Атырау портты қала екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бірақ мұнайлы өңірдегі жалғыз порт бір­неше жылдан бері банкроттың аз-ақ алдында тұр.
Тасқын Атырау өзен портына қалай әсер етті?
597
оқылды

Наурыз басталғалы бері Атырауды әбі­герге салған су тасқыны порт өміріне қалай әсер етті? Біз осы сұрақтың жауабын Аты­рау өзен порты серіктестігінің дирек­торы Аза­мат Зұлқарнаевтан барып білдік.

Биыл Жайыққа мол судың келуі Өзен портының өміріне айтарлықтай әсер ете алмаған болып шықты. Азамат Зұлқар­наевтың айтуынша, порт жүктерді әлі де қабылдай алмай отыр. «Рас, Жайықтағы су деңгейі артты. Бірақ «Жайық-Каспий» каналының тамағы жүк кемелері қозғала алатындай стандарттарға сай әлі де терең­детілуі керек», – дейді спикер.

«Рас, үлкен су келуіне байланысты, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құйылатын тұсында қазу жұмыстары жасалды. Бірақ ол жұмыстар Жайықтағы судың бағытын теңізге қарай бұру мақсатында ғана жа­салды. Біздің алаңсыз жүк тасымал­дауымыз үшін теңіз тамағының бойына түп тереңдету жұмыстарын жасау маңызды», – дейді Атырау өзен порты серіктестігінің дирек­торы Азамат Зұлқарнаев. 

Өзен порты өкілінің айтуынша, теңіз тамағының тереңдігі кемінде 2-2,5 метр болуы керек. Сол кезде порт жүк қабылдап, жүк тасымалдау жұмыстарын жүргізе ала­ды. Сондай-ақ теңіз тамағын тереңдету жұ­мыстары атқарылады деген жоспар бар. Жобалық-сметалық құжаттама, қаржы бөлу, мердігер компанияны анықтау деген сияқты формалды жұмыстар кемінде бір жыл уақыт алуы мүмкін. «Дегенмен қазір­дің өзінде Атыраудағы логистикалық компаниялар шет мемлекеттерге жүк тасы­малдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни, теңіз тамағы терең­детіліп, порт жұмысына кіріскен кезде, жүк қандай бағытта қалай тасымалданады деген мәсе­лелер бойынша логистикалық компа­ниялар арнайы маршрутты дайындауда. Атырау облысы өндірістік аймақ болған­дықтан, порттың қызметін негізінен мұнай-газ бағытындағы логистикалық компа­ниялар қолдануға ниетті», – дейді А.Зұлқарнаев.

Сайып келгенде, су жолы ашылғаннан кейін жүктер келе бастайды. Өзен порты бұрынғыша жұмысын жалғастырады деген үміт бар. Қазірдің өзінде жұмысы тоқтап тұрған өзен портында он шақты маман еңбек етуде. Олар негізінен порт айлағын күтіп-баптау жұмыстарын атқарып отыр.

«Қазіргі уақытта Өзен порты өз терри­ториямызда тұрған қойма, кеңсе, учаске, контейнерлерімізді бірнеше компанияға жалға беріп отырмыз. Сол арқылы жұ­мысшылардың жалақысын төлеудеміз. Тех­­никалық жағдайымыз, мамандарымыз қазірдің өзінде жүк тасымалына әзір.

Шыны керек, Жайық өзеніне мол судың келуі жүк таситын кеменің қозғалысына қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазіргі проб­лемамыз теңіз тамағының кеме қозға­лысы стандарттарына сай терең­детілуінде болып тұр», – дейді кейіпкеріміз.

Жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қуаты шақталған порттың қызметіне алыс-жақын шетелдерден сұраныс көп. Себебі осы өзен порты арқылы ірі өндіріс ошақта­рына қажет техникалық жабдықтардың негізгі бөлігі тасымалданады. Бірақ теңіз тамағының бітелуі порттың кең тыныста жұмыс істеуіне тұсау салып тұр.

«Өзен порты арқылы тасымал жұмыс­тарын жүргізуге берісі Әзербайжан, әрісі Иран, Түркиядан қызығушылық та, тап­сырыс та бар. Олар Қазақстандағы мұнай секторларында жиналған күкірттерді теңіз арқылы экспорттауға ниетті. Бірақ теңіздің тартылуы себепті кемелер қайраңдап қалып жатыр», – дейді директор. 

Өзен портының «екінші тынысы» ашылатын болса, порт басшылығы жеміс-көкөніс сақтайтын қоймалар салуды, «Аты­рау – Астрахан» бағытында жүретін кеме ашуды, осы арқылы туризм бағытында жұ­мыс істеуді жоспарлап отыр. Тіпті, «Қа­ша­ған» кен орнындағы жұмысшыларды порт арқылы тасымалдау да жоспарда бар. 

Шынын айту керек, жүкті өзен порты арқылы тасымалдаудың экономикалық тұрғыда да пайдасы жоғары. Мәселен, Аты­раудағы Өзен порты 2015 жылы Атырау мұ­най өңдеу зауытындағы қайта құру жобасы бойынша ауқымды емес жүктерді қабылдады. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясы, Қарабатандағы NСОС және Атырау жылу электр орталығы жобасы үшін де тасымал жұмыстарын атқарды. Ауыр габаритті жүк­терді су жолымен тасымал­даудың тиім­ділігі сол, бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, оны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Ал ауыр жүк көліктеріне құбыр сияқты ірі көлемді жүктерді сыйдырудың өзі екіталай.

Теңіз тамағын тереңдету жұмыстарының нақты қашан басталатыны белгісіз. Деген­мен сең қозғалды. Атырау өзен порты кең тыныста жұмысын қайта бастады деп сүйін­ші­лейтін күн де алыс емес.

 

Атырау облысы

Баян Жанұзақ