 18 әннің авторы. Домбыраны да атама қарап үйрендім. Бала күнімде концерттерге шығып жүрдім. Осындай қызығушылықтың арқасында гитараны да меңгеріп алдым. Домбыраны да, гитараны да оңашада өзім үшін шерткенді жақсы көремін. 

Алдағы мақсаттарыңыз?

Елім үшін абыройлы қызмет етуді жалғастырамын. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Қазақстандағы ішкі туризмді дамытуға үлес қосқым келеді. Қазір полицей Дулат болсам, алға қарай Қазақстанның ғаламат орындары туралы баяндайтын саяхатшы Дулат  болуым мүмкін. 

 Әңгімеңізге рақмет!

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.