Қазақ «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп тегін айтпаса керек-ті.
Қазанат, сені сақтадым!
1,815
оқылды

Қазақ «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп тегін айтпаса керек-ті. Махамбет жырау: «Арғымақтан туған қазанат, Қазанаттан туған қазмойын» деп жырласа, зерттеушілердің уәжіне жүгінсек, «Қазан» деген сөз бір жағынан «үлкен» деген мағына беріп, екіншіден қасиетті әрі тума деген ұғымды жеткізіп тұр. Яғни, асылтұқымды. Осы мақаламызда асылтұқымды отандық жылқылар туралы сөз етпекпіз. Бұған себеп – күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақтың жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша  заңға қол қойғаны.

Тектіні жазбай таныған

Осыдан 6 мың жыл бұрын Қамбар ата төлі тұңғыш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені ғылыми дәлелденген. Осылайша, бабаларымыз қамыс құлақ, бөкен қабақ, жібек жал, күпшек сан, құйма тұяқ деп сипаттап, Қабанбай мінген Қубастың, Ақан сері тақымдаған Құлагердің, Қобы­лан­дының Тайбурылының ізі болар таза қанды арғымақтарды шығарды. Күнделікті тұрмыста, жортуыл-жорықтарда мінуге жарамды, табындық жағдайда бағуға қолайлы; сондай-ақ тез семіріп, тез ет жинайтын, сүті мол, да­ланың ыстығы мен суығына көнбіс жыл­қы тұқымын өсіруге қазақтар ерекше мән берген. Жылқы тұқымын осындай талапқа сай етіп, әрі экстенсивті, әрі интенсивті жолмен көбейткен жылқысының саны он мыңнан асып жығылатын жылқылы байлар қазақ даласында аз болмаған.

Кең-байтақ жайылымдардың болуы, ондағы қыр шөптерімен ақ от, қара от­тардың алуандығы мен молдығы малшы қауымның, әсіресе, айғырдың құтпанын, биенің мамасын таңдап, қанын аздырмай саралай білетін өмір тәжірибесі мен бейнеті көп еңбектері даланың қатал таби­ғатына бейімделген қазақы жылқы тұқы­мының өсіп-өнуіне айрықша сеп болды. 

Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  қазақ жылқысының санын кө­бей­тіп, сапасын өсіруге баса назар аударылған жоқ. Соның салдарынан ас­ыл­тұқымды жылқы­лардың бірі – Қостанай жылқысына 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқта­тылғаннан кейін саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Сонау 1889 жылы патша­лық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады. Екінші дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрес­сияға қарамас­тан Қостанай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жыл­қысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жыл­қысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқым­дарының қатарына қосылды. Бүкіл­одақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. Екінші әлем соғысы кезінде де бірнеше жүздеген бас жылқы Қазақ­станнан алынған. Соғыс аяқтала салысымен маршал Буденныйдың бұйры­ғымен Қазақстанда 19 жылқы зауыты салынады. Онда қазақ жылқылары Дон жылқылары­мен будандастырылған. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл­тұ­қым­ды жылқының жалпы санының 9,7 %-ын құраған. Алайда бүгінде Қос­танай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1 300 басы тіркелген.

Қостанай жылқысын сақтап қалу жол­ындағы қадамдар былтыр  басталған. Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту тура­лы арнайы жиын өткізіп, жиналыстың шешімдері бұрынғы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жеткізілген болатын. Нәтижесінде, Ералы Лұқпанұлы да бұл мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті. Аз уақыттан кейін Үкіметте Премьер-Министр орынбасарының төрағалы­ғымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті. Пәрменді әрекеттер нәтижесінде, Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы Жол картасы бекітілді. Мұндағы мақсат біреу ғана: әр мемлекеттің өзіне ғана тән ұлттық бренді болады. Еліміздің әлемге мақтануға лайық ұлттық брендінің бірі – осы қазақтың қазанаты. 

 

Заңда қандай жаңалықтар бар?

Осылайша, «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңға қол қойылды. Құжат мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымының өсімін молайту, сондай-ақ оның қасиеттерін сақтай отырып, мал басын ұлғайтуға және осы бағытта асылдандыру жұмыстарын жүргізуге бағыт­талған. Сонымен қатар заңның бастапқы бөлігіндегі «асылтұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізіледі. Осылайша, тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар ғана асылтұқымды жануарға жататын болады. Фенотиптік және өнімді көрсет­кішке қойылатын минималды талаптар ғана емес, сонымен қатар басқа көрсеткіш­тер де қамтылатын «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады.

Заңда асылтұқымды жылқыларды өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақ­стан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылар­дың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жұмсалған шығындарды өтеу көзделді.

Қорыта айтқанда, заңның қабылдануы шетелдік селекция өндіретін асылтұқымды айғырларды сатып алу шығындарын суб­сидиялауға, аналық мал басымен селекция­лық-асылтұқымдық жұмыс жүр­гіз­уге және жылқыларды ұстау шығын­дарын өтеуге мүмкіндік береді.

 

«Бұл заңды ұзақ уақыт күттік»

Бұл заң Мемлекет басшысына жетпей тұрып, Мәжіліс пен Сенатта ұзақ талқы­ланды. Мәселен,  сенат отырысында сенатор Әли Бектаев: «2014 жылға дейін елі­мізде 17-асылтұқымды жылқы заводтары мен 156-асылтұқымды шаруашылық қызмет істеген екен. Кейіннен бұл шаруа­шылықтардың көпшілігі жойылып кетті. Өкінішке қарай, жылқы шаруа­шылығын өркендету мәселесі көп уақыт­тан бері Үкімет назарынан тыс қалып қойды. Бү­гінде Республикалық палатада тіркелген асылтұқымды жылқылардың басым бөлігі өнімділік бағытындағы, жүк тартатын жегіске арналған жылқылар болып отыр, ал мініс және мініс-жегін жылқы түрінен 290 бас қана қалды», – десе, сенатор Ернұр Әйткенов: «Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның жалпы сомасы – 701 миллион теңге. Бұл қаражат алдағы 5 ­жыл­­ға   жыл сайын 140 миллион теңгеден берілетін болады. Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары асылтұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамы­туға және қалпына келтіруге, отан­дық жылқы шаруашылығын жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін», – деп қуанышты жаңалығын бөліскен еді. Осы заңды талқылау аясында жұмыс тобының арасында болып, заң түзетулеріне араласқан жанның бірі Ұлттық аграрлық ғылым академиясының  академигі, ғылым докторы, Мұғалжар жылқы тұқымының авторы Нәбидолла Кикебаев та бар еді. Ол жаңа заңның қабылдануы өте ұтымды шешім болды деп есептейді.

«Бұл заң Үкіметтің үлкен жақсылығы болды. Бұрынғы жылқы зауыттары жабылып, асылтұқымды жылқы басы 10-15 пайыз­дық көрсеткіштен бүгінде 1 пайызға бір-ақ түсті. Бұрында көптеп ашылған жылқы зауыттары жылқы тұқымын асылдандыруда көп жұмыс атқарған еді. Тіпті, асыл­тұқымды емес жылқыларды да асылдан­дыруға ықпал жасады. Қазіргі кезеңге келер болсақ, соңғы жылқы зауыттың өзі 2000-жылдары жабылып қала жаздап, әрең әупіріммен аман алып қалып, «Қазақ тұлпары» деген жаңа атау беріп, жүйелі жұмыс істегеннің өзінде 2014 жылдан бері қарай қайта құлдырай бастады. Оған себеп, ғылыми, селекциялық жұмыстарға ешқандай қаражат бөлмей қойды. Содан соң ғалымдар кете бастады. Соның салдарын біраз жыл өткен соң бір-ақ түсінді біздің жұрт. Ақыры белсенділер мен депутаттар Мәжілісте көтеріп назар аудара бастады. Дүниежүзілік малдың генефонды деген болады. Сол гене­фонд­тың өзін сақтау жөнінде үлкен жұмыстар жүріп, Керқұланды Қостанай жеріне әкеліп жерсіндіріп,  халықаралық жұмыстар істеп жатқанда, өзіміздегі бар асылтұқымды жылқыларға жағдай жасай алмауымыз өте ұят болып еді. 

Селекциялық жұмыстар деген – үздіксіз дамып отыратын ғылым. Малды асылдандыру, малды сұрыптау, дамытумен айналысады. Осыны Үкімет үнемі жүргізіп отырса, сұранысқа керек жылқылар туа бастайды. Енді сең қозғала бастады. Бұрын Спорт министрлігі жылқыларға ауыл шаруа­шылығының малы ретінде ғана қарап келді. Енді спорт жылқылары болғандықтан, спорт ретінде де қарай бастады. Мысалы, биылғы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өзіне үлкен көкпарларға жылқыларды  қырғыз ағайындардан әкеліп жатыр. Соның барлығы өзімізде өсіру үшін атқарылып жатқан шаралар деп білемін. Жылқы малына көзқарасымыз түзелер деп, енді ғылыми жұмыстар да жүйеге түсе бастайды деп сенемін», – дейді Набидолла Ақанұлы. 

Ал профессор, ауыл шаруашылығы ғыл­ымдарының кандидаты, доцент, жылқы шаруашылығы саласының маманы Қайрат Исхан бұрын тек өнімді бағыт­тағы жылқы­ларды асылдандырып кел­генімізді енді оған мініс және мініс-жегін жылқылардың қосылғанына қуанып отыр.  «Қазір елімізде 4 млн 400 мың бас­тай жылқы болса, енді оның сапасын арттыруда жаңа заңның қабылдануы дер кезінде қабылданған шешім болды.  Бұрын тек  өнімді бағыттағы жылқыларды асылдандыру  заңы ғана болатын. Бүгінде елімізде 4 жылқы тұқымы бар. 4 млн 400 мың бастай жылқының 98-99 пайызы өнім­ді бағыттағы жылқылар тұқымы болса, 1-2 пайызы ғана спорттық жылқылар тұқымы. Егемендік алған тұста шетелдерден спорттық бағыттағы таза қанды жылқылар кіре бастады. Сонымен қатар түрлі ат спорты ойындары ұйымдас­тырылып, бүгінде спорттық бағыттағы жылқылардың даму үрдісі байқалып келеді. Демек, біз селекциялық жұмыстар­дың арқасында осы екі түрлі жылқыға жағдай жасап, ары қарай дамуына ықпал ете білуіміз қажет», – дейді  Қайрат Жәлелұлы.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметіне сүйенсек, шартарапта 57 миллион жылқы жайылып жүр. Соның 10,6 миллионы АҚШ-қа тиесілі. Мексика да тұлпары көп ел саналады. Онда Қамбар атаның 6,4 миллион тұқымы бар. Бразилияда да жылқылар жетерлік (5,7 миллион). Сол секілді Моңғолия мен Қытай да ер қанатын көптеп өсіретін елдер қатарында. Кейінгі жылдары Қазақстан бұл тізімге қосылды. Тізімдегі алғашқы үштікті қуып жете алмасақ та, жылқы саны жөнінен көрші елдерден кем түспейміз. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Игорь Нечаевтың жариялаған мақаласына сүйенсек, 

1916 жылы қазақ даласында 4,6 миллион бас жылқы жайылып жүріпті. Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес азаттыққа қол жеткізген тұста 1,6 миллион тұлпар қалған екен. Өкінішке қарай, 2001 жылға дейін біртіндеп азайып, милионнан кеміп кеткен еді. Енді жаңа заңның ықпалымен Қамбар ата төліне деген көзқарасымыз дұрысталып, асылтұқымды жылқылар кең-байтақ дала төсінде үйір-үйірімен кісінесе-шұрқыраса шапқылап жатқанын көруге жазсын.

Наурызбек САРША