Қазақстан Сенаты ТМД ПАА аясында отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға бастамашы болды.
Жаңа заңға бастамашы болды
728
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында өткен Х БРИКС Парламенттік форумына қатысты. Екі күнге жалғасатын форум аясында халықаралық қатынастар жүйесінің тиімділігін арттыру, көпжақты сауда жү­йе­сін нығайту, жаһандық дағ­дарыстардың салдарына қар­сы тұру мәселелерінде Пар­ламенттердің рөлі, сондай-ақ гу­манитарлық және мәдени са­ла­ларда парламентаралық ын­тымақтастықтың келешегі талқыланып жатыр.

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат біл­діріп, аталған форум әлем елеу­лі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде өтіп жат­қанына назар аударды. Бү­гінде экономикалық және климаттық дағдарыстардың салдарынан геосаяси шиеленіс одан әрі ушығып тұрғаны белгілі. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері осындай жағдайда текетіресті азайту және әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді шешімдер табу маңызды міндет екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасаң дүние­таным стереотиптерін еңсеру және ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық негіздерін нығайту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құруға арналған тың тәсілдер ұсынатын БРИКС сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды белсенді түр­­де қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы сенім дағдарысын еңсеру және халықтар мен мемлекеттер ара­сындағы байланыстарды одан әрі нығайту ісінде пар­ламенттік дипломатияны ба­рынша тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Осы­ған байланысты Мәулен Әшімбаев парламентаралық өзара іс-қимылдың бірқатар негізгі бағытын атап өтті.

Сонымен қатар Палата Спи­кері өз сөзінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде парламентаралық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Ол бұл бағыттағы жұмысты одан әрі арттыру үшін Қазақстанда Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат­тар мен міндеттердің іске асы­рылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылғанын айтты.

«Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог ор­нату үшін арнайы платформа құ­руды ұсынамыз. Мұндай бас­тама БРИКС және ТМД ел­дерінің Парламенттеріне Ор­нық­­ты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың тағы бір перспективалық бағыты – ғылым, жаңа технологиялар мен инновациялар саласы. Бұл сала біздің елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда айрықша мәнге ие және экономикалық өсудің маңызды факторы екені анық», – деді Сенат Төрағасы.

Парламентаралық іс-қимыл­ды жандандыратын келесі бағыт – цифрлық ынтымақтастықты нығайту. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, электрондық коммерция саласындағы заң­наманы жетілдіру бағыттарында депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі және цифрлық бағытты реттеу секторында тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие.

Форум жұмысына Әзербай­жан, Армения, Беларусь, Бра­зилия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Ре­сей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эфиопия және Оңтүстік Африка Парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға ілтипат білдірді.

Сонымен қатар бүгін форум аясында Мәулен Әшімбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық байла­ныстарын дамыту перспективасы және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар «Орталық Азия – 2040» стратегиясын іске асыру ая­сындағы бірлескен жұмыс туралы пікір алмасты.

Одан бөлек, Сенат Спи­кері Иран Мәжілісінің Төра­ғасы Мохаммед-Багер Гали­бафпен кездесіп, екі ел­дің пар­ламентаралық ынтымақ­тастығын нығайту барысына тоқталды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас көптеген салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде өзара сындарлы саяси диалог жолға қойылды, берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Осыған байланысты тараптар екі мемлекеттің Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

Қазақстан Парламенті Се­на­­тының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің оты­рысына да қатысты. Шара ба­рысында Достастық елдерінің депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ТМД ПАА-ның 2023 жылғы жұмысын қорытындылады.

X БРИКС Парламенттік фору­мының екінші күні кеңейтілген форматтағы пленарлық оты­рыс­тың сессиясымен ашылды. Онда қатысушылар көпжақты сауда жүйесінің бөлшектенуіне қарсы іс-қимыл мәселелерін және жаһандық дағдарыстардың салдарынан туындайтын сын-қатерлерді еңсеру кезін­дегі Парламенттердің рө­лін талқылады. Сондай-ақ мә­дени-гуманитарлық сала­да­ғы пар­ламентаралық ынтымақ­тастықты нығайту барысына назар аударды.

Сонымен қатар бұл күні Санкт-Петербургте ТМД Парла­ментаралық Ассамблеясы Кеңе­сінің отырысы өтті. Іс-шарада депутаттар Әзербайжан мен Ре­сейде өткен кезектен тыс пре­зидент сайлауына және Бе­ларусьтағы Парламент сайлауына Ассамблеядан қатысқан бай­қаушылардың жұмыс нәтижелерін қарады. Одан бөлек, Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін Пар­ламент сайлауына дайындық ба­рысы пысықталды.

Кеңес отырысында ТМД-да модельдік заң шығарудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары да қаралды. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Парламентінің Се­наты аталған жоспарға отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы іс-қимыл тура­лы модельдік заң әзірлеуді қосу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстандық сенаторлардың бұл бастамасына ТМД ПАА-дағы әріптестері қолдау білдіріп, біздің мемлекеттің заңнамалық жұмыстағы оң тәжірибесіне назар аударды.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан реттеу және оның алдын алу бағытында Қазақстанның ай­тарлықтай тәжірибесі бар. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл сәуір айында әйелдер мен балалардың құқықтарын қор­ғауды арттыруға арналған заң қабылданды. Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін модельдік заң әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізеді. Аталған модельдік заңды ТМД елдерінің Парламент депутаттары өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады», – деді Сенат Спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев сапар аясыда бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Бүкілқытайлық халық өкіл­дерінің жиналысы Тұрақты ко­митетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен сұхбат кезінде Палата Төрағасы Қазақстан-Қытай қа­рым-қатынасын жоғары бағалап, екі елдің байланысына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жа­қында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және оның Астанадағы ШЫҰ саммитіне қатысуы тың серпін бергенін айтты. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшылары қол қойған бірлескен мәлімдеме жан-жақты стратегиялық серік­тестікті одан әрі нығайта түсті.

Сонымен бірге Сенат Спикері Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Онда Мәулен Әшімбаев Х БРИКС Парламенттік форумы халықаралық деңгейде маңызды бастамаларды ілгерілетуге ық­пал ететініне сенім білдірді. Та­раптар екі мемлекеттің қа­рым-қатынасы барлық бағыт бойынша серпінді дамып келе жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ғылым, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, білім беру және өңіраралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жобаларды әрі қарай арттыруға мүдделі екендерін танытты.

Үндістан Халық палатасының Спикері Ом Бирламен кездесу барысында мемлекеттер арасын­дағы берік экономикалық және мәдени байланыстар, сон­дай-ақ парламентаралық ынты­мақтастықты жандандыру мәсе­лелері сөз болды. Одан бөлек, сұхбаттасушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында рухани дипло­матияны дамыту барысына тоқ­талды.

Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші­нің Төрағасы Нұрланбек Шаки­ев­пен де кездесті. Диалог кезін­де бауырлас халықтар арасын­дағы қарым-қатынастың жан-жақты сипатына баса мән берілді. Сенат Төрағасы мұн­дай тығыз ынтымақтастық мемлекет басшыларының өзара сенім мен достыққа негізделген байланысының нәтижесі екенін, бұл екіжақты байланыстарға маңызды серпін бергенін айтты. Кездесу кезінде тараптар ТүркПА аясындағы ынтымақтастық пен ортақ міндеттерге және Ас­самблеяның Өзбекстанда өтетін алдағы отырысына да назар ау­дарды.